Маңғыстау президент тапсырмаларын орындауға дайын, - Алик Айдарбаев

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев осылай деді. «Жақында Елбасы еліміз үшін тарихи мәні бар Жолдауын жария етті. Онда Президент сыртқы нарықтағы жағымсыз құбылыстарды, энергия тасымалдаушылар бағасының құбылмалылығын ескере отырып, «Нұрлы жол» атты жаңа экономикалық саясаттың негіз қалыптастырушы идеяларын паш етті. Біз осыған байланысты қолданыстағы және келешекте қабылданатын бағдарламаларды Елбасы айқындаған қадамдармен сәйкестендіруге тиіспіз. Бұл ретте Маңғыстау облысы Президент тапсырмасын орындауға әзіре екенін айтқым келеді», - деді өңір басшысы. Оның айтуынша, бүгінгі күні Маңғыстау облысының экономикасы белгіленген параметр аясында дамып келеді. Бұған облыстың ағымдағы жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері айқын дәлел. «Нақты мысал келтірейік, 2013 жылы Маңғыстау обылысының жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көрсеткіші 22 мың долларды құраған. Осы көрсеткіш бойынша біз республикамызда төртінші орында тұрған болатынбыз. Ал 2014 жылдың қорытындысына сәйкес, өңірдегі ішкі жалпы өнімде 5 пайыз деңгейінде өсім болжанады, бұл Үкіметтің болжамына сай келеді», - деді А.Айдарбаев.