Ақтау халықаралық порты солтүстік бағдарға 22 гектарға ұлғаяды

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте белгілі болды. «Біз үшін маңызды жоба Ақтау теңіз портын солтүстік бағытта кеңейтуге байланысты. Бұл жоба жүзеге асырылуда. Желтоқсанда оның бірінші кезеңін тапсыруды жоспарлап отырмыз. Нақтырақ айтқанда, Ақтау портын солтүстік бағытында кеңейту үш терминалдың құрылысын қамтып отыр. Оның бірі біздің экспорттық өнімді, яғни астықты қайта өңдеуге жабдықталады. Осы орайда тиісті жүкті ауыстырып тиеу, сақтау базасы салынады. Сондай-ақ екі терминал өзге жүктер мен контейнерлерге негізделеді», - деді «ҚТЖ» ҰК» АҚ Логистика жөніндегі вице-президенті Қанат Алпысбаев. Ақтау халықаралық порты солтүстік бағдарға 22 гектарға ұлғаяды. Осы арқылы порттың аумағы 67 гектарға детіп, астық терминалы 60 тоннаға, контейнерлік алаң қоймасы 30 мың тоннаға жеткізіледі. Бұл жоба арқылы оның қуаттылығы басты жүктер үшін екі есеге, астық өнімдеріне үш есеге артады. Оның сөзіне қарағанда, осы бағытта кеңейту нәтижесі Ақтау портында өңдеу көлемін 2,5 млн. тоннаға арттырып, жалпы көлемді 19 млн. тоннаға жеткізеді. Инвестицияның жалпы құны 38 млрд. теңгеге бағаланып отыр. Дереккөзі - қазақпарат.