Жоғалған цезий-137-ні «Казпромгеофизика» тасымалдаған

Маңғыстау облысында тамыздың 28-і күні жоғалған цезий-137 толтырылған контейнер әлі күнге дейін табылмады.  Қазіргі таңда контейнерді өндіріске ақтөбелік  «Казпромгеофизика» АҚ тасмалдағаны қыркүйектің 4-і күні журналистерге өткізілген брифинг барысында  белгілі болды. Қазіргі таңда контейнерді іздеуге 257 адам мен 45 техника тартылған. Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті контейнер табылғанша іздейтін боламыз деп отыр. "КамАз жүргізушісінің сөзіне сенсек, көліктің қайда жүргендігін анықтайтын заманауи GPS құрылғысымен қамтылған. Күзетші екеуі жүкті екі сағат сайын тексеріп отырған. Тек Сайөтес пен Шетпе жолының аралығында ғана контейнердің жоқ екендігі анықталғандықтан алдымен сол жер тексерілді. Бірақ біз контейнерді ол жерден таппадық. Қазір Бейнеу бағыты бойынша тексеріс жүргізіп жатырмыз.Контейнерді далада байқау оңай емес, сол себепті әрбір метрді тексеріп шығуға тура келеді. Іздеу жұмыстары далада ғана емес, адамдар тұратын жерлерде  де жүргізіліп жатыр", -дейді Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Қажымұқан Қосбаев. Радиоактивті контейнердің табылуына қиындық келтіріп тұрған себептердің бірі «Казпромгеофизика» АҚ контейнердің жоғалғандығы туралы екі күннен кейін ғана айтуы. Компания басшылығы  контейнерді өздері тауып алуға үміттенген. «Казпромгеофизика»- кәсіпорны геология, инжиниринг, геохимия, мұнай өндіру жоба жасаушыларына қызмет көрсетеді. Цезий-137  осы салаларда көбірек қолданылады. ТЖД  ақпараты бойынша жүк көлігі үш контейнер тасымалдап келе жатқан. БН-350 эксплуатациядан шығару департаментінің директоры Юрий Широбоковтың айтуынша, контейнерді ашқан жағдайда радиоактивті сәуле адам терісінің 80 пайызына өтіп кетеді. Ал оның адам ағзасына өту өтпеуі адамның контейнерді ашудағы қашықтығына тікелей байланысты. Контейнерді ашпаған жағдайда одан ешқандай қауіп төнбейді. Естеріңізге салсақ, полиция контейнерді жоғалтқан жүргізушіні «радиоактивті заттарды тасымалдаудағы ережелердің бұзылуы» бабаы бойынша қылмыстық іс қозғаған болатын. Аталған бап бойынша, 500-ден 1000 АЕК көлемінде айыппұл төлеуі не болмаса бір жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал егер адам өліміне әкелген жағдайда 7 жылға сотталуы мүмкін.