Маңғыстау - қарыштап дамудың үлгісі

Бүгінде Қазақстанда Маңғыстау десе ауызға мұнай, мұнай десе ауызға Маңғыстау оралады. Шындығында, ұлттық экономикамыздың іргелі базасына айналып отырған көмірсутек шикізаты өңірдің ғана емес, тұтастай республиканың дамуына дем беріп келеді. Ал осы Маңғыстаудағы «қара алтын» қорына 1960 жылдары алғаш қада қағылған екен. Дәл осы тарихи кезеңді сипаттаған жазушы Әбіш Кекілбай Маңғыстаудың иен байлығына қатысты «Ұйқыдағы арудың оянуы» деген еді. Алайда, кейіннен мұнай саласындағы инвестиция мен технологияның жетіспеушілігінен барлау мен өндіру құралдары қаңырап бос қалды. Мұндай дүдәмал олқылық тек тәуелсіздік жылдарында түзетіліп, өлкедегі мұнай бұрқағына қайта жан бітті, сөйтіп Маңғыстаудың екінші тынысы ашылған болатын. Қазіргі таңда мұнайға толы Маңғыстау өлкесі тұтастай республиканың ірі табысқа жетуіне мол септік болып қана қоймай, еліміздің даму дәрежесіне жан-жақты қолдау болып отыр. Тоқтала кететін жайт, әлемдік дағдарыс салқынына қарамастан Маңғыстау облысының экономикасы Үкімет белгілеген параметр аясында қалыпты даму үстінде. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 9 айы бойынша Маңғыстау облысындағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1 триллион 900 млн. теңгені құрады. Бұл ретте былтырғы жылмен салыстырғанда бір жыл ішіндегі өсім 2,5 пайызды құраған. Облыс басшысы Алик Айдарбаев мұндай қарқынды ең бірінші кезекте мұнай өндірудің тұрақты көрсеткішімен байланыстырады. Мәселен, жыл басынан бергі 9 айда Маңғыстау облысында 13,8 млн. тонна мұнай өндірілді. Бұл былтырға қарағанда 2,7 пайызға артық көрсеткіш. Жалпы алғанда Маңғыстау облысының өңірлік даму стратегиясында  дәстүрлі сала мұнай-газ өндіру мен мұнайсервиз кластерін құруға да басымдық беріліп отыр. «Мұнай және газ өндіру саласында біз жұмыс істеп тұрған кен орындарының тиімділігін арттырып жатырмыз. Биыл облыс алғаш рет соңғы бірнеше жылда мұнай өндірісін арттыруға қол жеткізді. 9 айда мұнай өнімі 13,8 млн. тоннаны құрап, 2,7 пайызға жоспар орындалған. Бұл ретте мұнай өндіру негізінен ескі кен орындарынан, атап айтқанда, Жетібай, Қаламқас, Қаражанбас секілді кендерден алынды. Сонымен қатар, мұнай өнімінің өсімі жаңа технологиялар енгізу есебінен орын алды», - дейді өңір басшысы Алик Айдарбаев. Бұдан бөлек, облыс әкімі өңірлік экономиканы дамыту аясында жаңа кен орындарына геологиялық барлау және ескі кендерге барлау жұмыстарын барлау белсенді түрде жүргізілетінін атап өтті. Бұл ретте теңіз кен орындарының перспективасы жоғары. Оның айтуынша, ұлттық мұнай кластері аясында жаңа мұнайсервиз кластері құрылады. Бұл жоба Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында жүзеге аспақ. «Тұтастай алғанда Каспий өңірі мұнай-газ саласында сервистік қызмет көрсету бойынша бірінші орынға шығудың барлық басымдықтарына ие. Біз Каспий теңізінде оңтайлы географиялық аумақта орналасқанбыз, мұз қатпайтын Ақтау және Қорық теңіз порты бар, машина құрылысының қуаты зор, дайын инфрақұрылым мен жаңа теміржол және автокөлік қатынастары ашылмақ. Транспорт пен логистика тұрғысынан алсақ, Маңғыстау басқа өңірлерге де жақын бола бастады және өңірлік көліктік торапқа айналуда», - дейді Алик Айдарбаев. Мәліметтерге сүйенсек, Маңғыстауда елдегі мұнай қорының 23,4 пайызы, табиғи газдың 8 пайызы бар. Көмірсутек шикізатында 702,5 млн. тонна мұнай, 157 млрд. текше метр газ, 4,7 млн. тонна конденсат қо­ры бар болса, ашылған 70-ке тарта кен орнының 27-нен еліміздегі мұнайдың үштен бір бөлігі өндіріліп келеді екен. Тұтастай алғанда, Маңғыстау облысы мұнайдың ғана емес, өнеркәсіптің өсімінен де кенде емес. Мәселен, жыл басынан бері  өңірдің өңдеуші өнеркәсіптері де айқын өсімге ие болып, 14,4 пайыздық динамикаға немесе 78 млрд. 800 млн. теңгеге шыққан. Сонымен қатар құрылыс жұмыстары да қарқын алып, бұның көлемі 418 млрд. теңгені құрап отыр. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім 9 айда 5 млрд. теңгеден асыпты. Ал өңірдегі шағын және орта бизнестің белсенді субъектілер көрсеткіші 102,7 пайызға артып, 32 мың бірліктен асса, жалпы бұл секторда 97 мыңнан астам адам қызмет етеді екен. «Былтырғы жылы Маңғыстау облысының жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көрсеткіші 22 мың долларды құраған болатын. Осы көрсеткіш бойынша біздің облыс республикада төртінші орында еді. Ал биылғы жылдың қорытындысына сәйкес, өңірдегі ішкі жалпы өнімде 5 пайыз деңгейінде өсім болжанып отыр», - дейді Алик Айдарбаев.   Индустрияландыру - инвестиция ағынын арттырды Елдің индустрияландыру саясатына Маңғыстау облысының қосқан үлесі де айтарлықтай. Облыста индустрияланды­ру алаңы бүгін қызу қарқын алып, өңір өндіріс арқылы өркендей бастаған. Бұйыртса, индустрияландыру бағдарламасының екінші кезеңінде облыста 60-тан астам жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Бұл ретте облыс әкімі Маңғыстау өңірінде ағымдағы жылы негізгі капиталға инвестиция ағынының өсімі 20 пайызға немесе 367 млрд. теңгеге жететінін болжайды. «Бұл неге байланысты? Біздің жауап анық. Бұл - индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының нәтижесі. Мәселен, бағдарламаның бірінші бесжылдығында Маңғыстау облысында 160 млрд. теңгеден астам қаражатқа 23 жоба бекі­­тілген болатын. Соның арқасында, біз 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын аша алдық. Ал, биылғы жылдың өзінде 105 млрд. теңгенің 14 жаңа жобасын іске қоспақпыз. Осының өзі 900-ден астам қосымша жұмыс орны ашылады деген сөз», - деді өңір басшысы. Сөйтіп, әкім индустрияландырудың келесі кезеңінде экономиканың түрлі салалары бойынша 60-тан астам жобаны жүзеге асыруға ниетті екендіктерін білдірді. Онда инвестицияның болжамды көрсеткіші 2 трлн. теңгені құрап, 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу қарастырылады. Бұдан бөлек, алдағы уақытта облыста шағын және орта бизнесті дамытуға арналған индустриялық аймақ құру жоспарда бар. «Жаңа индустриялық аймақты дамытуға бағытталған жұмыста нақты нәтижелер жоқ. Қазір тек, Жаңаөзен қаласында ғана технопарк құрылған. Менің білуімше, жаңаөзендік кәсіпкерлер арасында бұл жерге өз өндірісін ашуға тілек білдірушілер жетерлік. Қалалық әкімдік оларды іріктеуде мұқият болуы керек. Бұлар нақты, өзін ақтайтын, халық қажеттілігіне жарайтын, қала құрушы кәсіпорын болатындай тиімді жобалар болуы қажет», - деді облыс әкімі. Аталған жұмысқа қатысты аймақ басшысы Кәсіпкерлік және сауда басқармасына, сондай-ақ «Каспий» ӘКК ҰК» АҚ-на нақты тапсырмалар берді. Олар өзара бірлесе отырып, 2015 жылы кем дегенде екі жаңа индустриялық аймақты құруы қажет. Кәсіпкерлік демекші, облыс әкімі жақында жарияланған Елбасы Жолдауының шағын және орта бизнеске тың серпін беретінін де жоққа шығармайды. «Маңғыстау облысында жыл басынан бері жалпы сомасы 3,9 млрд. теңгенің 10 жобасы мақұлданған болатын. Олардың 8-і қазір іске қосылып, жұмыс жасап жатыр. Жақын аралықта біз Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын ашуды жоспарлаймыз. Бұл орталықта бизнесмендер құжаттар