V-ші Орталық Азия мемлекеттерінің халықаралық театр фестивалі мәресіне жетті

DSC_4552 Аймақта алғаш рет өткен V-ші Орталық Азия мемлекеттерінің халықаралық театр фестивалі мәресіне жетті. Бір апта бойы маңғыстаулықтар өнер бұлағынан сусындап, тоғыз театрдың қойылымдарын тамашалады. Жалпы өнер додасына жеті әділқазы төрелік етіп, тоғыз театр ұжымы мен 200 әртіс қатысты. Үздіктерді марапаттау сәті салтанатты түрде облыс әкімі Алик Айдарбаевтың қатысуымен облыстық Н. Жантөрин атындағы театр залында өтті. «Орталық Азия мемлекеттерінің арасындағы мәдени сұхбатты арттыруға және олардың мәдени әлеуетінің өсуіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған фестивальдің жемісті өткеніне мен қуаныштымын. Фестивальдің Орта Азия мемлекеттерінің арасындағы мәдени, достық қарым-қатынасты  нығайтуға үлсе қосқанына сенімдімін. Қасиетті Маңғыстау өңіріне келіп, халыққа өнер көрсеткендеріңіз үшін алғысымды білдіремін»,-деді шарада сөз алған өңір басшысы А. Айдарбаев. Қазылар алқасының шешімімен облыс әкімінің тағайындаған арнайы 1 млн.теңге жүлдесі облыстық Н. Жантөрин атындағы театр ұжымына табысталды. «Атқа қосылған бәйгеден біреуі ғана үздік келіп, үздік тұлпар атанады. Сондықтан да бұл фестивальде үздіктерді таңдау бізге оңай соққан жоқ. Бұл жолы фестивальде қойылымдардың көркемдік дәрежесі, сапасының биіктігі, актерлерлік ансамблдердің бірінен-берінің асып түсуі бізді таңқалдырды, осылардың арасынан мықтыларды анықтауда үлкен жұмыс»,-деп атап өтті қазылар алқасының төрағасы Талғат Теменов. Сонымен «Ең үздік қойылым» Гран-при жүлдесімен Астана жастар театры мен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры марапатталды. Сондай-ақ, «Үздік ер адам рөліне»-Дәурен Серғазин (Астана) және «Үздік әйел адам рөлі»-Айнұр Бермұхамбетова, «Үздік актерлік ансамбль» аталымына-Виолетта Власенко, Павел Ондрин, Игорь Вокулин (Астрахан) лайық деп танылса,  «Ең үздік дебют»-Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясына (Алматы), «Үміт» аталымы-қырғыздық Шаршен Термечиков атындағы Шу облыстық театрына, «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі»-М. Ғафури атындағы Башқұрт мемлекеттік академиялық драма театрына бұйырды. «Екінші пландағы үздік рольмен»-Гюль Зиятова, Бану Манкеева, Айнұр Әбенова (Маңғыстау), «Актерлік дуэтпен»-Аловуддин Абдуллаев пен Мехринисо Ходжибаева (Тәжікстан), Фарход Абдуллаев пен Мукаддас Халикова (Өзбекстан)  марапатталды. «Бұл менің театр саласында алғаш рет алып тұрған жүлдем, мен үшін өте құнды. Бұл рольге көп күш жұмсадым, жалпы «Ревизордағы» Хлестаковтың рөлін екінші курстан бастап ойнап келемін.  Бұл қойылым  біздің театрдың паспорты саналады. Осындай халықаралық фестивальден театр ұжымындағы өзге де әріптестерімнің жүлделі орындардан көрінгені мен үшін де мәртебе. Қазіргі таңда мен режиссерлік қырымнан да танылып жүрмін. Театрда «Жер мен көктің арасы» және «Алғашқы махаббат» қойылымдарын сахналадым. Алдағы уақытта да театр саласының дамуына, қазақ театрының өркендеуіне өз үлесімді қосамын»,-дейді Астана жастар театрының актері Дәурен Серғазин. Венера Мирлан