Жобалық қуаты – 1 миллион тонна мұнай өңдеуге арналған зауыт

Жуырда Ақтау битум зауыты басшылығы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосып, Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриалды-инновациялық даму Мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды. Ақтау битум зауыты өткен жылдың желтоқсан айында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен өткен индустриаландыру күні іске қосылғаны белгілі. Ағымдағы жылдың 1-қазанында Елбасы Маңғыстау облысында болған сапарында да еліміз экономикасының өрге басуына елеулі үлес қосар жаңа өндіріс орнына арнайы тоқтап, жұмыс барысымен танысып, тың міндеттер жүктеген болатын. Журналистермен кездесуде Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде жүзеге асып жатқан шаруалар жайында жан-жақты сөз болды. 2007 жылы зауыт құрылысы жөнінде шешім алынды. 2009 жылы отандық «ҚазМұнайГаз» бен қытайлық «Сити» компаниясы арасында «КаспийБитум» БК ЖШС құру жөнінде меморандумға қол қойылды. Міне, содан бергі қысқа мерзім ішінде айналасы атшаптырым алаңда зәулім құрылыс бой көтеріп үлгеріп, толық қуатында жұмыс істей бастады. – Зауытқа Қытай жағынан 232 миллион, отандық жеке кәсіпорындардан 58 миллион АҚШ доллары көлемінде қаражат жұмсалды. Мұнда 11 шақырым жерден тартылып, құбыр арқылы жеткізіліп отырған «Қаражанбасмұнай» кен орнының тұтқырлығы жоғары мұнайы өңделеді,-дейді «КаспийБитум» БК ЖШС бас директорының бірінші орынбасары А.В.Арестов. – Жобалық қуаты – 1 миллион тонна мұнай өңдеуге арналған кәсіпорында қазір күніне 120 тонна битум шығарылуда. Жылына 300 мың тонна тотыққан, күнделікті пайдаланатын қарапайым битум және 120 тонна полимерлі-модификацияланған, жоғары сапалы битум өндіріледі. Мекеме басшысы Ақтау битум зауытының еліміздегі өзге кәсіпорындардан артықшылығы  ретінде озық технологиялармен жабдықталуы арқасында жоғары сапалы битум шығара алатындығын мысалға келтірді. Негізінен республикалық маңызды жолдарға, әуежай құрылысына пайдалануға арналған, ыстық-суыққа төзімді битумның бұл түрі жолдың сапасын жақсартып ғана қоймайды, жол төсенішінің  қызмет ету мерзімін 1,5-2 есеге арттырады. Қазіргі таңда халықаралық стандарт талаптарына сай Ақтау битумы «Батыс-Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік трассасы, «Астана-Павлодар», «Астана-Теміртау», «Шымкент-Қызылорда», «Атырау- Ақтау» секілді республикалық маңызы бар көлік жолдары үшін қолданылуда. Тамашалап, қызықтап тұрмыз. Азғана адам атанға жүк боларлық шаруаны дөңгелетіп жатыр. Пештен еріп, ыстық күйінде арнайы қаптарға құйылған битум қоймаларға жіберіліп, әбден салқындатылып, текшеленіп, жиналады екен. Тапсырыс берушілер керек кезінде қалағанынша алып кетеді. Салқын битум сапасын жоғалтпайды, жол салушылар дәл қажет кезінде алып, қыздырғандықтан электр қуаты, басқа да шығындарға көп жол берілмейді. – Зауыт ұжымы Президентіміздің «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру мақсатында ұйымшылдықпен еңбек етуде. Еліміздің битумға деген жылдық қажеті 550 мың тонна десек, біздің кәсіпорынның өзі жылына 400 мың тонна өнім бере алады. Бұған Шымкент, Павлодар мұнай өңдеу зауыттары шығаратын битумды қосыңыз. Шет елге қол жаймай-ақ өз қажетімізді өтей  аламыз енді. Тіпті экспортқа өнім шығармақ та ойымыз бар,-дейді Алексей Викторович. Тағы бір білген дерегіміз: зауыт құрылысына 900 адам тартылыпты. Штаттық кесте бойынша 282 адам қызметпен қамтылуы тиіс десек, күні бүгінде 217 маман жұмыс жасап жатыр. Есеп-қисапты шотқа салып, ақша үнемдеу де керек, әрине... Қыркүйек айында облыс әкімдігі бағдарламасы аясында 6 жас маман жұмысқа алыныпты. Тер төгіп жатқан жұмыскерлердің орташа жас мөлшері – 30 жас. Ұжым мүшелерінің 70 пайызы – облыс тұрғындары. – Бізде ешқандай қиындық жоқ. Белгілеген меже биігінен көрінетінімізге сенімдіміз. 110 градустық ыстық, сұйық битумды арнайы қапқа құйып, салқындатылған битум сақталатын қоймаларға жөнелтудеміз. Осыннан жер-жерде салынып жатқан жол құрылысына пайдалану үшін вагондарға тиеліп, темір жолмен еліміздің әр түкпіріне жол тартады,-деп қаптау цехының басшысы Еркін Әбіжанов есімді замандасымыз сөзге араласты. Бір-бірімен жалғасқан сан-тізбекті процесті  автоматтандырылған тетіктермен шебер басқарып, тау-тау өнім алып, алыс шақырымдарға жөнелтіп, ел экономикасының артуына өзіндік үлес қосып жатқан жастар Ақтау битум зауытының келешегі келісті болатындығына сендіргендей. Болат Үмбетов, Маңғыстаудан.