Маңғыстауда жұмыссыздық үлкен мәселеге айналған
2014 ж. 22 қазан
2046
1
Маңғыстауда жастар арасындағы жұмыссыздық республикалық көрсеткіштен бір жарым есеге көп. Еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құраса, Маңғыстау өңірінде бұл көрсеткіш 6,7 пайыз. Бұл жөнінде «Жастар жұмыссыздығының өзекті мәселері» тақырыбындағы конференцияда мәлім болды.
Маңғыстауда дипломмен жүрген жұмыссыздар көп. Бұған болашақ мамандардың басым бөлігінің мұнай саласында ғана еңбек етуге деген талпыныс өз әсерін тигізеді. Сол себепті, конференцияға қатысушылар өңірге қажетті мамандықтардың тізімін жасақтауды ұсынып отыр.
Қазір Ақтау қаласында екі қолға бір күрек таппай жүрген 572 адам бар екен. Бірақ бұл жұмыспен қамту мекемесінде жұмыссыздар кезегіне тіркелгендердің саны ғана. Көрсеткіш бұдан да көп болуы ықтимал.
Мамандардың айтуынша, қазір жастар жұмыссыздығын реттейтін «Жастар саясаты туралы» заң жобасы қарастырылып жатыр. Бұл әсіресе оқу орын түлектері үшін тиімді. Заң қабылданған жағдайда, студенттер теориялық білім ала жүріп, кәсіпорындарда тәжірибе жинақтай алады.