Маңғыстаудың намысты ұлы – Әділбек Ниязымбетов

0
1272

Қазақ спортына бұған дейін «қазақ боксы­ның атасы» саналатын Шоқыр Бөлтекұлы мен аты аңызға айналған әйгілі жел­аяқ Әмин Тұяқовты тудырған киелі Маңғыстау өңірінің ұландары бүгінде спорттан кенде қалып жатқан жоқ. Талай саңлақтың томағасын сыпырды. Алды Олимпиада ойындары мен әлем Азия біріншіліктерінде топ жарып жүр. Солардың бірі – Әділбек Ниязымбетов.

Осыдан біраз уақыт бұрын, нақтырақ айтсақ, 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында ХVІІ Жазғы Азия Ойындары өтті. Биылғы Сарықұрлық додасы қазақ боксшылары үшін өте табысты болғаны баршамызға белгілі. Он боксшымыздың жетеуі финалға шығып, 6 алтын, 1 күміс, 1 қола медальға қол жеткізді. Бұл – бұрын-соңды болмаған жетістік. Сол бәсекеде алтын жүлде алған боксшыларымыздың бірі де осы маңғыстаулық Әділбек Ниязымбетов болатын.

Еліне келіп еңбегі жанды

 «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп дана халқымыз бекерге айтпаса керек. Сын сәттерде елдігіміз бен ерлігімізді ту етіп, байрағымызды желбіретіп, жарқын жетістіктерімен мерейімізді тасытқан саңлақтарымызға қандай мақтаулар айтсақ та жарасады. Бүгінде Маңғыстаудың марғасқасы атанып үлгерген Әділбекте сондай құрметке ылайық боксшылардың бірі.

Ол қазақ тарихындағы аласапыран болған 1989 жылы көршілес қарақалпақ жерінде дүниеге келеді. Алайда, Әділбектің бағына қазақ жерінде ержетіп, қазақ топырағында өмір сүру бақыты бұйырыпты.

Тәуелсіздіктен кейінгі шеттегі қандастарымызды «Қара шаңырағымыз Қазақстанға» оралуға шақырған Елбасының салиқалы саясатымен 2002 жылы Ниязымбетовтер отбасысы Қарақалпақ жерінен бір жола қоныс аударып,  Жаңаөзен қаласына көшіп келеді. Ол кезде Әділбек небары 13 жаста ғана болатын. Бала күннен спортты серік еткен ұлын елге келген бетте әкесі Жеңіс Жарылқапов деген бапкерге көрсетеді. Ол баланы Ақтауда өткен бір жарысқа алып барды. Сол жерде Әділбектің өнері ақтаулық белгілі бапкер Марат Жақиевке бірден ұнап, отбасымен қосып, Ақтауға шақырып, Жас боксшыны өзінің қарамағына алды. Сонымен Әділбектің спорттық өмір жолы басталады.

Әділбек биыл 25 жасқа толды. Біраз биік белестерді бағындырды. Он үш жылын үзіліссіз жат­ты­ғуға арнады. Жемісін көрді. Әлі де талай асуларды бағындырам деп барын салып, еңбектеніп келеді.

Енді Әділбектің спорттағы өткен жолына шегініс жасап, шағын шолу жасасақ. Ауыл арасын­дағы сайыстарда сан мәрте атой салған Әділбек 2007 жылы Азия чемпионы атанып, жалпақ жұртты өзіне жалт қаратады. 2008 жылы Тараз қаласында өткен ересектер арасындағы 69 келі салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмей тұңғыш рет Қазақстан чемпионы атанады. Ол кезде Әділбек бар болғаны 18 жаста ғана болатын. Ал 2009 жылы Қостанай қаласында өткен Қазақстан чемпионатында тағы да жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп,  екі дүркін ел чемпионы атанды. Бірақ, өкінішке қарай ҚР құрамасы сапында 2009 жылдың жазында Вьетнамда өткен Азия чемпионатында алғашқы кездесуде қарсыласына есе жіберіп, жарысты ерте аяқтайды. Осыған байланысты Әділбекті сол кездегі ұлттық құраманың бас бапкері Дамир Буданбеков 2010 жылы Миланда өткен әлем біріншілігінен тыс қалдырады.

