«Облыс бюджеті 148 млрд теңгені құрап отыр»

0
1116

Марина Әлібековамен үстіміздегі жылдың он айының қорытындылары бойынша облыс бюджетінің түсімі мен шығысы, бюджет қаржыларын игеру мәселелері жөнінде сұхбат. 

– Марина Борисқызы, облыс бюджеті өткен кезеңдерде қалай орындалды?

– Бүгінгі күнге, 2014-ші қаржы жылының аяқталу қарсаңында, бюджет қаражатын толық игеру – бірінші кезектегі міндеттердің бірі. Ағымдағы жылдың 1 қарашасы жағдайына облыс бюджеті 91,1%-ға орындалды немесе есепті кезеңге жоспарланған 118,8 млрд.теңге 108,2 млрд. теңгеге игерілді. Бұндағы шығындар көлемі жергілікті бюджет қаражаты мен республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттер сомасын қамтиды. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде облыс бюджеті 88,3 млрд.теңге қаржыға игерілді немесе 20 млрд.теңге шамасына өсті.

Алғашқы, 2014 жылға арналған облыс бюджетінің шығындары 123,1 млрд.теңге көлемінде бекітіліп, есепті кезеңде жүргізілген нақтылаулар нәтижесінде ол 148 млрд.теңгені құрап отыр. Жалпы, облыс бюджеті 5 аудандық, 2 қалалық және облыстық бюджеттен құралған. Облыс бойынша жергілікті бюджеттен 578 мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар қаржыландырылады.

– Енді мемлекеттік трансферттерді игеру мәселелеріне тоқталып өтсеңіз.

– Барлық облыс бюджетінің шығындар көлемінің 26%-ын республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттер құрайды, олардың нақты жылдық көлемі – 37,4 млрд. теңге. Аталған қаржыны игеру 52 нысаналы трансферт түрі бойынша 13 облыстық бюджеттік бағдарлама әкімшілері арқылы жүзеге асырылуда.

2014 жылдың 10 айлық қорытындысымен республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттер сомасын игеру 93,2 пайыз құрап, 29,9 млрд.теңге игерілді. Есепті кезеңдегі жете игерілмеген трансферт сомасына нақты атқарылған жұмыс көлеміне қарай төлем жүргізілетін шығындар кіреді, яғни бұлар іске асыру мерзімдері 2014-2015 жылдарға жоспарланған өтпелі инвестициялық жобалар болып табылады. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, нысаналы трансферт қаражатын игеру көлемінде өсім байқалады. 2013 жылдың 1-ші қарашасына нысаналы трансферттер 75,9%-ға ғана игеріліп, 17,5%-ға төмен көрсеткіште болды.

Ағымдағы жылдың қазан, қараша айындағы республикалық бюджеттің және облыс бюджетінің нақтылануы барысында нысаналы трансферттер көлеміне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Нәтижесінде мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде іс-шараларды жүзеге асырудан қалған үнемдеу сомасына және республикалық бюджеттің секвестеріне байланысты трансферттер көлемі 1,4 млрд. теңгеге азайтылып, жыл соңындағы нысаналы трансферттер көлемі 36 млрд.теңгені құрады.

– Әлеуметтік салалар қалай қаржыландырылып отыр?

– Облыс бюджетінің барлық шығындарының 43,2%-ын әлеуметтік шығындар құрайды немесе білім беруге, денсаулық сақтауға және әлеуметтік қамтамасыз етуге 64 млрд. теңге бағытталған. Бұл ағымдағы жылы да әлеуметтік шығындар басымдығының сақталғандығын көрсетеді. 2014 жылдың 1 қарашасына әлеуметтік шығындардың атқарылуы 93%-ды құрады. Бұнда білім саласы бойынша есепті кезеңде «Балапан» бағдарламасы аясында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын ұстауға 5,3 млрд.теңге қаржы жоспарланып, 98,1 пайызға игерілді. Сонымен қатар үш ауысымдық оқу үрдісі жағдайын, апаттық жағдайдағы мектеп мәселелерін, оқушылар тасымалын жою мақсатында және «Балапан» бағдарламасы аясында халықты мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен қамтамасыз ету бағытында ағымдағы жылы 26 білім саласы нысандарының құрылысы қаржыландырылуда.

2014 қаржы жылы «Саламатты Қазақстан» денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттік бағдарламасының аясында денсаулық сақтау саласына 16,8 млрд.теңге бағытталып, оның 10 айға қаралған қаражатының атқарылуы 90,2 пайызды құрады. Ағымдағы жылы денсаулық сақтау саласы бойынша 11 құрылыс нысандары мен 13 жобалық-сметалық құжаттарды жасақтау жұмыстары жүзеге асырылуда.

– Индустриялық-инновациялық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін қандай жұмыстар атқарылуда?

– Әлеуметтік шығындармен қатар бюджеттік шығындардың жоғары деңгейі инфрақұрылымдық және индустриялық жобаларға жұмсалады. Шығындардың жалпы көлемінің 29%-н даму бюджетінің үлесі құрайды, бұл инвестициялық жобаларды іске асыруға қаралған жылдық шығындардың көлемі 42,6 млрд. теңге. 10 айға жоспарланған қаржының орындалысы 28,5 млрд.теңге болды. 2013 жылы аталған бағытқа облыс бюджеті шығындарының 26%-ы жұмсалған болатын, ол үстіміздегі жылғыдан 5,6 млрд.теңгеге төмен. Биылғы жылы облысымыз бойынша барлығы 561 инвестициялық жобалар қаржыландырылуда, оның ішінде 251-і – құрылыс жинақтау жұмыстары жобалары, 310-ы – жобалық-сметалық құжаттар жасақтау жобалары.

– Жергілікті бюджет түсімдері туралы айта кетсеңіз.

Бюджет қаражатының уақытылы, толық игерілуі облыс бюджетінің түсімдер бөлігінің орындалысымен тығыз байланысты.

Ағымдағы қаржы жылының басындағы облыс бюджеті түсімдер бойынша 123,1 млрд. теңге сомада бекітіліп, нақтылаулар нәтижесінде 17,9 млрд.теңгеге ұлғайтылып, 141,0 млрд.теңгені құрады.

2014 жылдың 10 айлық қорытындысы бойынша барлық деңгейдегі бюджеттерге 304,7 млрд. теңге салықтық төлемдер мен алымдар түсті.

Есепті кезеңдегі жергілікті бюджеттің атқарылуы 100,6%-ды құрап, 0,7 млрд. теңге көлемінде түсім жоспардан артық түсті. 2013 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, түсімдердің орындалуы 4,1 млрд.теңге өсті. 2014 жылдың 1-ші қарашасына түскен түсім көлемінің 70,6%-ы үлесін салықтық түсімдер құрады, олар өткен он айдың ішінде 80,9 млрд.теңге құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі салықтық түсімдер көлемі 73,2 млрд.теңгені құрады, бұл биылғыдан 7,7 млрд.теңгеге төмен.

Жергілікті бюджетке түсетін түсім көлемінің жылдан-жылға өсімі шағын және орта бизнес есебінен жаңа кәсіпорындардың, мемлекеттік ұйымдар мен жекеленген салық түрлері бойынша салық төлеушілер санының көптеп өсуіне байланысты ұлғайып отыр.

Жергілікті бюджетке түсетін салықтық түсімдер мен алымдар көлемін ұлғайту мақсатында барлық түсім көздері бойынша кіріс түсіруді қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдар мен облыстық мемлекеттік кіріс департаменті бірлескен жұмыстар жүргізуде.

Жергілікті бюджетке түскен қаражатты ұтымды пайдалану бағытында бюджеттің атқарылуына уәкілетті орган тарапынан облыс бюджетінің бақылау есеп шотындағы бюджет қаражатына тұрақты талдау жасалынып, бақылау жүргізіліп отырылады.

Жергілікті бюджеттің кірістеріне қосымша түсім түсіру мақсатында 2013 жылдың тамыз айынан бастап уақытша бос бюджет ақшасын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің салымдарына орналастыру жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылдың 10 айы ішінде ҚР Ұлттық Банкінің салымдарына уақытша бос бюджет ақшасын орналастыру есебінен жергілікті бюджетке 14,1 млн.теңге қосымша кіріс түсіру қамтамасыз етілген болса, 2013 жылдың тамыз-желтоқсан айларындағы түсім 13,8 млн.теңгені құрады. Кірістің бұл түрі бойынша түсім көлемі айтарлықтай емес болғанмен, мемлекеттік ұйым қызметін қамтамасыз етуге қажетті негізгі құралдар сатып алу шығындарын қарастыруға қосымша мүмкіндік болып саналады.

Қазіргі таңда бюджет қаражатын уақытылы, тиімді игеру мүмкіндіктеріне жағдай қарастырылған. Бюджет қаражатын игеру үдерісі түгелге дерлік автоматтандырылған десек те болады, атап айтқанда, мемлекеттік сатып алу үдерісін ұйымдастыру және өткізу, мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша міндеттермелер қабылдау, банк арқылы жүргізілетін төлем құжаттарын рәсімдеу автоматты түрде іске асырылады. Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік ұйымдар «Бюджет-қаржыландыру», «Клиент-Қазынашылық» арнайы бағдарламалық өнімдерімен жұмыс жасайды, яғни ұйымдардың есеп қызметкерлеріне төлем төлеу, міндеттеме қабылдау, қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізу іс-әрекеттерін жұмыс орындарында отырып жүзеге асыру мүмкіндері жасалып отыр. Сонымен қатар аталған бағдарламалық өнімдерді қолданысқа енгізу бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына бақылауды қамтамасыз ету болып табылады.

Мемлекеттік бюджеттен жұмсалынатын әрбір қаржының тиімді, мақсатты пайдаланылуы – ішкі бақылау органдарының тұрақты бақылауында.

Тиісті жылға арналған бақылау іс-шаралары негізінде ішкі және сыртқы қаржы бақылау органдарымен бюджет қаражатының мақсатты және тиімді пайдаланылу мәселесі бойынша бақылау-тексеру шаралары жүзеге асырылуда, нәтижесі облыс әкіміне және тұрақты комиссия қарауына ұсынылады.

Жалпы, жыл ішінде жүргізілген талдау нәтижесінде 2014 жылға қарастырылған бюджет қаражатын толығымен игеру жоспарланып отыр, соның ішінде республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттер де бар. Барлық бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне бюджет қаражатын толық игеру тапсырмасы берілді. Оларды іске асыру үшін жұмыстанатын боламыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әбдіғалым Сәркенов, Маңғыстаудан

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз