Жаңаөзендегі кәрізден шетінеген сәбидің денесі табылды

Жаңаөзенде жан түршіктірер оқиға болды. Жаңаөзеннің «Көктем» ауданындағы 20-үйдің  кәріз жүйесін тазалауға келген сантехник шетінеп кеткен сәбидің денесін тауып алды. Бұл туралы құқыққорғау органдары хабарлады. Құқық қорғау қызметкерлерінің айтуынша, сантехник құбырды тазарту үшін келген. - Үйдің тұрғындары бітеліп қалған құбырды тазалауға шақырды. Мұндай жағдай жиі кездесіп тұрады. Қоқыс лақтырады емес пе. Қарап тұрсам, ер балаға ұқсас адамның денесі, дене деуден бұрын эмбрион, кіп-кішкентай, тіпті 10 сантиметрден аспайды. Әрине, мен полиция шақырдым, - дейді кәріз тазалаушы. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы барып  үйдің пәтерлерін тексеріп шықты. Алдын ала болжамдар бойынша, сәби бес айлық болған. Полиция іске қатысы бар болуы мүмкін әрбір үйді тексеріп жатыр. ІІД  қызметкерлері  сот-медициналық сараптама нәтижесі баланың аборт жолымен емес, табиғи түсіктен болғандығын көрсетіп отыр дейді. Полициядағылардың сөзінше, мұндай жағдайда қылмыстық іс қозғалмайды.