1 желтоқсанда 43 нәресте дүниеге келді

Елбасының ғана емес, елдің мерекесіне айналған 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні облыста 43 нәресте өмірге келді. Мерекеде дүние есігін ашқан сәбилерге облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының қызметкерлері де сыйлықтар тапсырып, жаңа босанған аналардың жағдайын білді. Дәл осы күні облыстық перинаталдық орталықта 15 нәресте дүние есігін ашты. Оның жетеуі-ер бала болса, сегізі-қыз бала. Жаңа туылғандардың ішінде ең көп салмақпен дүние есігін ашқан нәресте - 4 келі 150 грамм болса, ең аз салмақпен туылған нәресте-1 келі 650 грамм. «Ең бірінші дүниеге сәбиді Мейрамгүл Нұрғабылова әкелді. Ол облыстық ауруханаға сағат 01.05-те түсіп, 10 минуттан кейін босанды. Осы күні өмірге келген барлық нәрестелердің денсаулықтары жақсы, жас аналар да өздерін жақсы сезінеді. Әр сәбидің өмірге аман-есен әкелу де үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан да үшін барлық жағдайды жасап, жас аналарымыздың қасынан табыла білген акушер-гинекологтардың да еңбегі зор. Нәрестелер ата-аналарының қуанышы болып өссін деймін. Әр үйден сәбидің күлкісі кетпесін»,-дейді облыстық перинаталдық орталықтың директоры Жамал Жаманбаева Ақтаулық жас ана Жадыра Сәрсенбаева дүниеге келген ұлының есімін мемлекет басшысының құрметіне «Нұрсұлтан» деп атамақшы. Бұл отбасында Нұрсұлтаннан үлкен Ислам мен Медина есімді балалар өсіп келеді. 24 жастағы Жадыра болашақта тәуелсіз мемлекеттің демографиясын көтеріп, «Батыр ана» атануды армандайды. «Бұл күн біз үшін тек мемлекеттік мереке ғана емес, отбасылық айтулы оқиғаға айналды. Ұлт Көшбасшысы ұлықталатын күні үшінші перзентім өмірге келді. Шекесі торсықтай ұлымды 3 келі 300 граммен таңертеңгі сағат 9.20-да босандым. Ұлымның есімін жолдасым Берік те Нұрсұлтан деп атағанды жөн санады. Барлық дәрігерлерге алғысымды айтамын. Әр шаңырақта дені сау балалар көп болсын»,-дейді Жадыра Сәрсенбаева. Венера МИРЛАН, Маңғыстау облысынан