Маңғыстауда «Кендірлі» туристік жобасын іске асыру қолға алынды
2014 ж. 05 қыркүйек
2050
0
Маңғыстаудағы Кендірлі аймағын туризм орталығы ретінде дамытуға мемлекет шындап көңіл бөле бастады. Бұған Елбасы Н. Назарбаевтың арнайы берген тапсырмасы дәлел бола алады. Қазір Кендірлінің инженерлік инфроқұрылымын құру бойынша жұмыстар жүріп жатыр.
Ауқымды жобаның бастамасы ретінде, «Самұрық-Қазына» қорының қаржылық қолдауымен Кендірлі курортында халықаралық деңгейдегі екі қонақ үй салынбақшы. Құрылыспен түріктің «Rixos Hotels» компаниясы айналысады. Қонақүйдің біреуі бес жұлдызды, біреуі төрт жұлдызды болады. Бұл туралы қыркүйектің басында Ақтауда өткен «Каспий аймағында туризмді дамыту» І халықаралық форумында белгілі болған.
Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары С. Алдашевтің сөзіне сенсек, Кендірліні туристік орталық ретінде дамытуға бағытталған жұмыстар қолға алынып жатыр:
– Қазіргі таңда «Rixos» компаниясы инвестор ретінде таңдалды. Техникалық-экономикалық негіздеме және жобалау-смета құжаттары жасалып, инженерлік инфрақұрылым жұмыстары жүруде. Әуежай және жол салу мәселесі назарда тұр. Нақтырақ айтсақ, Кендірлідегі жұмыстар оны республикамыздың осы саладағы жетістігі ретінде көрсетеді деп сенеміз және Кендірлі болашақта алқалы жиындар өтетін тамаша орын болатындығы күмәнсіз. Біздің өңірде инвесторлар үшін туристік жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Бірлескен жобаларды жүзеге асыру өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға қол жеткізеді, – деді.
Жалпы аймақтың туристік саласын дамыту шаралары Қазақстанның «Самұрық-Қазына» қоры мен RIXOS компаниялар тобы арасында жасалған келісім арқылы іске асады. Келісімге сәйкес, курортты аймақта аквапаркттар мен коттедждер, көлік жолдарын салынуы тиіс.
Ал курорттың жобалық қуаты 20-дан астам отельді, 40 мың орынға арналған вилла мен коттеджді құрайды. Ал құйылатын инвестицияның жалпы көлемі 3,3 млрд доллар. Бұның бәрі іске асқаннан кейін, Кендірлі жыл сайын 640-нан астам туристі қабылдай алады. Оларға қызмет көрсетуші жұмыскерлер саны 54 мыңға жетуі тиіс. Ал жыл сайынғы табыс болжам бойынша 800 млн долларды құрамақ.
Кендірлідегі курорт жоғары стандарттарға сай салынады және ұлттық туристік жоба мәртебесіне ие болады.