Бір сәтсіздік – бір сабақ

Спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүрмей ме?! Осы жылы Әділбек бір қатар жарыстарда жеңілістің ащы дәмін татты. Ол 2010 жылы Астана қаласында өткен ҚР чемпионатында 1/4 финалда Данабек Сужановқа 2:3 есебімен есе жіберсе, 2011 жылы ақпан айында Алматыда өткен ел чемпионатында тағы 1/4 финалда Асхат Жақыпбековке 1:3 есебімен ұтылып қалды. Бұл кездерде ол 75 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасатын. Осы жылғы Қазақстан чемпионатынан кейін Марат Жақиев бастаған Маңғыстау облыстық бапкерлер кеңесі ақылдаса келіп, Әділбекті 81 келіге дейінгі салмақта сынға түсіруді жөн санайды. Себебі, 75 келі салмақта сынға түсіп жүргенде ол 2-3 келі салмақ қууға тура келетін.

Жемісті жыл

«Жеңіліс – жеңістің анасы» демекші, бір жылдан кейін Әділбектің жеңісті жолдары қайта ашыла бастайды. 2011 жылдың наурыз айынан бастап Әділбек 81 келі салмақта бокстаса бастады және жақсы жетістіктерге де жете бастады. Ол сәуір айында Атырау қаласында өткен қазақ батырлары Махамбет Өтемісұлы мен Исатай Тайманұлының жүлдесіне арналған халықаралық турнирде бас жүлдені жеңіп алады. Іле-шала мамыр айында Алматы қаласында өткен Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің жүлдесі үшін болған Халықаралық турнирде Азамат Белгібаевты, Марат Қиясовты және финалда Антон Пинчукті ұтып жеңімпаз атанды және турнирдің ең техникасы мықты боксшысы деген атақты қоса жеңіп алады.

Сөйтіп, ұлттық құрама бапкерлерінің назарын қайта өзіне аударып,  2011 жылғы басты дода Лондон Олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынған Бакуде өт­кен Әлем чемпионатына қатысып, жұлдызы жарқ етіп, күміс жүлдені ғана жеңіп алмай, Олимпиадаға жолдаманы да бірге қанжығасына байлап қайтады. Бұл Әділбектің алғашқы әлем біріншілігіне қатысып, алғашқы ірі жеңісіне қол жеткізген сәті еді.

Ол Бакуде алғашқы кездесуін молдовалық Владимир Челесқа қарсы өткізеді. Бүкіл ойын бойы бірінші нөмерде өнер көрсеткен Әділбек 16:11 есебімен жеңіске жетеді. Екінші кездесуінде кореялық Ким Хионкьюды 14:9 есебімен тізе бүктіреді. Ал 1/4 финалда Әділбекті 2010 жылғы Орталық Америкалық ойындардың жеңімпазы колумбиялық Джейссон Монрой Варела күтіп тұрды. Әділбек бірінші раундты 5:2 есебімен жеңіспен аяқтайды. Екінші раундта азулы қарсыласын нокаутқа жіберу үшін 40 секунд қажет болды. Әділбек оң қолымен қарсыласының басына, сосын сол қолымен бауырына ауыр соққы жасайды. Әділбектің ауыр соққыларынан кейін колумбиялық Джейссон Монрой Варела көп уақытқа дейін орынан тұра алмай қалады. Одан кейінгі жекпе-жегінде соңғы Әуесқой бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері өзбекстандық Елшод Расұловпен кездесті. Оны да 11:9 есебімен ұтып, финалға шығады. Ал финалда Әділбектің қарсыласы кубалық Хулио Де Ла Крус болды. Әділбек Кубаның ұлттық бокс құрамасының капитаны Крусқа қарсы ойында тең ойын өрнегін жасайды. Алайда, төрешілер жеңісті қарсыласына береді. Осылайша алғаш әлем біріншілігіне қатысып, күміс жүлдені еншілейді.

Лондон  – алтын жасырынған асу

Әділбектің Бакудегі жеңісті жолы Лондонда сәтті жалғасты. Олимпиада рингіндегі алғашқы қарсыласы эквадорлық құрдасы Карлос Гангормен жекпе-жегінде ол өзінің Лондонға бекерден-бекер іріктелмегенін анық байқатты. қарсыласын 13:5 есебімен ұтып, жарысты жалғастыру мүмкіндігіне ие болды. Ширек финалда Әділбек ирандық Эхсан Рузбахани қарсы ойын көрсетті. Әділбек үшін қиынға соққан ойынның 2-раундында нокдаунға түсіп қалады, алайда жеңіске деген ұмтылысының арқасында 13:10 есебімен жеңіске жетіп, жартылай финалға жолдама алады.

