Өңірде қос нысан жұмысын бастады

Мемлекет басшысы Н. Назарбаев биылғы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында индустриялық инфрақұрылымдарды дамытуға көп көңіл бөлуіміз керек екенін атап өткен болатын. Осыған орай Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында-«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында жаңадан «КаспийТасЖол» ЖШС жол құрылыс материалдарын шығаратын инновациялық зауыт пен құрылыс индустриалдық комбинаты іске қосылды. Тұңғыш Президент күніне орай жұмысын бастаған қос нысанның ашылу салтанатына облыс әкімінің бірінші орынбасары Сүйіндік Алдашев қатысты. Алдағы уақытта «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында құрылысқа қажетті құбыр мен плита шығаратын, мұнайға байланысты құбыр өнімдерін өндіретін нысандар іске қосылмақ. Жол құрылысына қажетті өнім шығарып, өңірдегі жолдардың жаңаруына үлес қосатын «КаспийТасЖол» зауытының құрылысына жалпы алғанда 195 млн.теңге жұмсалған. Сағатына 160 тонна өнім шығаратын зауытта 25 адам жұмыс жасайды. Алдағы уақытта олардың қатарын толықтыру да жоспарда бар. «Зауыт жұмысын қазан айында бастады. Халықтың игілігіне берілетін Шетпе-Қызан тас жолының 6 шақырымына осы зауыттың өнімін пайдаландық. Алдағы уақытта облыстан бөлек республиканың барлық аймағынан тапсырыстар алып, зауыт жұмысын өркендеткіміз келеді. Экологиялық жағынан таза. Зауыт өнімі келер жылы Форт пен Ақтауды, Ақтау мен Шетпені қосатын жол құрылысына да пайдаланылмақ. Өндірісіміз толықтай Германия, Италия мемлекеттерінің құралдарымен жабдықталған»,-дейді зауыттың жұмысы жайында «КаспийТасЖол» ЖШС-ның бас директоры Асылбек Жолдыбаев. Зауытта оператор болып жасайтын Рахат Ақсаев жұмысына дән риза.  Білімін жетілдіріп, біліктілігін арттыру мақсатында ол Украинада оқытылып, арнайы курстан өткен. «Менің жұмысым осы жерде түсіп жатқан барлық материалдарға қарап, солардың температурасын компьютерді орналасқан бағдарлама арқылы бақылап отыру. Зауытты құрастырып бастағалы жұмыс жасап келемін. Зауыт күніне 2000 тоннаға дейін өнім шығарады. Жалақым жақсы, жұмысым өзіме ұнайды. Алдағы уақытта да жемісті еңбек етіп, табысты өнім дайындаймыз деп айта аламын»,-дейді Рахат Ақсаев. Екінші іске қосылған құрылыс индустриалдық комбинатының өнімдері облыс төңірегінде салынып жатқан құрылыстарға пайдаланылмақ. Мұндағы өнімдер нарықтағы бағадан біраз арзанға сатылмақ. Осылайша, аймақта тұрғын үй құрылысы жанданады. Қазіргі таңда комбинатта жергілікті 60 адам жұмыспен қамтылған. «Әрине, қай жобаны бастағанда да ең басты мәселе қаржыға келіп тірелетіні белгілі. Сондықтан да осы жұмысты бастауыма қолдау көрсеткен облыс басшысы А. Айдарбаев мырзаға, облыстағы «Темірбанк» филиалының басшысы А. Өрісбаев інімізге алғысымды білдіремін. Елбасы биылғы Жолдауында индустриялық инфрақұрылымдарды дамытуға көп көңіл бөлуіміз керек екенін, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру құрылыс материалдарына, көліктік-коммуникациялық, энергетикалық және тұрғын үй-коммуналдық салалар үшін өнімдер мен қызмет көрсетулерге үлкен сұраныс тудыратынын атап өткен болатын. Бүгін Тұңғыш Президент күніне орай жаңа индустриалдық комбинаты іске қосылып отыр. Жалпы алғанда жоба құны-600 млн. теңгені құрайды. Біз құрылысқа қажетті барлық материалдарды шығарып, өңірде тұрғын үй құрылысының жандануына үлес қосатын боламыз»,-дейді құрылыс индустриалдық комбинатының құрылтайшысы Иса Бимырзаев. Нысанның ашылуында сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Сүйіндік Алдашев аймақта іске асырылып жатқан жобаларға тоқталды. Оның айтуынша, «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында 5 жоба іске қосылып, 700-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Нысанның салтанатты түрде іске қосылуынан кейін құрылыс индустриалдық комбинатының өнімін облыс төңірегіндегі салынып жатқан құрылысқа пайдалануға ұсыныс беру жөнінде облыстық құрылыс басқармасының басшысы Орақ Аяпов пен жаңадан іске қосылған құрылыс индустриалдық комбинатының директоры Алмас Сатанов және «КаспийТасЖол» ЖШС зауытының өнімін өңірдегі салынып жатқан жолдарға пайдалануға ұсыныс беру жөнінде облыстық жолаушылар көлігі және  автомобиль жолдары басқармасының басшысы Өркен Бисақаев пен «КаспийТасЖол» ЖШС директоры Ерболат Мергенбаев екіжақты меморандумға қол қойды. Қос нысаннан да үміт көп. Зауыт пен комбинат жұмысы тұралап қалмай, жүйелі жұмыс жасаса, облыстағы тесік пен шұңқырға толы жолдар жөнделіп, қала мен ауылдың арасы сапалы жолмен байланысып, тұрғын үй құрылысының жұмысы жандана түспек. Венера МИРЛАН, Маңғыстау облысынан