Ақтауда индустриалды аймақ құрылады
2014 ж. 19 қыркүйек
1931
0
Ақтау қаласының шеткі шағын аудандарынан индустриалды аймақ құрылатын болады. Бұл туралы Ақтау қаласының әкімі Еділ Жаңбыршин Ақтауда өткен ІІ Бизнес форумда мәлімдеді.
Аталған жобаға 100 гектар жер бөлінбек. Индустриалды аймақта қандай кәсіпорындар болатыны белгісіз. Дегенмен, белгіленген жерде орналасатын кәсіпорындарға жұмыскерлер Қазақстан республикасының соның ішінде Маңғыстау облысының тұрғындары болады.
"Бізде «Морпорт Ақтау» Арнайы экономикалық аймағы бар. Бірақ ол жерде үлкен кәсіпорындар жұмыс істейді. Ал индустриалды аймақтағы кәсіпкерлер шағын және орта бизнес өкілдері бола алады. Қандай кәсіпорындар, салық мәселесі, инфраструктура, басқару мәселелері талқыланып жатыр. Қазір шамамен Ақтау қаласының шетінде орналасқан 34-35-ші шағын аудандарда орналасады деп болжап отырмыз. Жобаға шетелдік инвесторлар тартылуы мүмкін", - деді қала басшысы.
Қазіргі таңда жобаны ұйымдастыру жұмыстары басталып жатыр. Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының бұрынғы басшысы Бақыт Ұлықбанов Маңғыстау облысында 6 индустриалды аймақ салынатындығын мәлімдеген болатын. Ол аймақтарға 514 гектар жер бөлінетін болады.