Аймақта 2010 жылдан бері 26 жоба іске қосылған

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жол - болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында индустриялық инфрақұрылымдарды дамытуға және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға көп көңіл бөлуіміз керек екеніне тоқталды. Осы бағытта Маңғыстау облысында да үдемелі  идустриялық-инновациялық бағдарламалары жүзеге асыру жұмыстары қарқынды жүруде. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы еліміздің өсуі мен өркендеуінің дара даңғылына баcтап, сара соқпағына салып келеді. Ел экономикасының ілгері жылжуына үлес қосатын үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында облыста 2010 жылдан бері 26 жоба іске қосылған. Облыстық индустриялдық-инновациялық даму басқармасы басшысы Жеңісбек Сағындықовтың айтуынша, ағымдағы жылдың өзінде аталмыш бағдарламаға 14 жаңа жоба енгізілген. Оның ішінде 3 жоба іске қосылып, өз жұмыстарын бастап кеткен. Олар: Шетпе селосындағы цемент өндіру зауыты, Жетібайдағы арнайы киім тігу және химиялық тазарту цехі және Қаламқас кенорнындағы газ-турбиналық электростанциясы. Сондай-ақ, бірқатар жобалар желтоқсан айында іске қосылады деп жоспарланған. «Атап өткенімдей үстіміздегі жылы жалпы құны 105 миллиард теңгені құрайтын және 900 тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етілетін 14 жобаның іске қосылуы жоспарланған болатын, бүгінгі күні соның бірқатары іске қосылып 468 жаңа жұмыс орындары ашылды. Іске қосылған жобалар ішінде маңызды ретінде «Морпорт Ақтау» арнайы экономикалық аймағында «Индустриялық құрылыс комбинаты», «Асфальт-битум зауытының бірінші бөлігі», «Таушық елді мекеніндегі түйе жүнін өңдеу цехі» жобаларын атап өтуге болады. Алдағы уақытта осындай ірі жобаларды өңірлік және республикалық индустрияландыру карталарына енгізіп белсенді және нәтижелі жұмыстарды атқаруды жоспарлап отырмыз. Құрық селосында «Кеме жөндеу/құру зауытының құрылысы жобасы» жобалау кезеңінен өту үстінде, жоба «Қазмұнайгаз» және италияндық «Eny» компанияларының біріккен қызметтері арқасында іске асырылады. Бұл жоба республикалық индустрияландыру картасының екінші бесжылдығы аясында жүзеге асырылатын болады»,-дейді Жеңісбек Сағындықов. Жалпы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын бастағалы бері өңірде іске қосылған  жобалар аясында 2000-нан астам тұрақты жұмыс орындары құрылып, 68,7 миллиарда теңгеге өнім шығарылған. Венера Мирлан, Маңғыстау облысынан