Маңғыстау 2020-ға дейін толықтай сумен қамтылады

Маңғыстау облысы 2020 жылға дейiн толықтай сумен қамтылады. Оны Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте Маңғыстау облысының әкiмi Алик Айдарбаев айтты. «Су облыста тапшы. Бiз қазiр 100 мың текше метр суды тұшытып келемiз. Су құбыр арқылы Едiл өзенiнен тасымалданады. Мысалы, 100 мың текше метр бiз өндiремiз, 40 мың текше метр су әлi жетiспейдi. Кейбiр елдi мекендерге су кестемен берiлуiнiң себебi осында жатыр. Егер ештеңе қолға алмасақ, су тапшылығы 70 мың текше метрге дейiн өседi», - деп атап өттi өңiр басшысы. Оның айтуынша, облыста осыған байланысты «Каспий» су тұшыту зауыты салынған.  Оның қуаттылығы 40 мың текше метр су тазартуға жетедi. «Болашақта 70 мың текше метр су қажеттiлiктiң 40 мыңын бiз осылайша жаппақпыз. Сонымен қатар облыс әкiмдiгi «Астрахань-Маңғышлақ» су тасымалының иесi «ҚазТрансОйл» компаниясымен келiсiм жасады. Олар технологияларды жаңғырту арқылы оның қуатын 15-20 мың текше метрге ұлғайтады. Ақтаудағы бiздiң су тазарту компаниясы да өз қуатын арттыратын болады, осылайша бiз 2020 жылға дейiн су тапшылығын жоямыз. Сонымен қатар орталықтандырылған су жүйесiмен қалалардың 100 пайызы, ауылдардың 80 пайызы қамтылады», - дедi әкiм. Оның айтуына қарағанда, облыс әкiмдiгi оған қажеттi жобалардың тiзiмi мен қажетті қаражат көлемін анықтады. «Жобаларды iске асыру үшiн жылына бiзге 10 млрд. теңге қажет. Оған қоса, қазiрден бастап, кезең-кезеңiмен жобалық-сметалық құжаттамасын жасаудамыз. Биыл 4 млрд. теңге жұмсалды. Келесi жылы 5-6 млрд. теңге кетедi деп жоспарлануда. Жалпы «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында 60 млрд. теңге бөлiнедi. Сондықтан 2020 жылға дейiн бұл мәселе шешiмiн табады», - деп түйдi сөзiн А. Айдарбаев.