Маңғыстауда алдыңғы жылмен салыстырғанда мұнай өнімінің көлемі 2,7%-ға өсті

Республикамыздың қуатты өңірлерінің бірі Маңғыстаудағы идустриялық-инновациялық бағдарламалары туралы, оның жүзеге асуы жайында Маңғыстау облыстық индустриялдық-инновациялық даму басқармасы басшысы Жеңісбек Сағындықовпен сұхбат. - Құрметті, Жеңісбек Өренұлы, өлкеде Үдемелі индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыру қандай бағыттар бойынша атқарылып жатыр?   - Маңғыстау өңірінде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қарқынды жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев әр аймақтың өз ерекшеліктеріне қарай өндірісін дамытуға бағыт ұсталуы керектігін тапсырған болатын. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін Маңғыстау облысын одан әрі дамытудың мұнай-газ өндіру өнеркәсібін одан әрі орта және ұзақ мерзімге дамыту, мұнай химиясы, мұнай машина құрылысы, мұнай-сервистік қызметінен тұратын мұнай-сервистік кластерін өркендету, туризмді дамыту, құрылыс индустриясы, сондай-ақ транспорттық-логистикалық кластерді құру сынды бес бағыты нақтыланды. Көлік-транспорттық салада өңірдің мүмкіндігі жоғары, атап айтсақ, бұл тұрғыда «Өзен-Түркіменстан шекарасы» және «Жезқазған-Бейнеу» теміржол учаскесі бойынша іске асқан теміржол желісін мақтанышпен айта аламыз, «Атырау-Ақтау» автомобиль жолын салу, Ақтау, Баутин, Құрық теңіз порттарын дамыту бойынша жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда. - Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының биылғы 10 айындағы негізгі қорытындылары туралы айтты. Онда аймақ басшысы: «Елбасының тапсырмасы бойынша, Маңғыстау облысы басым секторларды дамыта отырып, кәсіпкерлікті дамыту, өлкенің инвестициялық тартымдылығын арттыру, адами капиталды күшейту арқылы өңірдің экономикасын әртараптандыруға ден қойды», - деді. Содан кейін ол бүгінгі таңда облыс экономикасы белгіленген параметр бойынша дамып отырғанын айта келе, аймақта өнеркәсіптік өнім көлемі 2 трлн. теңгені құрағанын айтты (2 062,7 млрд. теңге). Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2,7%-ға өскен. Қазіргі уақытта нақты жүзеге асқан өнімділік қуатына шыққан қандай жобалар бар?  - Иә, мұндай көрсеткішке, бірінші кезекте мұнай өнімінің тұрақтылығы арқасында қол жеткізілді. Жоспарлы кезеңде облыста алдыңғы жылмен салыстырғанда мұнай өнімінің  көлемі 2,7%-ға өсіп, 15,4 млн. тоннаны құрады. Өңдеу өнеркәсібі де тұрақты дамуда, өсу динамикасы  21,3 % немесе 89 млрд. 300 млн теңге. Жалпы, бұған дейін де айтып өткен болатынбыз. Тағы да ақпарат бере кетейік. Өңірде 2010-2014 жылдарға арналған индустрияландыру картасы бойынша, 2010-2013, үш жыл ішінде 23 жоба жүзеге асқан болса, оның 9-ы 70 пайыздан жоғары, 8 жоба 50 және одан да төмен жүктемемен жұмыс жасап тұр, 3 жоба жұмыс жасап тұр және жоспары бойынша өнім шығаруды келесі жылдарға көздеген, ал 3 жоба әзірге тоқтап тұр. 2014 жылы 900-ден астам жұмыс орнын ашады деп күтілетін 14 жобаны межелеп отырсақ, қазіргі таңда 3 жоба іске қосылып, 500-ге тарта адам жаңа жұмыс орындарын тапты. Олар - Шетпедегі «Каспий цемент» зауыты, «Жанарыс» ЖШС-нің Жетібай кентінде іске қосқан арнайы жұмыс киімдерін тігу және кір жуу цехы, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ газтурбиналық электр стансасы. Қалған 11 жоба да қосылу үстінде, 5-уі желтоқсан айының басында, 4-уі ортасында, ал 2 жоба жылдың соңында іске қосылады. Ірі өндіріс орындары көп емес, баршаңыз білесіз, Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе кентінен ашылған «Каспий цемент» зауыты - аймақтағы айтулы жаңалықтардың бірі болды. Шетелдік инвесторлардың, атап айтсақ,  германиялық «HeidelbergCement» компаниясының қаржыландыруымен салынған зауыт қоршаған ортаға зиянын тигізбей, технологияның соңғы жетістіктерін қолданып, цемент өндіреді. Толықтай заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылып, автоматтандырылған зауыт жоғары маркалы цемент дайындауға құрғақ әдісті қолданады. Еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енген зауыт ел экономикасының дамуына, сондай-ақ аймақтың инфрақұрылымына оң әсерін тигізіп, өзіндік үлесін қосатын болады. Зауытта 400-ге тарта адам жұмысқа орналасып, жаңа өндірістік ғимарат және вахталық шағын ауыл бой көтерді. Шетпе теміржол стансасы жаңғырып, өткізу мүмкіндігі артты. Еліміздің батыс аймағындағы бірден-бір цемент өндіретін зауыт аймақтың цементке деген қажетін толық өтеумен қатар, артық өнімді Каспий маңы елдеріне экспорттауға мүмкіндік бар. Алдағы уақытта еуропалық технологиямен цемент дайындау жоспарланған. - Ал, таяу арада ашылатын қандай жобалар бар? - Өңірде жақында тұсауын кесетін жобалар да жоқ емес. Солардың бірі - «КИС-Ақтау» ЖШС. Құрылыс материалдарын дайындаумен айналысатын серіктестік «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы аумағында орналасқан. Қазірдің өзінде Маңғыстаудағы ірі құрылыс компанияларымен әріптестік келісімге қол қойғандықтан, бұл кәсіпорынның жұмысынан қарқындылық күтеміз. Құрылыс кезеңінде 50 адамды жұмыспен қамтитын ол іске қосылған соң 40 адамның жұмыс орны болмақ. Аймақта құрылыстың, оның ішінде өзектілігі жоғары тұрғын үй құрылысының өркендеуіне үлес қосатын болады. Өздеріңіз де естіген боларсыздар, облыс әкімі 10 айдың қорытындысы бойынша баяндамасында құрылыс жұмыстарының көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 103,1%-ға өсіп, 135 млрд. теңгені құрағанын айтты. 500 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріліп, аталған көрсеткіш 30%-ға өсті. - Сұхбатыңызға рахмет. Дереккөзі - қазақпарат.