Тәртіптік кеңес басшыларына қатысты 8 қылмыстық іс қозғалды
2014 ж. 17 қазан
1709
0
Маңғыстау облысында тәртіптік кеңес мүшелері мемлекеттік қызметке орналасу барысындағы тестілеуден оң нәтиже алып беру үшін азаматтардан ақша бопсалауды жолға қойған.
Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясы жанындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес отырысында белгілі болды.
Таратылған ақпаратқа қарағанда, Маңғыстау облыстық тәртіптік кеңес қызметкерлеріне қатысты 8 қылмыстық іс қозғалған. Мәселен, ағымдағы жылы тестілеудің оң нәтижесін беру үшін пара алған Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің басшысы, Тәртіптік кеңес төрағасы Оспанов, аталған департаментке қарасты бөлімнің бастығы Қоразова ұсталған. Сонымен қатар азаматтар мен басшылық арасындағы параны жеткізуші рөлін атқарған департамент басшысының орынбасары Ықсанованың да үстінен қылмыстық іс қозғалған.
«Аталған тұлғалар мемлекеттік қызметке орналасу барысындағы тестілеуден оң нәтиже беру үшін азаматтардан ақша алудың қылмыстық жолын ұйымдастырған. Оларға қатысты 8 қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта іс өндіріске алынды», - делінген таратылған ақпаратта.
Дереккөз: Қазақпарат