Өнеркәсіптік кәсіпорындарында 1,87 триллион теңгенің өнімі өндірілген
2014 ж. 28 қазан
1840
0
Маңғыстау облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ж. Сағындықовпен болған баспасөз мәслихатында осы бағытта 2010-2014 жылдарда атқарылған жұмыстар мен алдағы бесжылдық межесі жайында сөз болды.
Аймақ өндірісінің даму қорытындысына қысқаша тоқталған Жеңісбек Өренұлы төмендегідей деректер келтірді:
Ағымдағы жылдың 9 айы бойынша көрсеткішті алсақ, облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындарында 1,87 триллион теңгенің өнімі өндірілген. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда өсім 2,5 пайыз болды. Тарата айтсақ, тау-кен өнеркәсібі және пайдалы қазбалар бойынша 1,73 трлн. теңгенің өнімі шығарылды. Аймақ өнеркәсібінің 90 пайызы мұнай өндірудің үлесінде десек, 2014 жылдың 9 айында 13830 мың тонна мұнай өндіріліп, былтырғы жылғы межеден 2,7 пайыз өсімге қол жетті. Жыл аяғына дейін 18480 мың тоннаға жеткізу көзделіп отыр, бұл 2013 жылдың деңгейінен 2,5 пайызға көп. Өңдеу өнеркәсібінде үстіміздегі жылдың 9 айында 78,8 млрд. теңгенің өнімі тұтынушыға жол тартты, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14,4 пайызға артық.Елбасымыз әр аймақтың өз ерекшелік теріне қарай өндірісін дамытуға бағыт ұсталуы керектігін тапсырған болатын. Бұл міндетті жүзеге асыру мақсатында Маңғыстау облысын одан әрі дамытудың бес бағыты нақтыланды. Олар: мұнайгаз өндіру өнеркәсібін одан әрі орта және ұзақ мерзімге дамыту, мұнайсервистік кластерін өркендету (мұнай химиясы, мұнай машина құрылысы, мұнай сервистік қызметі жатады), транспорттық-логистикалық кластерді құру (Өзен-Түрікменстан шекарасы» және «Жезқазған-Бейнеу» теміржол учаскесі бойынша іске асқан және «Атырау-Ақтау» автомобиль жолын салу, Ақтау, Баутин, Құрық теңіз порттарын дамыту бойынша жасалған жобаларды мысалға алуға болады), туризм, құрылыс индустриясы – міне, осылар негізгі басшылыққа алынбақ. – 2010-2014 жылдарға арналған индустриаландыру картасына 3200 жаңа жұмыс орны құрылатын, жалпы құны 234,2 мың теңгенің 31 жобасы енгізілген болатын. 2013 жылдың аяғына дейін, яғни 3 жыл ішінде 160,3 млрд. теңгенің 23 жобасы жүзеге асты, 57,4 млрд. теңгенің өнімі шығарылды. Мұның ішінде 12 жоба 70, 9 жоба 50 және одан төмен пайыз жүктемемен жұмыс жасаса, 2 жоба әзірге тоқтап тұр. Соңғысына жеке-жеке тоқталсақ, 2 жоба – «Балықшы» ЖШС, «Маңғыстау облысының кеме жасау зауыты» ЖШС Қашаған кенорнынан мұнай шығару мәселесіне қатысты толық қуатында істеп тұрған жоқ. «Концерн Сфинкс» ЖШС және «ССТ «Осетр Аралды» ЖШС жобалары бойынша өнім шығару 2015 жылдан кейінгі мерзімге белгіленген. 5 жоба толық жүктемемен қамтылмақ. Екі кәсіпорнымыз жұмысы тапсырыстың жоқтығынан тоқтап тұр. Су және газ жүйелеріне қажетті құбырларды қажет ететін компаниялардың өзімізде бар нәрсені өзге аймақтар мен елдерден алуы іске қолбайлау болуда, - деді облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы. Жеңісбек Өренұлы мұндай кереғарлыққа жол бермеу үшін алдағы уақыттарда әрбір жобаның облысымызға қаншалықты қажеттілігін жан-жақты таразылап, сүзгіден өткізіп барып, шешім алатындықтарын айтты. Бұрын қолдау таппаған мұнай газ өндіру саласына арналған жобалар 2014 жылдан бастап индустриаландыру картасына енгізіліп отыр. Ағымдағы жылы 104,9 млрд. теңгеге есептелген 14 жобамыз бар, 902 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Күні бүгін 3 жоба іске қосылып, 468 жұмыс орны ашылды. Атап айтқанда, олар-Шетпедегі «Каспий цемент» зауыты, «Жанарыс» ЖШС-інің Жетібай кентінде іске қосқан арнайы жұмыс киімдерін тігу және кір жуу цехы, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ газтрубиналық электр стансасы. Дереккөзі: Маңғыстау газеті