Каспийдегі порттардың мүмкіндіктері күшейтіледі
2014 ж. 01 қазан
1341
0
Қазақстандық теңіз порттарының жүк қабылдау мүмкіндігі 2020 жылға қарай жылына 20 млн. тоннаға дейін жеткізіледі. Бұл туралы 30 қыркүйекте өткен «Су көлігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитетінің төрағасы Әсет Асаубаев айтты.
Оның айтуынша, Ақтау портында қосымша терминалдар салу және Құрық портында сал кешенін салу арқылы Каспий теңізінен тасымалданатын жүктердің мөлшерін көбейту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда.
«Ақтау портының жүк өткізу әлеуетін күшейту үшін тағы үш құрғақ жүк терминалдарының құрылысы жүргізілуде. Бұл өз кезегінде құрғақ жүктерді қабылдау мүмкіндігін 3 млн. тоннаға дейін көбейтеді. Ал Құрық портында қуаттылығы 4 млн. тоннаға дейін жететін сал кешенін салу жоспарланған», - деп атап өтті Ә. Асаубаев.
Осындай шараларды орындағаннан кейін Каспийдегі қазақстандық порттардың қуаттылығы 2020 жылға қарай жылына 20 млн. тоннаға дейін жететін болады.
Қазір Ақтау портының солтүстік бағытта кеңейтілу жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Жобаға сәйкес, қуаты жылына 1,5 миллион тонна болатын астық терминалын, сондай-ақ негізгі жүктер мен контейнерлерге арналған, қуаты жылына 1,5 миллион тонна болатын екі терминал салу есебінен порттың жүк ауыстырып тиеу мүмкіндігін жылына 19,5 миллион тоннаға дейін ұлғайту көзделген. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде порттың жалпы алаңы 22 гектарға ұлғаяды. Құрылыстың бірінші кезеңін 2014 жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарланған.