«Ақтау-ән сапармен келген жетінші қалам»

0
1090

 Өмірінің 30 жылын опера өнеріне арнаған Қазақстан мен Татарстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, опера әншісі Нұржамал Үсенбаева гастрольдік сапармен ақмаржан Ақтау қаласына табан тіреді. Облыстық М. Өскінбаев атындағы филармония залында «Өнерім – өмірім» деген атпен өткен кеште әлемдік, қазақстандық вокальдық шығармалар шырқалып, көрермен қауым опера дүлділінің өнерін тамашалап, саф алтындай бекзат өнерге тәнті болды. Тындарманның ризашылығына бөленген шығармашылық мерейтой иесінің айтуынша Ақтау-ән сапармен келген жетінші қала.

«А. Тарақұлы атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрімен және симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен ақтаулық көрерменнің алдында есеп бердім. Музыка өнерінің шыңы саналатын-операны тыңдауға келіп, маған қолдау көрсеткен тыңдарманға ерекше ризашылығымды білдіремін. Бұл менің шығармашылығыма үлкен серпін, күш-қуат, өз жолымда жаңа белестерді бағындыруда сенімділік береді. Жеткен жетістікпен тоқтамай, әрдайым жетіле түсуіме жетелейді. Биыл алғашқы концертім Прагада өтті, ол жерде маған «Золотая Европа» медалін табыстады. Жалпы шығармашылығымның 30 жылдығына арналған концертімді Прагада, Таразда, Көкшетауда, Шымкентте, Астана мен Алматыда қойдым»,-дейді Н. Үсенбаева.

Опера әншісінің өмірі мен өнерінен сыр шертетін журналист Н. Байырбектің «Нұржамал» атты кітабы жарыққа шыққан. Болашақта  Н. Үсенбаева өнердегі өнегелі жолы жайында фильм түсіруді жоспарлап отыр. Жақын күндері  көрермендер өнер иесінің 30 жылдық мерейтойына арнап «Гәкку» әніне түсірген бейнебаянын тамашалайтын болады.

Венера МИРЛАН, Маңғыстау облысынан

 

 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз