Маңғыстаудың кәсіпкерлері марапатталды

«Маңғыстау облысының үздiк кәсiпкерлерi» облыстық конкурсы өткiзiледi. Бұл туралы Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасынан хабарлады, делінген облыс әкімдігінің ресми сайтында. Конкурсқа шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi Қазақстан резидентi болып табылатын жеке және заңды тұлғалар (жарғылық капиталында мемлекет қатыспайтын), сонымен қатар кәсiпкерлiктiң дамуына үлес қосып отырған жеке тұлғалар және коммерциялық емес ұйымдар қатыстырылуда. Конкурс «Жылдың үздік кәсіпкері», «Ауыл шаруашылық саласындағы үздік кәсіпкер», «Сауда саласындағы үздік кәсіпкер», «Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпкер», «Халықтық қолөнер саласындағы үздік кәсіпкер» аталымдары бойынша өткізілмек. Сондай-ақ «Үздік әйел кәсіпкер», «Өндіріс саласындағы үздік кәсіпкер», «Қонақ үй бизнесі саласындағы үздік кәсіпкер», «Үздік жас кәсіпкер», «Азық-түлік өндіру саласындағы үздік кәсіпкер» анықталады. «2014 жылдың үздік бизнес-идеясы», «Білім саласындағы үздік кәсіпкер», «Денсаулық саласындағы үздік кәсіпкер», «Мейрамхана бизнесі саласындағы үздік кәсіпкер»,«Мүмкіндіктері шектелген тұлғалар арасындағы жылдың үздік кәсіпкері» номинациялары да қарастырылған.