«Жалдамалы үйлердің қолжетімділігін арттыру, үш ауысымды мектептер мәселесін шешу, көлік жолдарын жетілдіру - көптің көкейіндегі мәселе»

ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың дәстүрлі Жолдаулары секілді биылғы Жолдауы да елдік мұратты, елдік мақсатты діттеген салиқалы саясаттың жемісі. Еліміздің дамуының басым бағыттарын саралап, кезек күттірмей жасалуға тиіс жұмыстарды айқындаған «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауын барша қазақстандықтар жоғары бағалайды деп сенемін, деген пікір келтіреді Маңғыстау облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрбек Қарасаев "Егемен Қазақстан" газетінде жарық көрген мақаласында. Соңғы жылдары ел Президенті отандық тауар өндірушілер мен қызмет берушілерге қолдауды күшейтіп, Қазақстанның индус­триялық дамуын басты мақсат ретінде айтып келеді. Бұл - мемлекеттік және салалық бағдар­­­ламалар аясында мемле­кеттік қолдаудың әртүрлі құралдарын қолдану арқылы ірі компаниялар мен ұлттық компаниялардың экспорттық өнімдерін арттыруға бағытталған жұмыстар. Елбасының «Нұрлы Жол - болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауын игі истердің пәрменді жалғасы деп түсінуге болады. Қазақстан әлемде орын алып отырған кейбір қиыншылықтардан тыс қала алмайтыны анық. Осы тұрғыдан Қазақстан елінің таңдаған жолы, болашақ жолы нұрлы болуы біз үшін де, келешек ұрпақ үшін де ең басты қажеттілік, ал Мемлекет басшысының Қазақстанды осы жолға бастауы - сындарлы саясат. Қазақстан әртүрлі әлемдік дағдарыстардан аман өтіп, индустриялы мемлекетке айналып қана қоймай, өркендеу, даму жолдарын қарастыру қажет. Облысымыздағы бірқатар мекемелердің, атап айтсам өңдеу өнеркәсібінің 300-дей ірі, орта және шағын кәсіпорындары, тау-кен өндіру өнеркәсібі саласында техникалық қызмет көрсететін 100-ден астам кәсіпорын, 1266 құрылыс кәсіпорны, көлік және жинақтаумен айналысатын 442 субъект пен экономикалық қызметтің басқа саласында бір­қатар ұйымдарының өнімдерін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға осы Жолдау бағдар болуы тиіс деп ойлаймын. Сонымен бірге, биылғы Жол­дауда айтылған мұнай саласынан түскен қаражаттың Ұлттық қорда жинақталып, бүгінгі күні экономиканы қолдауға бағытталып отырғаны, атап айтқанда, көлік, энергетика, индустриялық және әлеуметтік инфрақұрылымдарды, шағын және орта бизнесті қолдауға жыл басынан 1 триллион теңге қаражаттың бөлінгені ерекше стратегиялық саясат деп түсінуіміз қажет. Оның үстіне, қосымша 100 миллиард теңгенің осы мақсаттарға бөлінуі игі іс. Осының нәтижесінде об­лы­сымыздың «Даму» қоры арқы­лы бірқатар шағын және орта бизнес өкілдері қаржылай көмекке ие болды. Өңдеу өнеркәсібін дамыту мүмкіндігі туды. Оның үстіне, инфрақұрылымдық даму жоспарының екінші бес­­­жылдыққа арналған Индус­­­­­трия­лық-инновациялық даму бағдар­­­ламасымен қоса, іске асырылу мүмкіндігі, облыс­­­­­тар­дың логистикалық мүмкіндік­­­терінің ұлғаюы, теңіз инфра­­­құрылымдарының дамуы Маң­ғыстау өңірі үшін ерекше басым бағыттар. Сатып алу құқымен жалдамалы үйлердің қолжетімділігін арттыру, апаттық және үш ауысымды мектептерді ретке келтіру, балабақша мәселесін шешу, Қа­зақстанның барлық облыстарын қосатын көлік жолдарын жетілді­ру - барша отандастарымыздың көптен күткен көкейіндегі жайттар. Жолдаудың жүгі жеңіл емес, бірақ қажетті жүк. Ал қажетті жүктің жолында жұмылып, бір кісідей қызмет етуіміз керек. Нұрбек ҚАРАСАЕВ, Маңғыстау облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары