Маңғыстауда қолданыстағы автокөлік жолдарының желісі 2 583,2 шақырым

0
936

Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Өркен Бисақаевпен салада атқарылып отырған жұмыстар мен жол құрылысы туралы әңгімелестік.

– Өркен Серікқалиұлы, таяуда Мемлекет басшысы Жолдауында жол инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударды. Бұл тұрғыдағы жұмыстар бойынша саланың әлеуетіне тоқталсаңыз?

– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты жөнінде жариялады. Бұл саясаттың негізі ретінде Инфрақұрылымдық дамудың жоспары болмақ және оның бағыттарының бірі көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға арналған. Біздің ойымызша, бұл қадамдар Маңғыстау облысына елдің оңтүстік-батысында, оның ішінде Каспий теңізінде өңірлік хаб ретінде қалыптасуды нақты қамтамасыз етеді. Біздің өңір арқылы республиканың көліктік және экспорттық әлеуетін нығайтуға бірқатар жүзеге асырылған және іске асырылатын жобалар ықпал етеді.

Сонымен қатар теміржол желісін қалыптастыруды жалғастыру бағытында биылғы қыркүйекте «Боржақты – Ерсай» темір жол желісінің құрылысы басталғаны белгілі. «Боржақты – Ерсай» теміржол желісі Құрық портында паром кешенін салуға және жағалау аймағында бірқатар индустриялық жобаларды жүзеге асыруға инфрақұрылымдық негіз болады.

Атап айтқанда, бұл бағытта бірқатар теміржол желілері іске қосылғанын және кейбірінің құрылысы жүріп жатқандығын білесіздер.

Бұдан бөлек, соңғы бірнеше жылдан бері «Атырау-Құлсары-Бейнеу-Ақтау» магистралды автокөлік жолының «Құлсары-Бейнеу» және «Бейнеу-Шетпе» учаскелері толық қалпына келтірілді. 2016 жылдың соңына дейін аталған магистраль тиісті техникалық параметрлерге толық сәйкес келеді деп күтілуде.

Мұнымен қоса, Ақтаудағы теңіз порты Каспий теңізіндегі жүк тасымалдайтын стратегиялық нысан. Қазіргі уақытта порттың қуаттылығын арттыру мақсатында жүктерді тиеу және түсіру үдерістерін оңтайландыру мен автоматтандыру жұмыстары үздіксіз жүріп жатыр.

Әлемдік деңгейдегі инвесторларды тарту арқылы «солтүстік теңіз терминалы» құрылысының жобасын іске асыру басталды және ол 2015 жылы аяқталады. Осымен қатар Құрық елді мекенінде паромдық кешен салу шешімі жасалды.

Ақтау қаласында  қазіргі заманғы талаптарға сай әуежайлардың бірі бар. Ол кез келген әуе кемелерін қабылдауға қауқарлы және жылына 2 миллионға дейін жолаушыларға қызмет көрсете алады.

– Өңірдегі жолдардың желісі қанша шақырымды қамтып отыр?

Маңғыстау облысында жалпы қолданыстағы автокөлік жолдарының желісі 2 583,2 шақырымды қамтып отыр. Оның ішінде республикалық маңыздағы жолдар 1 033 шақырымды, 1 553 шақырымы жергілікті желілер, яғни бұның 1 012 шақырымы облыстық және 541 шақырымы аудандық маңыздағы жолдар.

Жергілікті жолдардың 65 пайызы асфальтбетонды, 25 пайызы қиыршық тасты, ал қалғаны бұндай жабынмен қамтылмаған.

– Бүгінде облыс аумағындағы жолдардың жағдайын қалай бағалар едіңіз?

– Мәселен, 2012 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша жергілікті желідегі жолдардың талдауына тоқталатын болсақ, асфальтбетонды жабынның тозғаны, толық және орташа жөндеу эпизодтық мәнге ие екені, жыл сайынғы ағымдағы жөндеулерден айтарлықтай пайда жоқ екені айқындалды. Дегенмен, жолдардың қазіргі жағдайы жыл сайын жақсарып келеді. Атап айтқанда, 2012 жылдың қаңтарында қанағаттанарлықсыз жағдайдағы автокөлік жолдарының үлесі 40,5 пайызды, 2013 жылдың басында 36 пайызды, ал биылдың басында оның деңгейі 33 пайызға жетті. Автокөлік жолдары комитетімен ағымдағы жылғы индикативтік көрсеткіш 31 пайыз деңгейінде белгіленді.

– Жол құрылысы бағытында қаржыландыру мәселесі жайында айтып өтсеңіз?

– 2012-2014 жылдардағы кезеңде бюджеттің талдауына қарағанда, бөлінген қаржының өскені байқалады. 2012 жылы жөндеу мен құрылыс жұмыстарына 2,5 млрд. теңге бөлінді (Республикалық бюджет үлесі 82 пайыз), былтыр – 3,5 млрд. теңге (РБ үлесі-54 пайыз), ал 2014 жылы – 8,3 млрд. теңге (РБ үлесі-23,1 пайыз) бөлінді.

Ағымдағы жылға бөлінген қаржының 5,2 млрд. теңгесі жергілікті желіге, 2,8 млрд. теңгесі елді мекендерге, 0,3 млрд. теңгесі жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қарастырылды.

