Жұмыссыздық - нарықтық экономиканың бір көрінісі
2014 ж. 02 қараша
1868
0
Сөз жоқ, ел-елде, жер-жерде жұмыссыздық деген қоғамдық-әлеуметтік күрделі мәселе бар. Жер-жаһанға үңіліп қарасаңыз да, өркениетті елдердің өзінде жұмыс таппай сеңдей соғылысып жүргендер аз емес. Бұл бүкілғаламдық тенденция. Өйткені, жұмыссыздық – нарықтық экономиканың бір көрінісі.
Әрине, жақсы жұмыс – бұл да бір ырыс. Бірақ, жақсы жұмысқа қол жеткізу үшін де жоғары білім, мейлі орта кәсіби білім болсын, көп оқып, ізденіп, өмірде, өндірісте мол тәжірибе жиып барып қана жетістікке, жеңіске жете аласың. Терең білімді, кәсіби білікті адамға қайда да сұраныс бар.
Жұмыссыздық тәрізді әлеуметтік ахуалға орай мемлекеттің қолдау көрсетуі заңды құбылыс. Ел тұрғындары жұмыссыздық пайызының азаюы айналып келгенде ел дәулетінің артып, әрбір шаңырақтың шаттыққа бөленгенін айғақтар еді.
Менің бір байқағаным, облыс басшысы А.Айдарбаев қалың бұқараның, оның ішінде мұнайшылардың, әсіресе жастардың жұмыссыз қалмауына мейлінше мән береді, аймақта әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға, жұмыссыздық проблемасының сейілуіне ерекше назар аударып отыр. Тіпті осы мәселеге орай қолдан келген көмегін жасап, кем дегенде әр отбасында бір асыраушысының болуына күш салады.
Ал шынтуайттап келгенде, әрбір адамға жұмыс тауып беру билік органдарының тікелей міндетіне жатпайды. Мен өңірдегі осынау аса шетін мәселеге орай облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Г.Қалмұратовамен біраз уақыт әңгімелесіп, жұмыссыздықтың себеп-салдарына терең бойлауға тырыстым.
– Шынына келгенде,-деді Гүлмира Мұратқызы, - елімізде қолға алынып жатқан барлықмемлекеттік бағдарламалар мен шаралардың қай-қайсысы даэкономикалық өсімді, индустриалдық-инновациялық дамуды, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартудыкөздейтіні анық. Мысалға, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын алып қараңызшы. Бұл арқылы әркімнің өзінің шығармашылығын, қолынан келетін кәсібін дамытуына толық жол ашылып отыр. Тегінде такси айдасаң да, бұл да жұмыс.
Жалпы Г.Қалмұратованың айтуынша, жұмыссыздық дегеннің өзі бірнеше түрге бөлінеді екен. Мәселен, сонау өткен ғасырдың 90-жылдарындағы бұрынғы Одақ күйреп, экономикалық тіндер ажыраған кезде көптеген мекеме, кәсіпорындар жұмысын тоқтатты. Жаппай жұмыссыздық белең алды. Бұл – өз алдына басқа мәселе.
Ал бүгінгі Маңғыстаудағы жұмыссыздықтың жайына келсек, бұл халықтың жаппай жоғары жалақы мен оңды еңбек жағдайларына деген ұмтылысынан туындап отырған фактор. Мәселен, отбасында ата-аналар балаларын жаппай мұнай саласына оқытады. Сондықтан жоғары білім алса да, егер жұмыс табылса, оператор болыпжұмыс жасауға да әзір. Әрине, жұмыс табылса... Бұрындары құрылыс салаларында сыршы-сылақшы деген мамандықтарды әйел адамдар атқарған болса, бүгінде ондай жандарды таба алмайсың. Сондықтан сырттан ағылып келетін арзан жұмыс күштеріне тәуелділік орнайды да, әлгі айтқандай құрылыс, қызмет көрсету, сауда-саттық, өңдеу өндірісі, пайдалы қазбаларды өндіру, мейманханалар мен мейрамханалар, денсаулық сақтау секілді салаларда жұмыс күші жетісе бермейді.
Оның үстіне, Құдайға шүкір деп айтайық, Маңғыстау өңірінде халықтың табиғи өсімі күшті, еңбек нарығындағы халықтың экономикалық белсенді халық саны да өте жоғары.