рәсімдеп, кеңестер алады, тіркеуден өтеді», - деді облыс басшысы. Оның айтуынша, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында тәуекелдерді басқаруға оқытып, кәсіпкерлердің құқықтық сауатын арттыруға жәрдемдесетін шаралар қабылданады. Маңғыстау халқының саны 600 мыңнан асты Тоқтала кететін жайт, Тәуелсіздіктен бері Отанына оралған бауырлар есебінен Маңғыстау халқының саны күрт өсіп, облыс халық санының өсімі жоғары өңірге айналған. Бүгінде өлке тұрғындарының көрсеткіші 600 мың адамнан асыпты, бұл  өткен жылмен салыстырғанда тұрғындар саны 3,4 пайызға артық. Облыс басшысы мұндай өсім қарқынын ең бірінші кезекте туу көрсеткішінің жоғары болуымен байланысты. Дегенмен, өндірісі қарқынды дамып жатқан облысқа басқа өңірлерден келушілер қатары да азайған емес. Мәселен, былтыр Маңғыстау облысы басқа өңірлерден келушілер саны бойынша да алдыңғы қатарға шығып, миграциялық өсім 2 мың адамды құраған. Бұл демографиялық тұрғыдан алғанда оң үдеріс, жағымды көрсеткіш. Халық санының артуы әлеуметтік-экономикалық саясатты да сауатты жүргізуді талап етеді. Бұндағы басты назар - жұмыссыздық. «Облыста жұмыс­пен қамту жағдайы да жағым­ды көрсеткішке ұласып отыр. Халықтың жұмыспен қамты­лу көрсеткіші 266 мың адамды құрайды, бұл өткен жылғы көрсеткішке қарағанда 3 пайызға артық. Расында, жұмыссыздар саны азайған. Қазір олардың саны 15 мыңға жетпейді», - дейді облыс басшысы Алик Айдарбаев. Осы тұста айта кетерлігі мұнайлы өлке болғандықтан, Маңғыстау облысында жұмыссыздардың басым бөлігі мұнай секторынан, жалақысы жоғары жұмыс іздейтін көрінеді. Мәселен, жұмыссыз саналатын жоғарыдағы 15 мыңға тарта адамға, тіпті олардың әрқайсысына дерлік басқа салаларда жұмыс орындары ұсынылғанымен, жалақының төмендігіне орай жұмыссыз 10 адамның алтауы одан бас тартып жатады екен. Ал бұл мәселені қалай шешпек керек? «Бұл үшін біз маңғыстаулықтарға арнап жаңа мүмкіндіктерді қамтитын «Жаңа серпін» атты бағдарламаны жүзеге асыра бастадық. Аталмыш бағдарлама жақын 3 жылда 9 мыңнан астам жұмыс орындарының ашылуы болжанатын 32 жоба аясында мамандар даярлаумен айналысады», - дейді А.Айдарбаев. Бұдан бөлек, облыс әкімі өңірдегі денсаулық сақтау мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, облыстағы өмір сүрудің орташа ұзақтығы 71,7 жасты құрайды. Айта кетейік, Маңғыстау облысында бала мен ана өлімі айтарлықтай азайған, тұрғындар арасында қан айналымы жүйесінің ауруынан болатын өлім-жітім де едәуір төмендеген. Туберкулез ауруына шалдыққандар мен осы ауру салдарынан көз жұмғандар қатары азайды. Мұны үлкен жетістік деп айтуға болады. Маңғыстауда апатты мектеп болмайды Дегенмен, халық санының осылайша шапшаң өсім қарқынына ие болуы облысқа әлеуметтік мәселелерді шешуде ширақтықты талап етіп, адамның тұрмыс-тіршілігіне қажетті әрі маңызды саналатын инфрақұрылымдарды дамыту міндеттемелерін дер уағында орындау жауапкершілігін де арттырады. «Биыл әлеуметтік салаға 72 млрд. теңге бөлінді. Білім беру саласындағы «Балапан» бағдарламасы 3-6 жастағы балалардың 82 пайызын қамтып отыр. Жалпы, балабақшаларда орын жетіспеушілігі жоқ емес, дегенмен бұл негізінен туу көрсеткішінің жоғары болуымен байланысты болып табылады. Бүгінгі таңда 10 мыңнан астам бала кезекте тұр», - дейді бұл жайындағы сөзінде облыс басшысы Алик Айдарбаев. Оның айтуынша, аталған проблеманы шешу үшін өңірде балабақшалар құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, ағымдағы жылы 660 орынды құрайтын 4 балабақша жұмыс істей бастаса, одан бөлек, 3 мың 930 