Маңғыстауда тағы 34 бала бақша салу мәселесі көтерілді

Бүгінгі таңда  202 мектепке дейінгі білім беру мекемесі бар Маңғыстау облысында тағы 34 балабақша салу бастамасы көтерілді. Оны Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев облыстық мәслихаттың ХХ сессиясында хабарлады. «Өткен жылы 17 балабақшаның құрылысы үшін толық көлемде қаржы бөлінді, 9 балабақшаның құрылысын биылғы жылы аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған болатын. Алайда 4 нысан конкурстық процедуралардың уақытында өткізілмеуіне, мердігер ұйымдардың өздеріне жүктелген міндеттерді орындамауына байланысты келесі жылға қалып отыр. Ол Түпқараған ауданындағы 190 орындық 2 балабақша мен Мұнайлы ауданындағы 560 орындық 2 балабақша», - деді А.Айдарбаев. Әкімнің  сөзіне қарағанда, 2015 жылға арналған жаңа жобалармен де түйтілді мәселелер бар. Ағымдағы жылы аудандар мен қалалар әкімдіктеріне тағы 17 балабақшаның құрылысы үшін жобалық-сметалық құжаттарды алу үшін қаржы бөлінді. Алайда жобалардың дайындығы төмен. «2 балабақшаның жобалық-сметалық құжаттары  2015 жылдың бюджетіне тек Маңғыстау ауданы бойынша ғана енгізілді. Балалар бақшасына сұраныс жоғары.  Ақтауда бір де бір жоба дайын емес. Балалар бақшасын салу үшін жеке инвесторларға жер учаскелері бөлінбейді», - деп атап өтті әкім. Сонымен бірге, оның сөзіне қарағанда, жобалау-сметалық құжат дайындауға бюджеттен 2 млрд. теңгеден астам қаржы қарастырылған.