Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған турнир өтті
2014 ж. 18 қазан
2197
0
Ақтауда қазақ боксының негізін салушы Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған бокстан ересектер арасындағы VIII халықаралық турнир өтіп жатыр.
Жарысқа өз еліміздің он төрт облысы мен екі қаласынан, Ресей, Украина, Әзербайжан, Өзбекстан, Түрікменсан, Қырғызстан, Тәжікстан және Молдова республикаларынан 70-тен астам боксшы қатысуда. Бокс федерациясының шешімімен бұл турнирдің жеңімпаздарына «А» сыныпты мәртебесі беріледі. 4 күнге созылатын бокс қазан айының 19-ы күні қорытындыланады.
Еске сала кетейік, маңғыстаулық Шоқыр Бөлтекұлы (1916-1994) - қазақ боксының атасы әрі КСРО-ның спорт шебері атанған алғашқы қазақ. 1947 жылы Мәскеуде өткен КСРО чемипонатына бокстан қатысқан ҚазКСР-нің құрама командасын басқарған. Мақсұт Омаров, Әбдісалан Нұрмаханов, Серік Әбдінәлиев, Виктор және Владимир Каримовтер, Иосиф Гильдин, Асқар Құлыбаев сынды талантты шәкірттер тәрбиелеген Шоқырдың мектебінен түлеген талантты боксшылар легі қазақ елін әлемге танытып келеді. Маңғыстауда бұл спорт түрін Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері, 2014 жылғы Азия чемпионы Әділбек Ниязымбетов, Азия чемпионы, 2013 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Берік Әбдірахманов сынды былғары қолғап шеберлері лайықты жалғастыруда.
Дереккөз: Қазақпарат.