Гүлмира Мұратқызы, айталық кәсіби білікті дәнекерлеушілер, автокраншілер, т.б. жоғары жалақылы жұмысшы мамандықтарына сұраныстың көп екендігін, сондай-ақ білімді маман тестіге қатысып жеңіске жете алатынын алға тартады. «Маған жұмыс сұрап бір бойжеткен келді,- дейді ол. -Алматыдан КИМЭП бітіріпті. Мен оның бірден жақсы жолға түсуіне кеңес бердім. Ол менің ақылымды алып, әуелі мемлекеттік қызметке барды, бір жылдан кейін мамандығы бойынша өз қабілет-қарымымен орналасып кетті».
Жұмыспен қамту саласының бас үйлестірушісі жалпы алғанда көп мәселе жұмыс берушілерге байланысты екендігін атап өтті. Жұмыс берушілердің еңбек нарығынан тыс қалмай, оқу орындарына алдын ала барып шарт жасасып, өздерінде бар озық технологияларды жеткізіп, оқытып-үйретіп, бітіргеннен кейін түлектерді өздеріне жұмысқа алуы қажеттігін өте маңызды мәселе санайды.
Және де ол маңғыстаулықтар жұмыс жасамайды деген ұғымға келіспейтінін білдірді. Әрі дүрбелең туғызатындай да ештеңе жоқ. Күні кеше ғана шетелдік сарапшылар тобы аймағымыздағы жұмыссыздыққа байланысты талдау жасапты. Бірақ, біздегі жағдай орнықты, бірқалыпты екендігі айқындалған. Әрине, мұнай бағасының төмендеуі, Қашаған кенорны игерілуінің кейінге шегерілуі еліміз бойынша сәл қиындық тудыруда.
– Әлбетте, жұмыссыздықты түбегейлі шешу мүлде мүмкін емес. Басқа өңірлерден оралмандар ағылып келіп жатыр, сәбилер дүниеге келуде, ұрпақ өсуде. Әйткенмен, облыс басшылығы қолдан келген көмектің бәрін жасауда. Жергілікті жерде қолға алынған «Жаңа серпін» бағдарламасы аймақтағы жұмыссыздық шиеленісін шешуге бағышталып отыр. Құрықта Ерсай оқу орталығы, Ақтаудағы тренинг-орталығында, Жаңаөзен, Жетібай, Қарақия елді мекендерінен көптеген жастар кәсіби білім алуда. Осы таяу күндері ғана Жаңаөзенде мұнай қалдықтарын тазартуға 70 жұмыссыз адам тартылуда. «Екі қолға бір күрек» дегендей, осының бәрі жұмыс емес пе?
Әрине, ел, қоғам болғасын арызданушылар, тіпті ұсынған жұмыстан бас тартып, шама-шарыққа, парасат-парыққа қарамай кететін ағайындар да кездеспей тұрмайды. Мен аудандар мен қалалардың әкімдіктері ұсынған түрлі жұмыстардың тізбесіне көз салдым. Міне, керемет! Бастықтың орны мен аса жоғары жалақылы болмағанымен отбасын, бала-шағасын асырауға, тірлік жасауға, нәпақа айыруға жарап қалатындай жұмыстар жоқ емес, баршылық. Ұсынылған жұмыстан бас тартушылардың тізімі де сала-құлаш екен. Бұл не сонда? Асылы, үйде жатып алып «маған жұмыс тауып бер» деп кергудің өзі де дұрыс емес. Мен тағы да алдымдағы тізімге қарадым: А.Латипов,Ж.Тульсиков, Д.Смағұлов, М.Қайранов, Қ.Айтниязов, Б.Олжас,Е.Мұқанов, Б.Нұралханов, Ж.Нұрбергенов, О.Аманов, Ж.Атанқұлов, Қ.Дүйсенов, О.Бисенов деп жалғасыпкете береді екен. Бұлар өздерін жұмыссыз санайтындар және ұсынған жұмысқа бармағандардың бір парасы ғана немесе оқып жүрген жерінен түрлі себептермен оқудан шығарылғандары да бар... Г.Қалмұратованың айтуынша,Маңғыстау, Қарақия аудандарында «Жол картасы» бойынша түрлі жөндеу немесе әлеуметтік жұмыстарға тартайын десең, мүлде адам табылмайды екен.
Ғалым Әріп, Маңғыстаудан.