Ақтауда еңбек жәрмеңкесі өтті

Ақтау қаласында «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберінде Маңғыстау облыстық және Ақтау қалалық әкімдіктері, «ЭКО Маңғыстау» үкіметтік емес ұйымы жанындағы жастарды жұмыспен қамту жөніндегі жастар орталығы мен «Жұмыс Ақтауда» жобасының ұйымдастыруымен «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өтті. Бұл туралы Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Жәрмеңкеге 31 жұмыс беруші өкілдері қатысып, 287 бос жұмыс орындарын ұсынды. Бос орындар физика, математика, химия пәні мұғалімдері, тәрбиеші, сурдоаудармашы, дәрігер, инженерлер, сондай-ақ, жоғары дәрежелі жұмысшы мамандар бойынша ұсынылды. Жәрмеңкеге жұмыс іздеуген немесе жұмысын ауыстырғысы келген 500-ге жуық жұмыссыз азаматтарр қатысты. «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша шағын несие алып, өз ісін ашу жолдары туралы, кәсіби даярлау мен қайта даярлау, жастар тәжірибесін және әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру туралы Ақтау қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандары кеңес берді. Жұмыс берушілер жәрмеңкеге қатысушыларға өз кәсіпорындарын таныстырып, жұмысқа қабылдау жағдайлары туралы айтып өтті. Жұмыссыздар қосымша сұхбатқа шақырылып, кейбір бөлігі жұмысқа орналасатын болады. Ал, Ақтау қалалық жұмыспен қамту орталығы олардың әрі қарай жұмысқа орналасуын қадағалайды. Жәрмеңкенің нәтижесінде мекемелер қатысушылардан 1940 түйіндеме жинады, 318 адамға кеңес берді, 94 адам сұхбатқа шақырылды. Дереккөзі - қазақпарат.