«Жұмыс Ақтауда» жобасы жұмыс тауып береді
2014 ж. 21 қазан
9363
57
Ақтаулық белсенді студенттердің бастамасымен құралған «Жұмыс Ақтауда» қауымдастығы арқылы 200-ден астам тұрғын жұмысқа орналасты. Үш айдың ішінде мұндай көрсеткішке бастаманы көтерушілер ғаламтордағы «Вконтакте» әлеуметтік желісі арқылы қол жеткізіп отыр.
«Жұмыс Ақтауда» жұмыспен қамту жобасының жетекшісі Ринат Бекмұхамедовтің айтуынша, әлеуметтік желіде аймақтағы мекемелер қажетті қызметкерлердің тізімін жариялайды. Ал, тұрғындар желіге өздері туралы мәлімет қалдырады. Осылайша, жобаның авторлары жұмыс іздеген жастарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге дәнекер болып, қоғамдағы жұмыссыздықтың азаюына үлесін қосуда. Жұмыссыздар үшін өте тиімді бастаманы көтерген жоғары оқу орынының студенттері: Ринат Бекмұхамедов, Темірлан Намазғалиев, Наурыз Суюндуков, Дінмұхаммед Шалабаевтар.
«Екінші курстың студенттері болсақ та, біз қал-қадірімізше жұмыссыздықпен күресуге өз үлесімізді қосқымыз келеді. Осы мақсатта әлеуметтік желіде жаңа бастаманы көтеріп, жастардың жұмысқа орналасуына көмектесіп жүрміз. Аз ғана уақыттың ішінде қол жеткізген жетістіктеріміз де жаман емес. 200 жұмыссыз тұрғынды тұрақты жұмысқа орналастырдық. Жобаны қолдаған жастардың саны күн санап артып келеді, оны бізге келіп жатқан түйіндемелердің көптігінен байқауға болады. Өңірдегі ірі мұнай компанияларымен байланыс орнаттық. Алдағы уақытта жасалар жұмысымыз көп, жеке сайт құруды қолға алдық. Осылайша, жұмыссыздар санын азайтуға күш салмақ ниеттеміз. Біздің жобадағы студент жігіттердің тегін жұмыс жасайтынын атап өткім келеді», - дейді Ринат Бекмұхамедов.
Бүгінгі таңда әлеуметтік желідегі «Жұмыс Ақтауда» қауымдастығына әр түрлі жас шамасындағы алты мыңнан астам адам тіркелген. Олардың арасында 200-ден астамы тұрақты жұмысқа орналасып, табыс табуда. Солардың бірі - қала тұрғыны Жанна Сағидуллақызы.
«Бір күні кешкісін ғаламтордан «Жұмыс Ақтауда» деп аталатын қауымдастықтың жұмысымен таныстым. Облыстағы басылымға журналист қажет екендігін көзім шалып, көрсетілген электронды поштаға түйіндемемді жолдадым. Келесі күні мені жұмысқа шақырды, әңгімелесуден кейін жұмысқа алатындарын айтты. Менің жұмысқа орналасуыма септігін тигізген бастаманы көтерген жастарға үлкен алғысымды білдіремін. Қазіргі таңда басылымда қосымша еңбек етіп, табыс тауып жүрмін», - дейді Ж. Сағидуллақызы.
Жоба жетекшілерінің айтуынша, күніне жұмыс іздеген 30-ға жуық тұрғын түйіндемелерін жолдайды. Ал, әр күн сайын әлеуметтік желі арқылы 10-ға жуық жаңа жұмыс орны хабарланып отырады.
Венера МИРЛАН