Конференцияда жұмыссыздықты азайту талқыланды

0
840

Бұл күндері облысымызда жүзеге асырылып жатқан «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы жұмыссыздықты азайтуға зор ықпалын тигізіп жатыр. Жалпы өзге облыстарға қарағанда Маңғыстау облысында, әсіресе, Жаңаөзен қаласында жұмыссыздық мәселесінің баяу шешілуі көшіп-келушілер ағынының толастамай отырғанымен тығыз байланысты.

Осы және басқа да тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуда қолға алынып жатқан жұмыстар сейсенбі күні облыстық әкімдікте саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың қатысуымен «Қазақстанның әлеуметтік дамуының проблемалары мен болашағы.  Маңғыстау тәжірибесі » тақырыбында өткен кездесу барысында жан-жақты талқыланды.

Кездесуде Маңғыстау облысы  әкімінің орынбасары Рахымбек Әміржанов халықты жұмыспен қамту мақсатында өлкеге инвестиция тартуға көп көңіл бөлініп жатқандығын айтты. Мәселен, үстіміздегі жылдың бірінші жарты жылында өткен жылмен салыстырғанда инвестиция көлемі 23%-ға өсіп, 215 млрд. теңгені құраған. Инвестиция көлемі жан басына шаққанда 1 жарым мың АҚШ долларына  жетіп, облысымыз еліміз бойынша екінші орынға көтерілген.  Елбасының өңірлерге шетелдік инвестициялар тарту мен технологияларды жетілдіру жұмыстарын күшейту туралы тапсырмасын орындау мақсатында 31 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл жобаларды жүзеге асыру кезінде 6 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

– Шетпе селосында 400 адамды жұмыспен қамтитын цемент өндіретін «Каспий Цемент» зауыты іске қосылды. Еліміздегі ең қымбат үйлер Ақтау қаласында екені белгілі. Себебі, барлық құрылыс материалдары сырттан әкелінеді. Зауыттың іске қосылуы енді тұрғын үйлердің бағасын төмендетуге мүмкіндік туғызады. Президентіміз халыққа арнаған Жолдауында Қазақстан тұрғындарының басым көпшілігі үшін тұрғын үйдің бағасын қолжетімді ету міндетін алға қойып отыр. Зауыт осы міндетті орындаудың берік механизмі болып табылады, – деп атап өтті Рахымбек Маршалұлы.

Сонымен қатар, ол «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында инвестиция тарту мен жаңа өндірістер ашу жұмыстарының жалғасып жатқанын, аймақ құрылғаннан бері оның аумағында 5 жоба жүзеге асырылып, 19 жоба жүзеге асырылу үстінде екенін айтты.

– Жалпы өңірде болашақта 7-8 мың жұмыс орны ашылады. 10-15 жылдан кейін бұл сан 20-25 мыңды құрайтын болады. Ол көбінесе теңізде мұнай кен орындарын игерумен тығыз байланысты, – деді ол.

Р.Әміржанов жастар арасында жұмыссыздықтың орын алуына олардың көпшілігінің мұнайгаз саласына жұмысқа барғысы келетіндігімен, алайда барлығына бірдей мұнайшы мамандығы табыла бермейтіндігімен байланысты екендігін, қазір облыста жастарды басқа салаларға әсіресе, кәсіпкерлікке тарту жұмыстары жүріп жатқанын айтты.

Кездесуде сонымен қатар, облысымыздағы жоғары және арнаулы оқу орындарының сұраныстан артық мұнайшы мамандарын көптеп дайындайтыны, соның кесірінен олардың барлығын жұмыспен қамтудың мүмкін еместігі, сондықтан болашақта мамандарды жоспарлы түрде сапалы дайындау қажеттігі, студенттерді өндірістік практикадан өткізу мәселесін жолға қою жайы сөз болды.

Еркеш Нәрембаева, Маңғыстаудан. 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз