Құны 696,079 млн. теңге болатын автомобиль жолы салынуда

0
996

Еділ Терекбайұлы Жаңбыршинмен сұхбат.

–     Еділ Терекбайұлы, Ақтау қаласы теңіз жағасында орналасқан Қазақстандағы жалғыз портты шаһар екені белгілі. Сіз Ақтау қаласының әкімі ретінде шаһардың дамуына ең қажетті деген негізгі стратегиялық бағыттарды айтып бересіз бе? Сұхбатымызды осыдан бастасақ.

–     Ия, еліміздің теңізге шығар қақпасы саналатын Ақтау қаласы болашақта халықаралық ірі логистика кешені мен туризм және іскерлік байланыс орталығына айналмақ. Осыған орай қала келбеті мен халыққа қызмет көрсету жүйесін жақсарту мақсатында Ақтаудың 2035 жылға дейінгі бас жоспары бекітілді. Жоспарға сәйкес, қала солтүстік батысқа қарай, яғни теңіз жағалауы бойымен дамитын болады. Бұл мақсатты іске асыру үшін алдымен біз стратегиялық мәселелерді шешуіміз қажет. Ол халықты сумен, электр қуатымен, жылумен қамтамасыз ету, басқаша айтқанда қалыпты өмір сүру  инфрақұрылымын дамытуды басты назарда ұстауымыз қажет. Су мәселесін алайық, өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартудың басты факторы – өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын, және халықты сумен қажетті көлемде қамтамасыз ету. Қала дамуының стратегиялық мақсаттарының тағы бірі – тұрғын үй құрылысы.

-Өзіңізге белгілі, қараша айында Елбасы Қазақстанның «Нұрлы жол» атты жаңа экономикалық саясаты жүзеге асырылатындығын жариялады. Елбасы межелеген міндеттерді іске асыруда қаланың экономикалық әлеуеті қандай?

-Биылғы жолдаудың ерекшелігі – оның бүгінгі таңдағы қалыптасып отырған әлемдік жағдайларға негізделгендігі. «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын бірінші кезекте, халқымыздың алдында тұрған қауiп-қатерлердi дамудың жаңа мүмкiндiктеріне айналдырып, жаңа форматқа көшiруге бағытталуымен құнды деп есептеймін.

Жаңа экономикалық саясаттың өзегі – жеті бағыт бойынша  Инфрақұрылымдық даму жоспары. Олар – көліктік, индустриялық, энергетикалық, әлеуметтік және тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету әрі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты сумен және жылумен жабдықтауды жаңғырту. Елбасымыз межелеген бұл үдерістен шығуға қаламыздың әлеуеті жеткілікті, және оған қажеттінің бізде барлығы да бар.

Қаламыздың қазіргі әлеуметтік-экономикалық дамуы жаңа «Нұрлы жол» экономикалық даму саясатын жүзеге асыруға толық мүмкіндік береді.

Мысалы, өнеркәсіп  өнімдерінің көлемі 112,9 млрд. теңгені құрады, нақты көлем индексі (әрі қарай НКИ) – 134,2% (2013 жылдың осы кезеңінде НКИ – 118,9%). Оның ішінде:

–          тау-кен өнеркәсібінде – 9,4 млрд. теңге (НКИ – 81,3%);

–          өңдеу өнеркәсібінде – 52,6 млрд.теңге (НКИ – 136,1%);

–          электрмен жабдықтау, газ, бу беру – 44,3 млрд. теңге (НКИ – 116,6%);

–          сумен жабдықтауда – 6,6 млрд. теңге (НКИ – 115,2%).

Өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі өскені анықталды:

–          тоқыма бұйымдары өндірісі 22,3%-ға, төсек-орын жаймасының 1,2 есеге өсуінің есебінен (19,8 мың дана);

–          кокс және мұнай өңдеу өнімдеріні өндірісі 31,3 есеге;

–          қағаз және қағаз өнімдерінің өндірісі 71,2%-ға;

–          химиялық өнеркәсібінде 52,9%-ға, оның ішінде азотты, минералды тыңайтқыштар өндірісі 1,6 есе (181,1 мың тонна), аммиак – 1,5 есе (107,7 мың тонна) және көміртек диоксиді – 1,3 есе (110 тонна);

–          машина жасау 23,3%-ға, мұнай кәсіпорындарын жабдықтау шығарылымы 2,0 есеге артуының есебінен (2255,4 млн. теңге);

–          металлургиялық өнеркәсіпте 33,7%-ға,

–         жиналмалы құрылыс конструкциялары өндірісі 4,6 есеге өсуінің есебінен (12764 тонна) және басқалар.

Электрмен жабдықтауда, газ, бу беруде және әуе салқындатқышында электр энергиясы көлемі 7,3%-ға (3712,0 млн. кВт.ч), жылу энергиясы  5,1%-ға (2344,5 мың. Гкал) көбейді

-Еділ Терекбайұлы, Жолдауда әсіресе, көлік-коммуникация саласын дамытуға ұлттық маңызға ие ерекше басымдық беріліп отыр… Жол, логистика мәселесі қалай шешіліп жатыр?

-1929-1933 жылдары АҚШ-та болған «Ұлы депрессия» дағдарысы асқынып тұрған сәтте президент Франклин Делано Рузвельт жоғары жылдамдықпен жүруге мүмкіндік беретін даңғыл жолдар мен әлемде теңдесі жоқ көпірлер салуды қолға алғанын білесіздер. Сол кездегі американдық қоғамда «Дағдарыс кезінде жол салғаны несі?» деген сұрақтар мен наразылықтардың көп болғандығы айтпаса да түсінікті. Алайда жол құрылысына миллиондаған америкалықтар тартылып, жұмыссыздық деңгейі күрт төмендеді. Жол және көпір құрылысы экономика дамуына мультипликативтік әсер беріп, жол салуға экономиканың көптеген салалары тартылды, инфрақұрылым дамыды. Нәтижесінде, жалпы америкалық жобаға айналған жол-көлік саласын дамыту ұлы экономикалық дағдарыстан шығуға игі ықпал етті.

Елбасымыз еліміздің барлық өңірлерін Астанаға қосып, тоғыстыратын тоғыз жолдың торабын өмір тамырға теңеуі әрине тегін емес. Мемлекет басшысы айтқандай «Жол – экономиканың күре тамыры». Елбасымыз тек жол құрылысы арқылы ғана жаңадан 200 мың жұмыс орны құрылатындығын айтты.

-Осы мәселе Ақтау қаласында қалай атқарылып жатыр?

-Биылғы жылы қаламыздың көшелері мен жергілікті маңызды автомобиль жолдарын дамыту мақсатында қаламыздағы 22 шағынаудандағы жылу станциясына баратын автомобиль жолдарын қайта құрылымдауға жергілікті бюджеттен 65,741 млн. теңге бөлініп, жұмыстар толығымен аяқталды.

16-17, 18-19, 19 «А»-20 шағынаудандар аралығымен ұзындығы 2 300 метр болатын Каспий энергетикалық хабының сыртқы инфрақұрылымы құрылысы шеңберінде құны 696,079 млн. теңге болатын автомобиль жолы салынуда. Құрылыс жұмыстары 2015 жылдың соңында аяқталу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Ақтау қаласының солтүстік-батысқа қарай өсуімен, кептелістердің алдын-алу және көліктік инфрақұрылымдарды дамыту мақсатында 12 жаңа автомобиль жолдарының құрылысына жобалық-сметалық құжаттама жұмыстары жасақталып, желтоқсан айының соңына дейін тапсыру көзделіп отыр. Жаңадан салынатын бұл жолдар Ақтау қаласының жаңадан салынатын және салынып жатқан шағын аудандар аумағында 2015-2016 жылдары кезең-кезеңмен іске асатын болады.

Сонымен бірге қала бойынша 93 млн. теңгеге жалпы аумағы 10 615 м2 жаяу жүргіншілер жолы төселді.

  Ақтау қаласы бойынша 2014 ж. 10 айында негізгі капиталға инвестиция салу көрсеткіші 54, 6 млрд. теңгені құрады

  -Елбасымыз жаңа экономикалық саясатты жүзеге асырудың діңгегі болып табылатын Инфрақұрылымдық дамудың бесжылдық жоспарын жариялады. Ақтау қаласына инвестиция тарту мәселесі қалай атқарылып жатыр?  

-Ақтау қаласы бойынша 2014 ж. 10 айында негізгі капиталға инвестиция салу көрсеткіші 54, 6 млрд. теңгені құрады (НКИ – 129,3%). Белгілеуге тиіс, бюджеттік қаржылары есебінен инвестицияның артуы 2,5 есе (8063,8 млн. теңге), меншікті қаржылары есебінен 93,6% (37161,5 млн. теңге) және банктік несиелер есебінен 100% (1853,2 млн. теңге). Сонымен бірге, қарыздық қаражаттар көлемі – 49,1% төмендеді және 7530,3 млн. теңгені құрады. Негізгі капиталға инвестиция техникалық құрылымы бойынша ғимараттар мен құрылыстардың күрделі жөндеу және құрылыс жұмыстарына бағытталған – 28188,6 млн. теңге. (жалпы көлемінен 51,6%), машина және түгендеу құралдарын сатып алу – 17209,2 млн.теңге (31,5%) және өзгелер – 9211,0 млн. теңге (16,9%).

Негізгі капиталға айтарлықтай инвестиция 19,42 млрд. теңге (жалпы көлемінен 35,5%) өнеркәсіпке бағытталған, оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне  2,22 млрд.теңге.

  -Индустрияландыру картасы бойынша қандай жобалар бар?

-Жалпы Ақтау қаласында индустриаландыру картасына сәйкес, 11 жобаны іске асыруға 12074,25 млн теңге көлемінде инвестиция тартылды. Қазірдің өзінде кіші және орта бизнеске арналған жобалар іске асыру үшін 100 га жерге егжей-тегжейлі жоспар жасақталуда. Бұл аймаққа инфрақұрылым бюджет тарапынан жүргізіліп кәсіпкерлерге бірнеше жеңілдіктер қарастырылады. Аталған жобаларды жүзеге асыру барысында 439 жұмыс орыны ашылды, ал жобалар толық іске қосылған уақытта 594 жұмыс орыны ашылатын болады.

  -Әлеуметтік мәселелердің бірі – мектепке дейін білім беру.  Нұрсұлтан Әбішұлы мектепке дейінгі мекемелерде орындар тапшылығын түбегейлі қысқарту үшін 3 жыл бойы қосымша 20 миллиард теңге бағыттауды тапсырды. Ақтау қаласында осы мәселе шешімін тауып жатыр ма?

– Қазіргі таңда 3-6 жастағы 15092 баланың 83% пайызы  балабақшамен қамтылған. Осы көрсеткішті жақсарту 2015 жылдан бастап келесі жұмыстарды жоспарлап отырмыз. 29 шағын ауданнан 280 орындық балабақшаның құрылысы салынады,  «Аққу» шағын ауданынан жерқойнауын пайдаланушылардың қолдауымен әр қайсысы 280 орындық 3 балабақша  іске қосылатын болады. Сонымен қатар, 1120 орындық  жалға берілген 4 балабақшалар қайтарылу жоспарланып, олардың күрделі жөндеуіне жобалық сметалық құжаттарды жасақтаймыз.

Егер осындай қадамдық жоспарда жоспарланған объектілер іске қосылатын болса, мектеп жасына дейінгі балаларды, соның ішінде,  3-6 жастағыларды 2020 жылға дейін балабақшамен қамту 100%  құрайтын болады.

Жолдауда айтылған мәселелердің бірі тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы мен су және жылумен қамтамасыз ету желілері инфрақұрылымдарын жаңғыртуға арналды.  Осы жылы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бойынша республикалық бюджеттен 10 үйді жөндеуге 650 млн. теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда 8 үй жөндеуден өтіп, тұрғындардың игілігіне берілді.

2014 жылы қала бойынша инженерлік инфрақұрылымдар құрылысына 2 975,539 млн. теңге бөлініп, келесідей жұмыстар атқарылды.

32 а, 33, «Аққу» шағын аудандарындағы құрылысы салынып  жатқан тұрғын үйлерді инженерлік желілермен жабдықтау мақсатында  сыртқы және ішкі магистральдік (жылу, газ, кәріз, су және  телефонизация) желілері тартылып, 1 және 30 шағын аудандарды газбен жабдықтау құрылысы басталды.

«Приморский», «Приозерный-3» кентінде су, кәріз және байланыс желісі құрылысы, Өмірзақ селосында ішкі селоаралық су  желілер құрылысы жүргізілді.

17, 34 және 3 шағынаудандардағы инженерлік желілер  құрылысына, жаңа шағынаудандарды газбен жабдықтау құрылысына, Шығыс – 1, 2 т.м. телефондандыру құрылысына және 20 дана  траснформаторды  қайта  құрылымдауға ЖСҚ жасақталуда

2015 жылы 32«А» шағын аудандардағы  инженерлік  желілер  құрылысын, ГПП-4-тен жаңа шағынаудандарға дейінгі электр жабдықтау желілері құрылысын, 33 ш/а ішкі ауданаралық инженерлік  желілер құрылысын аяқтау және Өмірзақ селосында электр желісі  құрылысын, 20 дана трансформаторды  қайта құрылымдау, 0,4;6; 10 кВ кабель желілерін қайта құрылымдау құрылысын бастау жоспарлануда.

 – Еділ Терекбайұлы, Ақтауда үй кезегінде тұрған адамдардың саны 5 мыңның үстінде. Елбасы жаңа Жолдауда осы мәселеде талай адамның үмітін оятты. Қалада тұрғын үй құрылысы туралы атқарылып жатқан нақты жұмыстарды айтып берсеңіз…  

Баспана – кез келген адамның бірінші ретті қажеттілігі. Баспананың қадірін пәтерден-пәтерге ауысып, жалға төленетін ақыға жұмыс істеп, бір ай бойы төккен маңдай терін пәтерақыға төлегендерден артық білетін жан болмас.

Баспана мәселесі де оңтайлы шешілуде. «Қолжетімді  баспана-2020»  бағдарламасы  аясында 2014 жылы 4 690,899 млн. теңге. бөлінді. Оның ішінде, несиелік тұрғын үйлер бойынша 32 «А»  шағынауданда 60 және 40 пәтерлік тұрғын үй  құрылысы тапсырылады.

Сонымен қатар, 2015 жылы 32 «А» шағынауданда жалпы алаңы 17888,64 м2 болатын үш 100 пәтерлік  тұрғын  үйлер құрылысы 120 пәтерлік үй беріледі, 33 шағынауданнан 670 пәтерлік тұрғын үй құрылысы жүруде.

Жас отбасылар үшін 32«А» шағынауданда жалпы ауданы  6749,20 м2 болатын екі 60 пәтерлік тұрғын үй құрылысы, жергілікті  атқарушы  орган бағыты  бойынша: 32«А»  шағынауданда  үш  120 пәтерлік  тұрғын  құрылысы  бітеді.

  -Еділ Терекбайұлы, тұрғын үй деген лифт мәселесін айналып өте алмаймыз. БАҚ-тан білетініміз, Ақтау қаласы республика бойынша алғашқылардың бірі болып лифт шаруашылығын қолға алған еді. Қазір осы мәселеде жұмыстар жүйеленді ме?

– Ағымдағы жылы қала бойынша көп қабатты үйлерге 23 лифт орнатылды. 2015 жылы тағы да жаңадан 21 лифт орнату жоспарланып отыр. Осылайша,  2018 жылы қаламы бойынша көп қабатты үйлерде кем дегенде 1 лифт жұмыс жасайтын болады.

– Бәрекелді. Жұмыстарыңыз табысты, жемісті болсын. 

– Рахмет. Елбасы Жолдауының басым бағыттары мен негізгі шарттарын орындау арқылы ғана біз биік белестерге жете аламыз. Мемлекет басшысының тапсырмаларын тиянақты орындау – еліміздің жаһандық сынақтардан сүрінбей өту ғана емес, бұл әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру жоспарының бір бөлшегі.

«Нұрлы жол» – бұл «Мәңгілік ел» болуымыздың бастау жолы. 13 ғасыр бұрын Тоныкөк бабамыз «Түркі жұртының мұраты – Мәңгілік ел» десе, 21 ғасырдың басында Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев бабалар мұратын жаңғыртып «Қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік ел» деді. Мәңігілік еліміз өсіп, өркендей берсін.

-Уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға рахмет.  

Серік Бақтияр, Маңғыстаудан
Дереккөзі – қазақпарат. 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз