Мұражай қоры жаңа жәдігерлермен толықты
2014 ж. 22 қазан
4158
0
Биылғы жыл мұражай ұжымы үшін олжалы жыл болмақ. Өйткені жыл басынан бері Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайы 824 жаңа жауһар жәдігерлермен толықты. Өткен жылы бұл аралықта 500 құнды дүниені тұрғындар мұражайға табыстаған болатын. Мұражай қызметкерлері облыс тұрғындарының жәдігерлер тапсыруда ағымдағы жылы белсенді түрде жұмыс жасағанын айтады.
Мұражай-ұлттың ұлылығын ұлықтайтын мекеме. Облыстағы тарихи шежірелерді жеткізуге облыстық өлкетану мұражайының еңбегі зор. Қазіргі таңда мұражайдың қорында 54 553 жәдігер тізімге алынған. Оның ішінде 37 427 жәдігері негізгі қорда, 17 029 көмекші қорда, ал 97 жәдігер айырбас қорында сақталған.
«Бізге әкеліп тапсырылған барлық жәдігерлер құнды болып табылады. Көбіне тұрғындар ХІХ ғасырдағы зергерлік бұйымдар мен киіз үйдің жабдықтарын табыстап жатады. Жақында біз Ақтау қаласының бір тұрғынынан ескінің көзі болып саналатын «Зингер» тігін машинасын сатып алдық. Одан бөлек, жақында мұражайымыз ХХ ғасырдың алғашқы жылдарында пайдаланылған Қарақияда табылған байырғы діни кітап және жазбалармен толықты»,-дейді мұражай қорларын есепке алу жөніндегі сектор меңгерушісі Назым Джанибекова.
Жаңаөзен қаласының тұрғыны Қымбат Өтеулиева мұражайға көненің көзі болып қалған шай киізді тапсырды. Бұл дүние жолдасының ата-бабаларынан мұра болып қалған.
«Бұған дейін жолдасымның туысқандары қолдан тоқылып, кестеленген кілемшені-намаз оқуға арналған дүние деп ойлапты. Кейін оның шай киіз екеніне көз жеткіздік. Бұл дүние ХХ ғасырдың 30-40 жылдары қолданылған. Сондықтан да мұражайға тапсырып, осында сақталғанын дұрыс деп шештік»,-дейді Қ. Өтеулиева.
Ал, Рыстыгүл Сариева мұражай қорын ұршықпен толықтырды. Жәдігерді 70-жылдары Астарханнан пароходпен әкелген көрінеді.
«70-жылдары менің әкем Жүзбай ақсақал Астархан қаласынан анасы Бибіге арнап үлкен көлемді ұршықты сатып әкелген. Мұндай ұршықты тұрмыста көбіне орыс ұлтының өкілдері пайдаланған. Ұзақ уақыт ұршық жертөледе сақталды. Ойласа келе мұражай қорына тапсырғанды жөн санадық»,-дейді Р. Сариева.
Мұражай қызметкерлері қазіргі таңда өткен жылдардан сыр шертетін ретро-техника тақырыбындағы көрмені жасақтауда. Сондықтан да тұрғындарды техникаға қатысты жәдігерлер болса, мұражай қорына табыстауға шақырады.
Венера МИРЛАН