Аурухана қызметкерлері мінсіз қызметке кірісу үшін жапон философиясын игеруді бастады
2014 ж. 16 қазан
1902
0
Облыстық аурухананың қызметкерлері мінсіз қызметке кірісу үшін жапондық сарапшы Хаджиме Сузукиден «Кайдзен» философиясын игеруді бастады.
Кайдзен – жапон тілінен аударғанда «үздіксіз жетілдіру» дегенді білдіреді. Бұл термин Жапонияда Масааки Имаидың 1986 жылы жарық көрген «Kaizen: The Key to Japan’s Competitive Success» кітабы арқасында кеңінен танымал болып, менеджмент саласындағы ең негізгі концепциясын белгілейтін ұғымға айналды. Тұңғыш рет «Кайдзен» философиясы екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптаса бастаған кезеңде бірқатар жапондық компанияларға енгізіліп, кейін күллі әлемге таралды. Ол философия жапон мемлекетінде өндірістен бастап жоғарғы басшылыққа дейін не директордан жұмысшыға дейін қызметін үздіксіз жақсартуды талап етеді. Демек «Кайдзеннің» көздегені – еңбек өнімділігінің сапасын арттыру арқылы шығынды қысқарту.
Бүгінде аталмыш философия әлемнің алдыңғы саптағы кәсіпорындарында қолданылуда. Олардың қатарына Қазақстанның да компаниялары енген. Бірнеше салалық кәсіпорындар «Кайдзен» философиясын енгізіп, тұрақты түрде жұмыстарын жақсартуға күш салған. Бұл үрдіс тек өндірістік не бизнес компанияларында қолданылмай, басқа салаларда да орын ала бастады. Маңғыстау облыстық ауруханасы соған дәлел. Менеджментте ерекше орын алар философияны Қазақстан аймағында таратып жүрген Халықаралық Ынтымақтастықтың жапондық агенттік (JIKA) сарапшысы Хаджиме Сузуки киелі Маңғыстау жеріне екінші рет аяқ басқан. Сингапур, Филиппин, Таиланд, Коста-Рика елдерінің өнімділігін дамыту жобаларына қатысқан сарапшының сөзінше, «Кайдзен» философиясын ауруханаға енгізу арқылы көп мәселелердің басын ашып, науқастарға ең үздік ем көрсетуге мүмкіндік бар.
– «Кайдзен» философиясын адами ресурстарды дамыту жөніндегі қазақстандық-жапондық орталығы арқылы қазақстандық компаниялар мен мекемелерге енгізуге 10 жылдай көмектесіп келемін. Аурухана қызметкерлері философияның мән-маңызын терең ұғынса, емдеу уақытында қателіктерге жол бермей, емделушілерге жасайтын күтім де ерекше болары сөзсіз. Ауруханаға келген науқастарға меймандай қарап, ыстық ықылас көрсетіліп, риза көңілмен шығарып салса, нұр үстіне нұр. Мен аурухана ғимаратын аралап шықтым. Расына келсек, ғимараттың бір жағы жаңадан құрылып, соңғы медициналық технологиялармен жабдықталған болса, екінші бөлігі әлі де күрделі жөндеуді қажет етеді. Дәрігерлердің қызметі мен науқастардың ем алуына орасан істер жүзеге асырылуда. Алайда ғимараттың ескі бөлігінде бірнеше кіру есіктері болғандықтан жаңадан келген емделуші адасып, қажет дәрігерін таба алмауы мүмкін. Сондай-ақ медицинада ең озат технологиялардың көмегімен адамның ең басты қазынасы – денсаулығына төнген қауіпті бірден аңғарып, дерттен құлан-таза айықтыруға дайын болуға да «Кайдзен» философиясының көмек берері даусыз, - дейді жапон сарапшысы.
Облыстық аурухананың ақ халаттылары «Кайдзен» философиясымен өткен жылы етене танысқан. Әдістеменің тиімділігіне көзі жеткен олар аурухана жұмысына оң өзгерістер әкеліп, емделушілердің жақсы ем қабылдауы үшін медициналық қызметтерін оңтайландырған. Бірақ философия жайында біраз кедергілерге ұшырап, сұрақтар туындаған соң дәрігерлер «Кайдзен» жөнінде толыққанды ақпаратты тек жапондық сарапшының өзінен алу керектігін ұғынған. Екі күнге жалғасқан семинар барысында ақ халатты абзал жандармен бірге аурухананың басшылары, меңгеруші, бухгалтерлері және кадр мамандары қатысып, философияның сиқырлы мәніне қанықты. «Кайдзен» әдістемесі туралы Алматыдан келген сарапшыдан хабардар болғанбыз. Енді жапондық сарапшымен әдістемені тәжірибе жүзінде қолдануды үйреніп жатырмыз. Сарапшы қатысушыларды екі топқа бөліп, қағазға ауруханадағы түйткілді мәселелерді жаздырып, олардың шешімін қарастыруға көмектеседі. Бұл философия қызметіміздің тиімділігін арттырады деп ойлаймын. Себебі, ісіміздің өрге басуына бірқатар тосқауылдар бар. Оның қатарында күту, кідіріс және адами ресурстардың рәсуа болуы сынды бөгеттер кіреді. Ауруханамыз 6 қабаттан құралғандықтан науқастар ағыны көп. Оларға диагноз қойып, хал-ахуалын анықтауға орташа есеппен 2 сағат кетеді. Мысалы, емделуші 6-қабатта рентген жасаса, 2-қабатта анализ тапсырады. Қажетті дәрігерлер әр қабатта отырғандықтан, емделушінің уақыты мен күші сарқылады. Оның үстіне өз бетімен жүре алмайтын науқас болса проблема мүлдем өршиді. Адамдардың уақытын үнемдеп, жұмыстарымыздың тиімділігін арттырсақ мақсатымызға жеткеніміз. Бұл философия жұмыс сапасын ақша арқылы емес, проблемаларға басқа көзқараспен қарап, логикалық шешімдер қабылдау арқылы арттыру дегенді білдіреді»,-деп өз ойымен бөлісті облыстық аурухананың кадрлар бөлімінің менеджері Данна Асқарқызы.
Семинарда бас қосқан қызметкерлер жапон сарапшысының тапсырмасына ден қойып, ауруханадағы өзекті мәселелерді қызу талқылады. Әр қатысушы проблеманы шешу үшін өз пікірін ортаға салып, ортақ іске тамшыдай болса да үлесін қосып жатты. Сарапшының діттегені де осы.
– Облыстық ауруханада 900-ден астам қызметкер бар. Олардың барлығын осы философияға баулуымыз қажет. Себебі, «Кайдзен» ауруханадағы қарапайым проблемаларға назар аудартып, оны шешуге үйретеді. Біз 2013 жылдан бастап өзгерістерге қадам бастық. Диагностикалық орталыққа эндоскопия, рентген, узи бөлімшелерін қостық. Бұрын олар әр қабатта орналасқан болатын. Енді осындай оң қадамдар арқасында тек емделушілерге ғана емес, өзімізге де көмектескендейміз. Нәтижелер бірден көрінбейді, «Кайдзен» философиясы еңбек үрдісін үздіксіз жақсарту болғандықтан, әлі де өзгерістерге ұшыраймыз. Біз осы философияны енгізген алғашқы аурухана болмақпыз, - деді облыстық аурухананың директоры Нұрлан Тілепов.
Дереккөз: Маңғыстау газеті