Ал жартылай финалда гүрзі жұдырық,  небір додалы жарыстарды жалауын желбірете оралып жүрген Украина боксшысымен қолғап түйістірді. Күллі қазақ жерлесіміздің тілеуін тіледі. Есеп: – 13:13. Тең ойын нәтижесінде қа­зылар жеңісті қазақ баласына еншілетті. Оған наразы болған украиналықтар халықаралық әуес­қой бокс Қауымдастығына (AIBA) шағым­да­нды. Алайда, жекпе-жекті қайталап қарап шыққан қазылар жерлесімізді жеңімпаз деп тапты.

Финалда Әділбектің қарсыласы көне көршіміз  Ресейдің бокстан алтын күткен жалғыз үміті еді. Соңғы сәт. Финалдық кездесу. Жеңіс үшін, намыс үшін екі қарсылас та бір-біріне берілгісі жоқ. Алма кезек соққылардың қорытындысы бойынша  есеп тағы да теңбе-тең – 15:15! Бұған дейін екі рет жолы түйісіп, екеуінде де есесі кеткен орыс жігітімен маңғыстаулық саңлақ тең түсті. Алайда, қазылар ұзақ кеңесіп, жеңісті Ресей боксшысына берді. Әділбектің алақанындағы алтын сусып кете барды. Алайда, қоржынымызға Лондон Олимпиадасының ал­ғаш­қы күміс медалі келіп түсті! Алып рингке алғаш көтерілген Әділбек Олимпиаданың күміс чемпионы атанды! Алтынға қол созым жерден қайтқан жерлесіміз келесі Рио-де-Жанейро қаласында өтетін Олимпиадада алтынды қанжығасына байлап қайтады деген үміттеміз.

Күміс жұдырықты жігіт

Әділбек Ниязымбетов Лондон Олимпиадасындағы жетістігінен кейін тоқтап қалған жоқ. Ол 2013 жылғы Иорданияның бас қаласы – Амманда мәреге жеткен Азия чемпионатында да күміс медальға қол жеткізді. Бірден айта кетейік, бүл додада жерлестеріміз 7 алтын, 1 күміс медальді жеңіп алып, айды аспанға бір-ақ шығарған еді. Сондағы жалқы күміс Әділбектің еншісіне жазылған болатын.

Бұл турнирде Әділбек иорданиялық Жехад Мохаммед Абу Алхерді, индонезиялық Кристианус Нонг Седоны және ирандық Эхсан Рузбаханиді ұтты. Ал финалда өзбек боксшысы Ойбек Мамазулуновқа 1:2 есебімен жол беріп алды.

Ал Алматы төрінде өткен әлем біріншілігінде Әділбек тағы да күміс медалді қанағат тұтты.

Өз елімізде өткен додада Лондон Олипиадасының күміс жүлдегері кубалық Хулио ла Крусқа жол берді.

Ниязымбетовтің қарсыласы нағыз бабында болғанын жасыруға болмас. Қазақ боксшыларына кеткен есені қайтаруды мықтап көздеген Хулио ла Крус діттеген мақсатына жете білді. Қос боксшы алтынды уыстарынан шығармауға тырысты. Дегенімен, төрешілер 2:1 есебімен, жеңісті Куба елінің спортшысына ұстатты. Сөйтіп, Әділбек Ниязымбетов әлем чемпионатының екінші мәрте күміс жүлдегері атанды.

Азиадада айбыны асты

Әңгімеміздің басында жақында Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында ХVІІ Жазғы Азия Ойындарының өткенін, онда Әділбектің алтын алғанын айтып өттік. ОндаНиязымбетов финалда кореялық Ким Хионг Кюды ұтты. Бұл Азия ойындарындағы бокстан ел қоржынына түскен төртінші алтын еді. Сөйтіп, бокстан Азия ойындарындағы рекордымызды жаңартты. Себебі, бұған дейін Қазақстан Азия ойындарында ең көп дегенде үш алтын алатын.

Азиададан алтын алғанына шын қуанған боксшы осы Әділбек шығар. Себебі, бұрын барған жерінде тек күміс жүлдені ғана еншілеп қайтып жүрді. Сондықтан да шығар халық оны «күміс жүдырықты» жігіт деп атайды. Әділбек Азия ойындарында өзіне лайық деңгейде өнер көрсетті. Соңғы секунттарда қабағы жарылғанына қарамастан, қарсыласына жұдырығын құлшына сілтеді. Сөйтіп осы салмақ бойынша жиырма жыл бойы жоламай кеткен Азия Ойындарының алтынын әперді. Айтпақшы, Әділбек Азия ойындарының ашылу салтанатында еліміздің байрағын көтеріп шыққан болатын. Бастысы, сол сенімді ақтады.

Күнсұлтан Отарбай

Дереккөзі – қазақпарат.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз