"2013 жылы күміс алсақ, биыл алтын медаль алдық"
2014 ж. 17 қыркүйек
1762
0
Ақтау қаласы «Жасыл әлем» МКК директорының міндетін атқарушы Қ.Мәтіков мырзамен сұхбат.
"Тоқсаныншы жылдардың соңына қарай Маңғыстау облыстық ботаникалық бағының қызметкерлері сексеуіл, жүзген көшетін отырғызды. Тәжірибе сәтті болып, жақсы өскенімен, алдындағы жағдай қайталанып, жұмыстан нәтиже болмады", - деп бастады Мәтіков мырза алғашқы сұрақты қойып үлгергеніміз сол-ақ еді.
– Алматыдан арнайы мамандар келіп, бұл шаруаны жандандырды емес пе?
– Алматы география ғылыми-зерттеу институты мамандары 2004 жылдан бастап, 2008 жылдың аяғына дейін зерттеу жұмыстарын жүргізді. Сенек селосында 440 гектар жерді қоршап, сексеуіл, жүзген егіліп, нәтижесін берді. Жұмыс күштері жеткіліксіз болғандықтан оларға қол ұшын беріп, қоян-қолтық жұмыс жасадық сол кезде. Бұл жолы айналасы қоршалған соң жақсы өсті. 2008 жылдың қазан айында облыстық табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасы жанынан «Жасыл әлем» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны құрылып, жоспарлы түрде жұмысын жалғастырып кетті.
– «Жасыл әлем» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жасаған жұмыстарға тоқтала кетсеңіз...
– Алматы география институты қызметкерлері Сенекте 440 гектар жерге көшет отырғызып берді. Одан кейінгі жұмысты өз күшімізбен атқардық. 2009-2013 жылдар аралығында Сенек селосында қосымша тағы да 300 гектар жерге жүзген, сексеуіл егілді. Ісіміз оңға басқан соң, облыс көлеміндегі құм басу қаупі бар елді мекендерге жобалық құжаттар жасалды. Сексеуіл, жүзген 2007-2013 жылдар аралығында Ұштаған елді мекеніне 830 гектар жерге егілді. 2011-2013 жылдар аралығында Тұщықұдық елді мекенінде 740 гектар жер қоршалып, оның 260 гектар жеріне тал отырғызылды. Қалған 480 гектар жер 2014-2015 жылдарда толық игеріледі деп отырмыз.
Құм беттерін өсімдік жамылғыларымен қалпына келтіру жұмыстарын одан әрі жалғастыру мақсатында 2014-2018 жылдар аралығында Ұштағанда - 500, Сенекте - 500 гектар жерге жобалық-сметалық құжат дайындалып, биыл әр ауылға 100 гектардан егу жұмыстары жалғастырылуда. Жылына 500 гектар жерге көшет отырғызу ойымыз бар . Материалдар келіп, қоршау жұмыстары басталып кетті.
– Мекемеңіздің мүмкіндігі, материалдық-техникалық жағдайы қалай?
– 2013 жылы өз саламыз бойынша өткізілген рейтинг қорытындысы бойынша 2 орын алып, күміс медальмен марапатталдық, биыл алтын медаль алдық. Төрт ел- Ресей, Белоруссия, Украина, Қазақстанның біз сияқты шөлейт жерге тал еккен мекемелерінің ішінде мерейіміздің үстем болғаны жігерлендіреді, әрине.
Өзіңіз білесіз, біздің аймақта бұл салада бұрын мамандар болмаған.География институты мамандарының қатысуымен өткен семинарларға қатысып, қызметкерлеріміз білімдерін көтеруде. Жақында осындай жиын Ұштағанда өтті.
Шағын питомнигіміз бар. Ақтөбе, Шалқар, Қызылорда, Жамбылдан да көшеттер алып отырмыз. Техника, адам күші, бюджеттен бөлінген қаражат та жеткілікті. Әрине, осыған дейін жасалған жұмыстарымыз, бейнелеп айтсақ, теңіздің тамшысындай ғана. Алда ұзақ мерзімге межеленген қыруар жұмыстар күтіп тұр. Бәрін уақыт көрсетеді.
"Маңғыстау" газеті. Болат ҮМБЕТОВ.