Есірткіге қарсы күрес – басты назарда
2014 ж. 18 қазан
3871
0
Маңғыстау облысында есірткінің заңсыз айналымына қатысты биыл 63 қылмыс тіркелген. Облыс шенеуніктері, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күреске бағытталған іс-шараларын белсенді түрде жалғастыра бермек.
Әсіресе, өңірде ақпараттық жұмыстар жақсы жолға қойылып жатыр. Мысалы тұрғындардың коммуналдық қызмет төлейтін түбіртектеріне дерт жөнінде мағлұматтар жазылып, таратылуда. Алдағы уақытта кеселдің зияндылығы жөнінде адамдарға ой салар, мазмұнды видеоматериалдар дайындап, сауда орындарында көрсету жоспарланған.
Аудандарда ашылған жастар денсаулық орталықтары дерттің алдын алу бағытында шаралар ұйымдастырып, мамандар жастарға түсінік жұмыстарын жүргізді. Басылым беттерінде мақалалар жарияланып, интернет сайттарға ақпараттар орналастырылса, жергілікті телеарнада бірнеше хабар дайындалыпты. Кинотеатрларда кино басталмас бұрын көрермендердің назарына кеселдің залалы жөнінде дайындалған видеоролик ұсынылады.
Облыстың наркологиялық диспансер мамандары есірткі түріне жататын дәрілердің дәріханаларда ашық сатылып жатқанына алаңдаулы.
Есірткі саудасының алдын-алудың ең тиімді тәсілдерінің бірі – көршілес облыстармен бірлесіп шаралар атқару. наркологиялық диспансер директорының орынбасары К. Мамбеталинаның айтуынша, қазір емдеу орталығында 1600-ден аса нашақор есепте тұр. Оның 206-сы биыл тоғыз айдың ішінде тіркеліпті.
- Өз еркімен, еріксіз немесе сот шешімі арқылы емделушілер алты айдан екі жылға дейін тегін ем қабылдайды. Жыл басынан бері дерттің шырмауына шырмалған жетпіс бір адам емделді, алдағы уақытта ем шараларын жалғастыруы қажет. Дерттен құлантаза айығамын деген он төрт адам еркімен Павлодар қаласындағы оңалту орталығында ем қабылдады. Адамдардың есірткі қабылдайтындығы медициналық тексерілу кезінде анықталады, - деген нарколог дәрігер есірткі түрлеріне жататын ұйықтататын, тыныштандыратын және өзге де психотроптық дәрілер дәріханаларда дәрігердің рецептісі арқылы ғана сатылуы керектігін айтты. Алайда, аталмыш есірткі түріне жататын дәрілер дәріханаларда ашық сатылып жатыр, - дейді К. Мамбеталина.
Осы орайда Маңғыстау әкімдігі денсаулық, ішкі саясат, дене тәрбиесі және спорт басқармаларына есірткіге және ішімдікке тәуелді тұрғындарды жоғары санатты арнаулы мекемелерге жіберу үшін квотаны көбейтуді, медициналық мекемелерде ауруларды емдеу үшін пайдаланылатын құрамында есірткі заты бар препараттарды қолдануға бақылауды күшейтуді, нашақорлықтың алдын алуда және есірткі бизнесіне қарсы күресте үкіметтік емес ұйымдар мен жұртшылықты кеңінен тартуды тапсырып отыр.