Есептеулерге сүйенетін болсақ, орташа жөндеу жұмыстары күрделі жөндеу шараларымен салыстырғанда 5-6 есеге арзан болады. Осының нәтижесінде биыл орташа жөндеу арқылы 1,8 млрд. теңгеге 85,2 шақырым жолды қалпына келтіру көзделді. Орташа жөндеу бойынша жұмыстың құны шамамен 1 шақырымға 21,9 млн. теңгеге бағаланады.

– Бірақ орташа жөндеу барлық мәселені шешпейді ғой?

– Әрине, орташа жөндеу барлық мәселелерді шеше алмайды. Осыған байланысты ағымдағы жылы Форт-Шевченко қаласы мен халық тығыз орналасқан Мұнайлы ауданына қарай екі ірі учаскеде күрделі жөндеуге конкурстық рәсімдер өткізілді. Осының нәтижесі бойынша үш жылдық келісімшарт жасалып, оның аясында 4,5 млрд. теңгеге 44 шақырым жолды жөндеу ескерілген.

Жалпы биыл күрделі жөндеу 1 028,4 млн. теңгеге 11,7 шақырым арақашықтықтағы 7 учаскеде жүргізіледі. Атап айтқанда, күрделі жөндеу жұмыстарына шығыстардың үлесі жыл сайын айтарлықтай өсетін болады. Осындай жөндеу шараларына 1 шақырым үшін шамамен 106 млн. теңге жұмсалады

Ағымдағы жылы қиыршықтас жолдарды асфальттанған жабыны бар жолдарға біртіндеп ауыстыруды бастау шешімі жасалды. Қазіргі кезде «Шетпе-Қызан» автожолының 26 шақырымдық учаскесін қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Бұл бағыттағы жұмыстар 1,9 млрд. теңгеге бағаланып отыр және 2014 жылы 5,4 шақырым жолға 400 млн. теңге қарастырылды. Жол 2016 жылы тапсырылады.

Маңғыстау облысының әкімдігі қабылдаған шаралардың нәтижесінде биыл 117,4 шақырым жолды қалпына келтіру қамтылды, бұл өз кезегінде жалпы көлемнен 7,5 пайызды құрап отыр.

Алғаш рет автокөлік жолдарына қызмет көрсету мен ағымдағы жөндеудің үшжылдық келісімшарты бекітілді.

Республикалық бюджет қаржысы есебінен құны 1,8 миллиард теңгенің (жергілікті бюджеттен қосымша қаржыландыру 10 пайыз) арақашықтығы 73 шақырымды құрайтын «Сыңғырлау-Сам-Шоғайты-Тұрыш» жолының құрылысы басталды. Оның ішінде 2014 жылға 861,1 млн. теңге қарастырылған. Қазіргі кезде бұл елді мекендердің тұрғындары жазық жолдарын пайдалануда. Аталған жол 2015 жылдың соңында пайдалануға берілмек. Бұл Маңғыстау облысында жергілікті желідегі жолдарды дамыту бойынша негізгі бағыттар.

Ал республикалық маңыздағы «Бейнеу-Шетпе» автокөлік жолын қайта жаңғыртуға тоқталатын болсақ, бұл бағытта жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. 2014 жылы 240 шақырым, 2015 жылы 60 шақырым жолды тапсыру көзделген. Жалпы 300 шақырымдық арақашықтық 6 учаскеге бөлінген.

200 шақырым жолды қамтып тұрған 4 учаскедегі жұмыстарды «Алсим Аларко» жүргізіп жатыр. Қаржы АДБ-дан қарастырылған. Құрылыс жұмыстары 2012 жылы басталды және бұл бағыттағы шаралар бекітілген кестеге сай іске асырылуда. Осы аралықты 2014 жылдың соңына дейін аяқтаймыз. Келісімшарттың құны 25,9 млрд. теңгеге бағаланды.

Ал 40 шақырымдық басқа учаскеде жұмыстарды «Атырау Жолдары» ЖШС жүргізіп жатыр. Бұған қаржы республикалық бюджеттен бөлінді. Бүгінде асфальт төсеу бойынша жұмыстар аяқталды. Келісімшарт құны 8,1 млрд. теңгені құрап оатыр, сондай-ақ осы жол биылдың соңында пайдалануға беріледі.

Мұнымен қоса, 60 шақырымдық бір учаскедегі жұмыстарды «Нияз- Мұхаммед» ЖШС жүзеге асыруда. Бұл аралықты да қаржыландыру республикалық бюджеттен ескерілген. Жұмыстар 2012 жылы басталғанымен, 2013 жылы мердігерде жол учаскесінде қаржы мен жұмыс күшін жұмылдыру бойынша кейбір проблемалар болды. Осыған байланысты бүгінде кестеден қалу жағдайы орын алды. Бүгінде жұмыстар жанданып, жол учаскесін тапсыру 2015 жылға шегерілді. 12 млрд. теңге келісімшарттық қаржының биылға 3 млрд. теңгесі қарастырылған.

Бұдан бөлек, «Шетпе-Жетібай-Ақтау» жолы бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілді. Барлық 4 лот тұрғысында жалғыз «Дженгиз Иншаат» атты түрік компаниясы жеңімпаз атанды. Қазіргі кезде құжаттарды келістіру жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ жұмыс күшін жұмылдыру шаралары іске асырылуда. Келісімшарт құны 36,5 млрд. теңгеге бағаланған жолдағы негізгі жұмыстар 2015 жылы басталады.

Дереккөзі – қазақпарат.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз