Аймақта 46 жоба іске қосылады

Өңірде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 46 жоба іске қосылмақ. Аталмыш жобалар жүзеге асса, 432 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл жайында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының міндетін атқарушы Венера Мұстапаева журналистермен кездесуінде мәлім етті. Ағымдағы жылы Маңғыстау облысына «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 1 816 617 000 теңге қаржы бөлінген. Оның-96,6% толықтай игерілген. Инвестициялық жобалардың жартысынан астамы аудандардың еншісіне тиесілі. Қалған бөлігі облыс орталығында іске асырылмақ. Бағдарлама аясында алдағы уақытта Шетпе селосында нан өнімдерін шығаратын цех іске қосылса, Маңғыстау ауданында жалюзи және эксклюзивті киімдер шығаратын цех іске қосылмақ. Сондай-ақ, Түпқараған ауданында жиһаз өнімдерін дайындайтын цех жұмысын бастамақ. Ал, Қарақияда құс фабрикасы мен тоқыма өнеркәсібі және шағын кондитерлік цех жанданбақ. Мұнайлы ауданында заманауи талаптарға сай көлік жөндейтін және техникалық қызмет көрсету орталығы және Бейнеуде мектеп оқушыларына арналған барлық пәндер бойынша қосымша дайындау орталығы жұмысын бастамақ. Осылайша, Маңғыстау облысы бағдарламаны жүзеге асыру ісінде көшбасшы аймақтар қатарынан көрінбек. ««Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдауға ие болып отырған кәсіпкерлердің саны күн сайын артуда. Бизнестің жаңа бағытын іске асыру арқылы облыс орталығы Ақтау қаласында Батыс аймақта теңдесі жоқ, заманауи медициналық және емдеу-сауықтыру орталығын ашу жоспарлануда. Осылайша, облыста «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберіндегі жобалар бойынша 432 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр»,-дейді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының міндетін атқарушы Венера Мұстапаева. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы аясында кәсіп ашуды қолға алған ауылдық азаматтарға 200 млн.теңге шағын несиелер берілген. Соның нәтижесінде 131 жұмыс орны құрылған. «Ауыл тұрғындарының «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасына қатысуы-олардың өз ісін ашуға және кеңейтуге, әл-ауқатын көтеруге өте тиімді серпін берді. Еліміздегі жұмыссыздар санын азайту жолындағы түйткілді түйіндерді шешетін мұндай бағдарламаларға кәсібін өркендеткісі келетін әрбір азаматтың белсене қатысып, мемлекетіміздің жасап берген қамқорлығын тиімді пайдалануға ұмтылғаны жөн»,-дейді В.Мұстапаева. Венера Мирлан, Маңғыстаудан