Цезий-137-нің жоғалуына өндіруші зауыт кінәлі
2014 ж. 07 қазан
2154
0
Алдын ала техникалық тексерістің қорытындысы бойынша цезий-137-лі контейнердің жоғалуына дайындаушы зауыт кінәлі.
Бұл туралы Астанада өткен брифинг барысында ҚР Энергетика министрлігінің Атом және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті басшысының орынбасары Тимур ЖАНТИКИН мәлімдеді.
Оның айтуынша, зауыт қызметкерлері радиоактивті затты тасуға арналған көліктің тасымалға дайындығын дұрыс тексермеуінің салдарынан контейнер жоғалып кеткен. Контейнер автокөліктегі тіреулердің босап кетуінен түсіп қалған. Тимур Жантикиннің мәлімдеуінше, техникалық проблемалардан басқа радиоактивті затты тасымалдау барысында қауіпсіздік ережелері бұзылған.
Естеріңізге сала кетейік, ішінде цезий-137 сұйықтығы бар радиоактивті контейнер биылғы жылдың 27 тамызында Орал-Маңғыстау бағытында келе жатқан көліктен түсіп қалған болатын. Контейнерді Атырау облысына дейін 400-ге жуық құқық қорғау органының қызметкері 45-арнайы автокөлікпен іздеген еді. Жоғалған контейнер 12-ші күні ғана Қызылорда облысынан табылды.