орындық 17 балабақшаның құрылысы жүргізілуде. Тоқтала кететін жайт, өткен жылы Маңғыстау облысы бойынша 17 балабақшаның құрылысы үшін толық көлемде қаржы бөлінсе, 9 балабақшаның құрылысын биылғы жылы аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған болатын. «Алайда 4 нысан конкурстық процедуралардың уақытында өткізілмеуіне, мердігер ұйымдардың өздеріне жүктелген міндеттерді орындамауына байланысты келесі жылға қалып отыр. Ол Түпқараған ауданындағы 190 орындық 2 балабақша мен Мұнайлы ауданындағы 560 орындық 2 балабақша», - дейді әкім Алик Айдарбаев. Облыс басшысының сөзіне қарағанда,  2015 жылға арналған жаңа жобалармен де түйткілді мәселелер бар. Ағымдағы жылы аудандар мен қалалар әкімдіктеріне тағы 17 балабақшаның құрылысы үшін жобалық-сметалық құжаттарды алу үшін қаржы бөлінген. Алайда жобалардың дайындығы тиісті деңгейде емес көрінеді. «2 балабақшаның жобалық-сметалық құжаттары  2015 жылдың бюджетіне тек Маңғыстау ауданы бойынша ғана енгізілді. Балалар бақшасына сұраныс жоғары.  Ақтауда бір де бір жоба дайын емес. Балалар бақшасын салу үшін жеке инвесторларға жер учаскелері бөлінбейді», - деп атап өтеді әкім. Атап өтерлігі, Маңғыстау облысында білім беру бағдарламасына да баса маңыз беріліп отыр. Бұл ретте Мемлекет басшысының 2017 жылға дейін оқушы орнының тапшылығын жою, апатты мектептер проблемасын толығымен шешу туралы тапсырмасын облыс басшылығы қаперде ұстанады. «Біз биыл 200 орындық бір мектептің құрылысын аяқтадық, келесі жылы әрқайсысы 624 орындық 2 мектеп салынбақ. Тұтастай алғанда, 2015 жылдан бастап Маңғыстау облысында апатты мектептер болмайды», - деді өңір басшысы Алик Айдарбаев. Сонымен қатар облыс басшысы 2015 жылы үш ауысымды мектептердің проблемасын шешу де назарда болатынын атап өтті. Әкімнің сөзіне қарағанда, облыста үш ауысымдағы 4 мектеп бар. Бұны жою үшін биылғы жылдың соңына дейін 960 орындық мектепті қолданысқа енгізетін болса, 1700 орындық және екі мектеп келер жылы салынатын болады. Жолдау - жігерлендіреді «Нұрлы Жол- болашаққа бастар жол» атты жаңа экономикалық саясат - тұтастай елдің әл ауқатын жақсартып, экономиканың өсімін қамтамасыз етуге бағытталған бағдарлама екені белгілі. Бұндай Елбасы айқындаған іргелі қадам Маңғыстау облысына да үлкен жауапкершілік жүктейді, зор міндет артады. «Жақында Елбасы еліміз үшін тарихи мәні бар Жолдауын жария етті. Онда сыртқы нарықтағы жағымсыз құбылыстарды, энергия тасымалдаушылар бағасының құбылмалылығын ескерген Мемлекет басшысы, «Нұрлы жол» атты жаңа экономикалық саясаттың негіз қалыптастырушы идеяларын паш етті. Біз осыған байланысты қолданыстағы және келешекте қабылданатын бағдарламаларды Елбасы айқындаған қадамдармен сәйкестендіруге тиіспіз. Бұл ретте Маңғыстау облысы Президент тапсырмасын орындауға әзір екенін айтқым келеді», - деді өңір басшысы Алик Айдарбаев. Бұл ретте өңір басшысы Жолдауда басымдық берілген инфрақұрылым мен жол-көліктік даму бағдарының үлкен рөл ойнайтынына сенімді. Сонымен қатар, Ұлттық қордан қаралатын қаражат облыстың кәсіпкерлік әлеуетін дамытуға да өз әсерін тигізбек. Айта кетерлігі, жақында Маңғыстау облысында жергілікті атқарушы билік пен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесе отырып, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын ашпақшы. Аймақ басшысының айтуынша, «Нұрлы Жол - болашаққа бастар жол» Жаңа экономикалық саясат аясында Ұлттық қордан 100 млрд. теңге бөлінуі өңір кәсіпкерлігін дамытуға қосымша серпін бергелі отыр. Дереккөзі - қазақпарат.