Маңғыстаудағы ауыл әкімдері Еуропа менеджментін үйреніп жүр

Еуропалық Одақтың «Қазақстанның өңірлік дамуы» жобасы Маңғыстау облысының аудандық маңыздағы қалалардың, кенттер, ауылдар мен ауылдық округ әкімдерінің біліктілігін арттыру бағдарламасын жалғастыруда. Бұл туралы ҚР-дағы ЕО өкілдігінің баспасөз қызметінен хабарланды. 7 қарашада өткен семинарда тиімді менеджменттің негізгі аспектілері қаралды. «Оқыту мақсаты - Маңғыстау облысындағы ауыл әкімдерінің басқару қызметінің тиімділігін арттыру. Семинарда әкімдер көшбасшылықтың негізгі қағидаттарымен танысты, ұйымдастырушылық мәдениеттің ұйым қызметіне тигізетін әсерін талқылады, жұмыс орнында күйзелістің туындау себептерін және оны жою амалдарын, уақытты тиімді пайдалану туралы мол мағлұмат алды», - делінген хабарламада. Семинарды «Қазақстанның өңірлік дамуы» жобасының халықаралық сарапшылары Гарри Лист (Нидерланды) және Барри Кондрон (Ирландия) өткізді. Ауыл әкімдерінің біліктілігін арттыру 2012 жылы 28 қарашада ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыруға септеседі. Дереккөзі - қазақпарат.