Маңғыстауда жобаларды қарастыру бойынша үйлестіру кеңесі 5,6 млрд. теңгені құрайтын 83 жобаны мақұлдады

ҚазАқпарат - Жыл басынан бері «Бизнестің жол картасы-2020», «Шағын қалаларды 2012-2020 жылдар аралығында дамыту» және «Жаңаөзен қаласында 2012-2014 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың арнайы жоспары» мемлекеттік бағдарламаларының аясындағы жобаларды қарастыру бойынша үйлестіру кеңесі жалпы сомасы 5,6 млрд. теңгені құрайтын 83 жобаны мақұлдады. «Жобалардың жалпы санының жартысынан көбі «БЖК-2020» бағдарламасына қатысты - бұл жалпы сомасы 4 млрд 158,9 млн теңгені құрайтын 47 жоба. Облыстың бүгінде даму қарқынын түсіну үшін, бұл мәліметтерді өткен жылдың көрсеткіштерімен салыстыру керек, онда 2013 жыл бойынша аталған бағдарламамен жалпы сомасы 3 млрд 172,3 млн теңгені құраған 41 жоба мақұлданды. «Моноқалаларды 2012-2020 жылдары аралығында дамыту» бағдарламасы бойынша 83 жобаның 22-cі мақұлданған. Жалпы сомасы 1 млрд 178,8 млн теңгені құрайды. Өткен жылы аталған бағдарлама бойынша жалпы сомасы 452,7 млн теңге болған 9 жоба мақұлданды. Қалған 14 жоба (339,2 млн теңге) «Жаңаөзен қаласында 2012-2014 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың арнайы жоспарына» қатысты», - деп атап өтті Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының м.а. Венера Мұстапаева. Оның айтуынша, 2014 жылы үш бағдарлама бойынша жалпы сомасы 723,9 млн теңгеге 215 шағын несие берілді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 57 пайызға көп.