Ауылдық мектепте белгілі ақын Оңайгүл Тұржан ашық сабақ өткізеді

Оңайгүл Тұржан 23 қазан күні «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысының «Зияткер ұрпақ» жобасы аясында белгілі ақын, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану факультеті доценті, республикалық «Тұмар»журналының бас редакторы Оңайгүл Тұржан Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданындағы Шетпе, Ұштаған ауылдарындағы  мектептердің оқушыларымен кездесіп, ашық сабақ өткізеді. Оңайгүл Тұржан балаларға бүгінгі таңда елжандылық қасиеттерін сіңірудің маңызы, шығармашылықа баулудың ерекшеліктері туралы айтып бермек.  Ақын көпшілік қауымға «Самал», «Шерқала», «Теңіздер де шөлдейді», «Жырдала» жыр жинақтарының және «Махамбет өлеңдерінің поэтикасы» атты монографияларымен жақсы таныс. «Жобаның мақсаты – оқуда  немесе қызметте белгілі бір жетістіктерге қол жеткізген білімді азаматтарды ауылдағы жас жеткіншектерге білім беру ісіне тартып, тәжірибесімен бөлісуге шақыру. Бұл үшін «халық мұғалімдерінен» құралған еріктілер қозғалысын құрылып, оны одан әрі дамытуды көзделеді. Жоба аясында ел арасына танымал азаматтар өз қалауларымен ауыл мектептеріне барып, 9-11 сынып оқушыларымен қысқа мерзімді курс сабақтарын өткізеді. Курстың ұзақтығы мен тақырыбын баратын «мұғалім» өзі анықтайды. Курс бірнеше сағатқа немесе аптаға, әйтпесе одан ұзақ уақытқа созылуы мүмкін»,-дейді «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысының медиа директоры Қанат Әуесбай. Қазірде қазақстандық танымал саясаткерлер, блогерлер, бизнесмендер, әртістер мен басқа да тұлғалар «Зияткер ұрпақ» жобасына белсене  қатысуда. Алғашқылардың бірі болып белгілі қоғам қайраткері, саясаттанушы Ерлан Қарин, Мұрат Әбенов, актер, шоумен Әнуар Нұрпейісов Қарағанды облысының,  Жалпыұлттық қозғалыстың Кеңес төрағасы Данат Жұмин Қостанай облысының, продюсер, әнші Айгүл Иманбаева, журналист, тележүргізуші Қанат Әуесбай,  актер, шоумен Азамат Сатыбалды, Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов Жамбыл облысының, Қазақстан КВН одағының президенті Есен Елеукен Батыс Қазақстан облысының, Атланта олимпиадасының чемпионы Юрий Мельниченко, Ақмола облысының, саясаттанушы Айдос Сарым Оңтүстік Қазақстан облысының  оқушыларымен кездесті. Жоба ағымдағы жылдың 15 қыркүйегі мен 15 желтоқсан аралығында жүзеге асырылады. Осы аралықта барлығы 300 танымал адамды жобаға қатыстыру көзделіп отыр. Қазірдің өзінде жоба аясында 60 адам аймақтарға жіберілді. Венера МИРЛАН