БАҚ-тың рөлі мен болашақтағы даму үрдісі талқыланды

Ақтауда облыс әкімдігінің қолдауымен Қазақстан Журналистер одағы мен Интернет ассоциациясының ұйымдастыруымен еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосқан аймақтық медиаынтымақтастық конгресс өтті. Екі күнге созылған ауқымды басқосуда кәсіби журналистер аймақтық БАҚ-тың рөлі және олардың болашақтағы даму үрдісі, бәсекеге қабілеттілігі, замануи тренттер, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы ойларын ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті. Шараның ашылу салтанатында сөз алған аймақ басшысы Алик Айдарбаев өңірге келген журналистерге жылы лебізін білдіріп, елдің мүддесіне қызмет ету жолында бір мақсатқа жұмылған БАҚ өкілдерінің тәжірибе алмасуын әрдайым қолдайтындығын жеткізді. Билік пен халық арасындағы көпір саналатын бұқаралық ақпарат құралдарының ертеңгі болашағы бағамдалатын құрылтайдың Маңғыстауда өткізілуінің өзіндік ерекшеліктерінің бар екеніне тоқталды. «Қазір біздің облысымызда 36 бұқаралық ақпарат құралдары тіркелген. Олардың барлығы билік пен бұқара арасындағы байланысты нығайтып, белсенді жұмыс жасауда. Сондықтан да бүгінгі медиаконгресс жұмысында қамтылған өзекті ұсыныс-пікірлер, игі бастамалар біздің өлкедегі басылым, телеарна, радиода көрініс табады деп ойлаймын. Ұйымдастырушылар барлық ұсыныстарды назарға алып, ескереді деп сенемін. Барлығыңызды конгресс барысында белсенділік танытуға шақырамын»,-деді облыс әкімі А. Айдарбаев. Сондай-ақ, конгрессте сөз алған Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев биылғы жылы Ақтөбе қаласында «Баспасөз бен биліктің арасындағы байланыс» тақырыбында аймақтық форум өткенін, бүгінгі форум соның жалғасы екеніне тоқталды.  Шет жатқан облыстардағы БАҚ-тың басты проблемаларын жан-жақты талқылап, тәжірибе алмасып, ортақ пікір алаңын құру мақсатында аймақтық медиаынтымақтастық конгресті ұйымдастырылып отырғанын атап өтті. «Соңғы кездері газет, журналдардың таралымы азайып кетті, бұл мәселені қалай шешуге болады, бәсекеге қабілетті БАҚ құрудағы жемісті тәжірибелер қандай, шектеулі ресурстармен рейтингтік бағдарламаларды қалай жасауға болады деген мәселелерді жан-жақты талқылап, қарастыратын боламыз. Жалпы алғанда Қарағанды, Шымкент, Павлодар облыстарында баспасөзге жақсы қарайды, ақша бөлу жағы да жолға қойылған. Ал, еліміздің «доноры» саналатын Маңғыстау мен Атырау облыстарында журналистердің жетіспеушілігі, басылым санының санаулы екенін тағы жасырын емес. Ол мәселе де бүгінгі шарада жан-жақты талқыланатын болады»,-дейді өз сөзінде Сейтқазы Матаев. Жиынға қатысушылардың айтуынша, соңғы уақытта қазақ тілді контенттерге сұраныс артып келеді. Әсіресе әр сала мамандарының сұқбаты мен ғылыми танымдық материалдар, қазақ шоу бизнесі,  спорт тақырыбындағы материалдар оқырмандардың қызығушылығын арттырып, оқырман санын көбейтіп отыр. «Мұндай үлкен басқосулардың Алматы мен Астана сияқты орталықтардан тыс өңірлерде өткізіліп тұруы аймақтағы журналистердің өзара байланыс орнатуына, бір-бірімен тәжірибе алмасуы үшін өте қажет дүние. Дәстүрлі журналистер мен техникалық мамандардың өзара тығыз жұмыс жасауы «интернет БАҚ» дейтін саланы алға қарай дамытады деп ойлаймын. Мен шараға интернет контент бойынша қатысып отырмын, менің негізі бағытым сол. Біздің компания интернеттегі қазақ тілді контентпен айналысады. Медиа саласы мен үшін жаңа болып саналады. Сондықтан шараға қатысушылармен пікір алмасқан қызықты болады деп ойлаймын. Жалпы алғанда қазақ тілді контент күн санап дамып, оған сұраныс артып келеді»,-деп өз ойын білдірді «Қазақ-Медиа» интернет агенттігінің жетекшісі Жалғас Ертай. Екі күнге созылған медиаконгресс жұмысында аймақтық бұқаралық ақпарат құралдары басшыларының қатысуымен тақырып аясында пікірталас ұйымдастырылып, семинар-тренингтер өткізілді. Психологиялық тәлімді дәріс тек баяндаумен шектелмей, білікті мамандар тарапынан медиапсихология саласындағы ұсыныстармен толықтырылып, пікір алмасуға жалғасты. Венера Мирлан, Маңғыстау облысынан