Ақтауда антитеррорлық оқу жаттығуы өтті

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен Ақтауда «Антитеррор-2014» тактикалық оқу жаттығуы өтті. Оған 1000-ға жуық қызметкер жұмылдырылып, 50 арнайы техника және тікұшақ пайдаланылды. Осылайша арнайы құрылған жедел штаб құрамы тізе қосып, содырларға соққы беру тактикаларын пысықтады. Оқу жаттығуы аясында қатысушылар ұрыс тәсілдеріне машықтанып,  ашық алаңда техника мен қару қолданды. Басты мақсат-бейбіт күнде ел ішіне бүлік салғысы келген топты бұғақтау. Алдын-ала құрылған сценарий бойынша облыс аумағында террорлық қаупі төніп тұрғаны жайында «сигнал» түсті. Осы бойынша арнайы штаб құрылып, антитеррорлық операцияны жүргізу қолға алынады. Штаб құрамы облыстық Ішкі істер департаментінде бас қосып, аз уақыттың ішінде жоспар құрып, террористермен күресуді пысықтады. Облыс аумағындағы барлық аудандарға хабарлама арқылы жауапты қызметкерлерге қоғамдық қауіпсіздікті күшейту жөнінде тапсырма берілді. Әр жауапты қызметкер өзінің аумағы бойынша жасалған жұмыстар бойынша телефон арқылы баяндама жасады. Мұнан кейін ІІД-не қарасты жедел басқару орталығынан басқарылатын қаладағы камералар бойынша күдікті деп танылған автокөлік бақылауға алынды. «Террористердің алты адам екені белгілі болды. Олардың телефоны тыңдалып, екі топқа бөлінгеніни анықтадық. Бірі-қаладағы тұрғын үйге жасырылынса, енді бірі-Жаңаөзен қаласына бет алды. Сондықтан да алдын ала жасақталған штаб олармен күресті мықтап қолға алып, тұрғындардың тыныштығын сақтауы керек»,-дейді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департамент бастығы Сабыржан Оңғарбаев. Орган қызметкерлерінің жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде қылмыскерлердің орналасқан жері жылдам анықталды. Осылайша, штаб құрамы мен журналистер 31 шағынаудандағы құрылыс толықтай аяқталмаған аумақта өткізілетін оқу жаттығуына бет алды. Аумақта Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметерлері, жол сақшылары мен құқық қорғаушылар, жедел жәрдем қызметкерлері,  «Арлан» арнайы жасағы бірлесе отырып террористерді тұтқындады. Бірі-жолын бөгесе, бірі-қылмыскерлерді ұстап, залалсыздандырды. Алдымен бірінші топтағы террористер автокөлікпен қаладан бой тасалауды жөн санайды. Осы мақсатпен қаладан шығуды бетке алғанда олар блок постың қойылғанын көздері шалып,  көлікті кері бағытқа жүргізді. Дәл осы сәтте үш әскери Хамермен арнайы жасақ келіп, террористерге оқ жаудырды. Қаза тапқан террористерді жедел-іздестіру тобының қызметкерлері келіп, алғашқы іздестіру, тану шараларын жүргізді. Ал, тұрғын үйде жасырынған террористермен күресте, ортақ шешімге келіп, өз еркімен берілу керектігі жөнінде дауыс зорайтқышпен ұсыныс айтылды. Алайда бұл ұсынысқа террористер келісімін бермеді. Дәл осы сәтте тұрғын үй аумағы ҰҚК мен полиция қызметкерлерімен қоршауға алынып, террористермен күрес күшейтілді. Штаб басшысының бұйрығымен тікұшақпен арнайы жасақ тұрғын үйдің шатырынан түсірілді. Көз ілеспес жылдамдықпен арнайы жасақ қызметкерлері арқанмен, сатылармен түсіп, тұрғын үйдің терезелерін сындырып, террористерге оқ жаудырып, олардың көзін жойды. Жаттығу қорытындысы бойынша көздеген меже орындалдып, дер кезінде террористердің көзі жойылды. Оқу-жаттығуы аяқталған соң Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департамент бастығы Сабыржан Оңғарбаев шараға қатысушылардың дайындығының жоғары деңгейде екенін атап өтті. Оның айтуынша, барлық қатысушылар өздерін жақсы қырынан танытып, жинақтаған тәжірибелерін іс жүзінде қолдана алатындықтарын және кәсіби іс-қимыл таныта білетіндіктерін көрсетті. «Террористермен күрес-бұл әлем алдында тұрған зор міндет. Көрші мемлекеттерде орын алып жатқан қақтығыстардан барлығымыз хабардармыз. Осындай жағдайларға да біз әркез дайын болуымыз керек. Сондықтан да қауіпсіздік шараларын күшейтуді қолға алғанымыз жөн. Жалпы бүгінгі оқу жаттығуы дайындықтың жоғары деңгейде екенін көрсетті. Өткізілген жаттығулардың нәтижесі талданып, дайындықты одан әрі  жетілдіруге жұмсалады. Осындай жаттығулар арқылы қатысушылар өзара әрекет ету мүмкіндіктерін үйренуде жақсы тәжірибе жинақтайтын болады. Атсалысқан барлық азаматтарға алғысымды білдіремін»,-дейді Сабыржан Оңғарбаев. Алдағы уақытта бірлескен антитеррорлық оқу-жаттығуды қаланың орталығында тұрғындардың қатысуымен өткізу жоспарланған. Өйткені террористермен күрес күшейтілуі тиіс. Ал, қандай жағдайға да тұрғындар дайын болуы керек. Себебі, қоғамның басты байлығы саналатын адам өмірі мен бейбіт заман кез келген мемлекет үшін әркез қымбат... Венера МИРЛАН, Маңғыстау облысынан