Сүгір жыраудың 120 жылдық мерейтойын атап өтті
2014 ж. 23 қазан
2564
0
Он алты жасында қолына домбыра алып, алқалы топқа танылған Сүгір жыраудың 120 жылдығына орай оның ұрпақтары Маңғыстау облысында түрлі шаралар ұйымдастырып жатыр.
Жаңаөзен қаласына қарасты Қызылсай ауылында ақшаңқай киіз үйлер тігіп, ас беріп, алыс-жақыннан келген қонақтарға сый-құрмет көрсетіп, думанды той ұйымдастырды.
Сүгір Бегендікұлының мерейтойына жыраудың ұрпақтары мен оның өнерін жалғастырушы ізбасарлары жиналды. Жыраудың жырлары сан құбылған саздары тыңдармандарын еріксіз баурады. Сонымен қатар жыраудың көзі тірісінде пайдаланған жәдігерлері, ел ішіндегі қолжазбалары жинақталып, үнтаспалары қалпына келтіріліп, мерейтой қарсаңында Қызылсай ауылының мектебінде ашылған мұражайға тапсырылды.
Естеріңізге сала кетейік, 1994 жылы Cүгір Бегендікұлының 100 жылдығына орай осы мектепке жырау аты берілген болатын. Мұндағы музейдің ашылуына жыраудың ұрпақтары үлкен үлес қосып отыр.
Ал бұл мерейтойда ақындар айтысып, жыршы-термешілер жырдан шашу шашып, ел мерейін асқақтатты.
Дереккөз: Қазақпарат