шағын және орта бизнес субъектілерінен келіп түсетін салық төлемдерінің көлемі 180 млрд. теңгені құраған

Маңғыстау облысындағы ШОБ өкілдерінің саны өсіп жатыр. Бұл туралы «Табыс-2014» облыстық тауарлар мен жергілікті кәсіпкерлер көрсетіп отырған қызметтер көрме-жәрмеңкесінің барысында белгілі болды.

«Шағын және орта бизнесте белсенді қызмет атқарып жүрген азаматтардың саны өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 3,1 пайызға өсіп, 96 920 адамды құрады, соның ішінде шағын кәсіпкерліктің заңды тұлғалары  - 31 622 адам. Облыста экономикалық белсенді тұрғындардың жалпы санынан шағын және орта бизнесте қызмет етіп жүрген азаматтардың үлесі 34,5 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш те өсу үстінде. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 292,5 млрд. теңге сомасына өнім (тауар, жұмыстар мен қызмет түрлері) шығарды, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 9,3 пайызға көп», - деп атап өтті кездесуде Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Шолпан Ильмуханбетова.

Оның айтуынша, шағын және орта бизнес субъектілерінен келіп түсетін салық төлемдерінің көлемі 180 млрд. теңгені құраған, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 14,3 пайызға көп.

Қазақпарат.