Маңғыстаулық палуан әлем чемпионатынан күміспен оралды

0
836

Жылан жылы маңғыстаулық палуан Сұңғат Жұбатқан үшін жетістіктерге толы болды. Биылдың өзінде ол өзінде Орал қаласында А. Шайхиевті еске алуға арналған халықаралық ашық турнирде және Тараз қаласында Б. Тәжіметовтың жүлдесіне арналған халықаралық жарыстарда алтыннан алқа тақса, Еуропа кубогы сарапқа салынған халықаралық жарыстан қоланы еншілеген болатын. Ал, бұл жолы палуанымыз Кипрда самбодан жастар арасында өткен әлем чемпионатында күміс жүлдені иеленді.  Желтоқсан айының 5-7 күндері аралығында өткен жарысқа 31 мемлекеттен іріктелген 600-ге жуық спортшы қатысқан.

Жалпы әлемдік додаға Қазақстан ұлттық құрамасынан әр салмақ дәрежесі бойынша 10 ұл мен 5 қыз қатысып, төрт спортшы жүлдемен оралды. Тарқатып айтар болсақ, маңғыстаудың намысын қорғаған Сұңғат Жұбатқан (60 келі салмақта) күмістен алқа тақса, тараздық (52 келі салмақта), шымкенттік (50 келі салмақта) және атыраулық (42 келі салмақта) палуандар қоланы місе тұтты. Осылайша, байрақты бәсекеде ел қоржыны 4 медальмен толықты.

«Қараша айының соңғы аптасында Словения мемлекетінде өткен халықаралық жарысқа қатысып, қоланы еншілеген болатынмын. Сондықтан да әлем чемпионатында дайындалуға уақытымыз тығыз болатын. Десе де елге қайткен күнде де жеңіспен оралуым керек деген мақсатым болды. Сол мақсатқа қол жеткізгенім үшін де өте қуаныштымын. Әрдайым маған қолдау көрсетіп, жанымнан табыла білген бапкерім Манарбек Бисекеноке алғысымды білдіремін»,-дейді қуаныштан жүзі бал-бұл жанған Сұңғат Жұбатқан.

Палуанның бапкерінің айтуынша әлемдік додада Сұңғаттың қарсыластары осал болмапты. Бес кездесудің төртеуінде жеңіске жеткен палуанымыз ақтық сында болгариялық қарсыласына есе жіберіп алған.

«Сұңғат-аталмыш әлем чемпионатына Маңғыстаудан қатысқан жалғыз палуан. Боз кілемде Франция, Жапония, Грузия және Украина мемлекеттерінің палуандарымен кездесіп, айқын басымдылықпен ұтты. Ақтық сында болгариялық палуанға жол бердік. Жалпы әлемдік жарыста күміс жүлдені иеленудің өзі үлкен жетістік екенін атап өткім келеді. Сөз реті келгенде бізге қаржылай қолдау көрсеткен облыстық спорт басқармасына және облыстық самбо федерациясының президенті Орақ Аяповқа ризашылығымызды білдіреміз»,- дейді самбодан облыстың бас бапкері Манарбек Бисекенов.

Венера МИРЛАН, Маңғыстау облысынан

 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз