Халықтың жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы 2014 жылдың қыркүйегінде 109706 теңгеге жетті

Қазақстан мұнайының шамамен 30 пайызы өндірілетін Маңғыстау облысы бүгінде қарқынды даму үстінде. Өңірде барлық салада ілгерілеушілік байқалады. Мемлекет тарапынан белгіленген бағдарламалар да табысты жүзеге асырылып, облыс экономикасының дамуына өз үлесін қосуда. Таяуда осы облыстың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Индира Құрманмен өңірдің экономикалық даму көрсеткіштеріне орай сұхбат алудың реті түсіп еді. - Индира Ибрайқызы, алдымен өңірдің экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталсаңыз. Жалпы, облыстың қазіргі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері қандай? - Ағымдағы жылы облыста өңірлік экономиканың тұрақты өсуі байқалады. Осы жылдың 10 айындағы барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика қалыптасып отыр. Мәселен, өнеркәсіптік өнім көлемі - 2 062,7 млрд. теңгені, нақты көлем индексі - 102,7 пайызды құрады. Оң қарқын есепті кезеңде 15,4 млн. тоннаны құраған немесе өткен жылмен салыстырғанда 102,7 пайызға өскен мұнай өндіру көлемінің артуы есебінен қамтамасыз етілді. Тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі нақты көлем индексі - 101,4 (1906,7 млрд. теңге), өңдеу өнеркәсібіндегі нақты көлем индексі - 121,3 пайыз (89,3 млрд. теңге) құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 416 млрд. теңгеге жетіп, 15 пайызға ұлғайды. Индустрияландыру картасының аясында, ағымдағы жылы сметалық құны 105 миллиардтан астам теңгені құрайтын және жаңадан 900 жұмыс орны құрылатын 14 жобаны аяқтау жоспарланған. Құрылыс жұмыстары көлемінің де 3,1 пайызға артуы байқалады (133,5 млрд. теңге). 501,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл - 2013 жылдың осындай деңгейінен 29,9 пайызға (385,8 мың шаршы метр) және ағымдағы жылдың жоспарынан 2,8 пайызға артық. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының аясында қабылданған шаралар нәтижесінде кәсіпкерлікті дамытудың барлық негізгі көрсеткіштері бойынша: тіркелген белсенді субъектілер санының 2,7, шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар санының - 3,1; өнім шығарудың - 9,3 пайызға серпінді өсуі тіркелді. Жұмыспен қамтылғандардың үлесі 32,6 пайызды құрады. Халықты жұмыспен қамту саласында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы  жол картасының іске асырылуын есепке алғанда ағымдағы жылдың қаңтар-қазанында облыс бойынша 23 653 жұмыс орны құрылды. Жалпы, жұмыссыздық деңгейі 2014 жылдың 3 тоқсанында 5,3 пайызды құрады. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен жұмыссыздық деңгейінің 0,2 пайызға төмендегенін білдіреді. Сондай-ақ, жастар жұмыссыздығы деңгейінің 6,7 пайыздан  4,9 пайызға төмендегені байқалады. Халықтың жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы 2014 жылдың қыркүйегінде 109706 теңгеге жетті. 2013 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда атаулы ақшалай табыс - 17,8% пайызға, нақты ақшалай табыс - 10,7 пайызға ұлғайды. Бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 2014 жылдың қаңтар-қыркүйегінде 212207 теңге болды, бұл 2013 жылдың осындай кезеңінен 18,3 пайызға жоғары. Әлеуметтік салада да оң нәтижелердің орын алуы үшін барлық жағдайлар жасалуда. Мәселен, білім беру саласында жаңа балабақшалар салу және пайдалануға беру жөніндегі жоспарды жыл сайын орындау есебінен 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 82 пайызды құрайды. Жыл басынан бері 660 орындық 4 балабақша пайдалануға берілді. Тағы да 3930 орындық 17 балабақша салынуда. 4 мектепте үш ауысыммен оқытуды жою мақсатында, ағымдағы жылы Ақшұқыр ауылында 960 орындық бір орта мектеп оқушыларды қабылдады. Форт-Шевченко қаласында 550 орындық мектеп-интернаттың және Атамекен ауылында 1200 орындық орта мектептің құрылысы жүргізілуде, олар 2015 жылы пайдалануға беріледі. 2015 жылы Бейнеу ауылында 900 орындық орта мектептің құрылысы басталады. 3 апатты мектептің проблемалары шешілуде: ағымдағы жылы 200 орындық бір мектеп пайдалануға беріліп, 2015 жылы аяқталатын әрқайсысы 624 орындық тағы екі мектептің құрылысы жүргізілуде. Есепті кезеңде денсаулық сақтау саласында туберкулезбен ауыру көрсеткіші 2013 жылдың қаңтар-қазанындағы 100 мың халыққа шаққандағы 62,7-ден 2014 жылдың қаңтар-қазанында 49,6-ға дейін, қан айналымы жүйесінің ауруларымен науқастану көрсеткіші 5,9 (100 мың халыққа шаққанда 1021,8-ге дейін) және одан өлім-жітім көрсеткіші 28 пайызға (100 мың халыққа шаққанда 46,1) төмендеді. Балалар өлімінің деңгейі 2014 жылдың қаңтар-қазанында 1000 тірі туғандарға шаққанда 11-ден 10,3-ке дейін кеміді. Ана өлімінің 2 фактісі тіркеліп, деңгей 100 мың тірі туғандарға шаққанда 12,7-ні құрады. Айта кетерлігі, облыс бала туу деңгейі бойынша республикада 1-орында тұр. Дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пункттер және емханалар салу есебінен денсаулық сақтау ұйымдарының желісі артуда. Мәселен, ағымдағы жылы облыстық аурухананың кардиохриругиялық блогы мен Жаңаөзен қалалық перзентханасы пайдалануға беріліп, 8 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталды. Өңірдің бәсекеге қабілетті артықшылықтарын есепке ала отырып, облыс экономикасының мынадай өсу резервтері айқындалды: мұнай-газ өндіру секторын одан әрі дамыту (іздестіру, барлау жүргізу және жұмыс істеп тұрған кен орындарын жете барлау, жұмыс істеп тұрған кен орындарының тиімділігін көтеру, мұнай сервистік кластерді дамыту), облыстың транзиттік әлеуетін дамыту (көлік пен логистика), құрылыс индустриясы мен туризмді дамыту («Кендірлі» курортты демалыс аймағы). - Маңғыстау - мұнайлы өлке. Қара алтынның өңір экономикасына зор үлес қосып отырғаны сөзсіз. Жыл басынан қанша мұнай өндірілді? Биылғы меже орындала ма? - Маңғыстау облысы - Қазақстан мұнайының шамамен 30 пайызы өндірілетін өнеркәсіптік өңір. Облыс аумағында көмірсутегі шикізатының шамамен 60 кен орны барланған, оның ішінде 27 кен орны игерілуде. Өңірдің мұнай-газ өндіретін ірі кәсіпорындары - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ және «Қаражанбасмұнай» АҚ. Осы кәсіпорындар облыстағы тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі өнім көлемнің өсуін қамтамасыз етуде. Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысында мұнай өндіру көлемі 15,4 млн. тоннаны құрады немесе өткен жылмен салыстырғанда 102,7 пайызға  өсім көрсетті. Ал мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін бірқатар шаралар қабылданған болатын. Дәлірек айтқанда аталған кәсіпорындардың жұмыс істеп тұрған ескі кен орындарында өндірісті жаңғырту жүргізіліп, жаңа технологиялар енгізілу үстінде. Тұтастай алғанда, жыл қорытындысында күтілетін мұнай өндіру көлемі 18,5 млн. тоннаны құрайды немесе мұнай өндіру 2,3  пайызға өсетін болады. - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне үнемі баса назар аударып келеді. Ал бұл саланың өңірдегі даму деңгейі қандай? Облыстың ішкі жалпы өніміне қосар үлесі артып келе ме? - Облыстағы шағын кәсіпкерлікті қолдаудағы мемлекеттік саясатты іске асырудың негізгі құралы - «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы. 2010-2013 жылдары аралығында аталған бағдарлама аясында 120 жоба мақұлданып, 3,2 млрд. теңге игерілді. Бұған қоса,  2750 жұмыс орны сақталып, шамамен қосымша 1100 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал биыл жалпы құны 4,2 млрд. теңгені құрайтын 46 жоба мақұлданған болатын. Айта кетерлігі, жобалардың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібінде (41%), көлік және қоймалауда (26%), әлеуметтік сала мен қоғамдық тамақтандырудағы қызметтерде (33%) іске асырылуда. Отандық кәсіпкерлерді қолдау мақсатында, жыл басында Ұлттық қордан «Даму Өндіріс» бағдарламасы бойынша 100 млрд. теңге бөлінді. Осы бағыт бойынша Маңғыстау облысында 2,9 млрд. теңге сомасына 10 жоба мақұлданып, оның сегізі қазір жұмыс істеп тұр. Ал енді өңірдегі шағын және орта бизнес субъектілеріне тоқталар болсам, бүгінде олардың облыстағы саны - 32,5 мың мың бірлік. Оларда  96,9 мың адам жұмыс істеуде. Айта кетерлігі, өңірдегі экономикалық белсенді халықтың ШОБ-те жұмыспен қамтылғандарының үлесі - 32,6 пайызды құрап отыр. Бюджетке түскен салықтық төлемдер көлемі - 114 млрд. теңге, өсім - 12,3 пайыз. Облыстың барлық аудандарында «Даму» қорының жанындағы Кәсіпкерлікті қолдау орталықтары ашылды. Ағымдағы жылдың соңына дейін Ақтау қаласында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын, сондай-ақ Мұнайлы ауданында КҚКО мен бизнес-инкубатор ашу жоспарлануда. - Елімізде индустрияландырудың екінші кезеңі жүзеге асырылады. Облыста осы бағдарламаға қанша жоба енген? Олар өңірде қанша жұмыс орнының ашылуына септігін тигізеді? - ҮИИДМБ-ның бірінші бесжылдығында 160,3 млрд. теңге сомасына барлығы 23 жоба іске асырылды. Шамамен 2 мың жұмыс орны құрылды. 2010-2013 жылдар аралығында 57,4 млрд. теңге сомасына өнім шығарылды. Ал 2014 жылы сметалық құны 105 млрд. теңге болатын және жаңадан 900 жұмыс орны құрылатын 14 жобаны пайдалануға беру жоспарланған. Жыл басынан бері 54 млрд. теңге сомасына және жаңадан 468 тұрақты жұмыс орны құрылған 3 жоба пайдалануға берілді, олар:  «Шетпе ауылындағы цемент зауытының құрылысы»;  « Жетібай ауылының маңындағы киім тігу және химиялық тазарту цехының құрылысы»; «Қаламқас кен орнында 2х45 МВт газ-турбиналық электр стансасын салу және іске қосу». Бұдан бөлек 2014 жылдың соңына дейін сметалық құны 51,6 млрд. теңге болатын және 434 адам жұмысқа орналастырылатын тағы 11 жоба іске қосылатын болады. Келер жылға да жүйелі жоспарымыз бар. Атап айтқанда, 2015 жылға жалпы құны 130 млрд. теңге болатын және 1000-нан астам жұмыс орны құрылатын 17 жобаны пайдалануға беру жоспарланған. ҮИИД МБ-ның екінші бесжылдығында жалпы құны 1 трлн. теңге болатын және 12000-нан астам жұмыс орны құрылатын 60-тан астам жобаны іске асыру жоспарланған. Дереккөзі: Қазақпарат