- Алик Серікұлы, сіздің Маңғыстауда әкім болғаныңызға 1,5 жыл уақыт болды. Ары қарайғы жұмысыңызда қандай мәселелерге ерекше мән бермексіз?
- Облыс нақты немен айналысуы керек деген сауалды басты назарда ұстайтын боламыз. Аймақтағы базалық маңызды сала ретінде мұнай-газ секторы қала береді. Қашағанның уақытынан кешігуі бәріміз үшін үлкен сын болды. Жоспарланған мұнай жетіспеушілігін игеріліп жатқан кеніштер есебінен толтыру керек деген міндет қойылды. Бірсыпыра кеніштер қойнауының тоза бастағанын ескере отырып, бұл тапсырманы орындау оңай болған жоқ. Бірақ, Маңғыстау оны орындады! Тіпті Маңғыстау облысы республикадағы өндірістік өнім өндіру көлемі жағынан жоспарды төрт пайызға асыра орындаған жалғыз аймақ болды. Себебі, аймақта мұнай-газ секторына ерекше көңіл бөлінеді. Солай болуы тиіс те.
Тағы бір айналысуға тиісті саламыз – мұнай-газ кластері болмақшы. Анықтап айтсам, мұнай жабдықтарын шығаратын кәсіпорындарды дамыту. Ол жүзеге асты деген сөз инжиринг, ғылыми орталықтар, шетелдік әрі жергілікті инженерлік-техникалық жұмыс күшін тарту, инфраструктура мен жанға жайлы тұрғын үйлер іске қосылды дегеніміз. Бұл орталық тек біздің аймаққа ғана емес, Атырауға, Ресей мен Әзірбайжанға қызмет етеді. Одан соң әрине көлік-логистикалық әлеуетімізді дамыту.Бұл жұмыс жүзеге асып жатыр. Бейнеу-Жезқазған теміржолы, Ақтау-Бейнеу тас жолы соның мысалы. Каспийдегі теңіз порттары - біздің облысымыздың басты артықшылығы. Ақтау, Баутинодан бөлек Құрыққа үмітіміз зор. Құрық порты жобасы іске қосылғанда ол жер қызметтік және сауда операцияларын жүзеге асыратын аса қуатты орталыққа айналады. Содан кейінгісі құрылыс индустриясы мен туризм саласы.
Тұрғын үйлер салу, Кендірлінің потенциалын толық пайдалануға жасалып жатқан қадамдар бар. «Самұрық-Қазына» инвестормен бірлесе отырып екі бес жұлдызды қонақ үй салу мәселесі қарастырылып жатыр. Ол жерге су тұщытатын зауыт салынатын болады. Бұл жоспар
2016-2017 жылдары жүзеге асады деген меже бар.
- Инвестиция тартуға тырысып жатырсыз. Тони Блэр ассоциациясының облыстың әлеуеті мен болашақ қадамына жоспар құруға көмектеседі деген үмітпен тартылғанын білеміз. Ол облысқа не береді және қаншалықты керек? Мәселен, Ұлыбританияның экс-премьерінің көрсеткен қызметі үшін сұрайтын ақысы аз дүние емес. Одан аймаққа қандай пайда бар?
- Инвестиция тек жалаң ұран емес. Оның соңғы шарықтау нүктесі - жаңа жұмыс орындарының ашылуы болады. Аймақта инвестиция қажет сала жеткілікті. Ол үшін инвесторға салған қаржысын қалай қайтара алатынын түсіндіріп бере алуымыз керек. Осы орайда біздегі маман тапшылығын мойындауымыз керек. Аймаққа инвестицияны қалай тарту керек? Тони Блэр командасымен осы мәселе талқыланды. Шетелге ұсынатын нақты жоба болуы керек. Себебі, ақшасын салуға тиісті инвестор алдымен неге Ресейді немесе Қытайды емес Қазақстанды, соның ішінде Маңғыстауды таңдауы тиістігін түсінуі керек. Елдегі саяси тұрақтылықтан бастап Қазақстанның алдындағы міндеттерін түсіндіре, сендіре алуымыз керек.
- Сендіре алатыныңызға сенімдісіз бе?
- Дөп баса алмаймын, бірақ жасауға тиісті жұмысымды жасап жатырмын. Әрине, мені ешкім «бар да инвестор тауып алып кел» деп желкелеп отырған жоқ. Бірақ, осыдан басқа инвесторларды елге тартудың жолы да жоқ.
- Қайда бармақшысыз? Сапар бағыты анықталды ма? Ол жобаны өзіңіз таныстырмақшысыз ба?
- Ия, өзім таныстырамын. Оңтүстік Кореяны көздеп отырмыз. Қалғандары қаралып жатыр.
- Маман туралы әңгіме қозғалды. Әкім ретінде аппаратыңыздың тиімділігін қалай бағалай аласыз? Мәселен, мемлекеттік қызметкерлер жарты жылдан асты менеджементті оқып жатыр. Қандай нәтиже бар?
- Бәрі де салыстырмалы түрде. Институт бітіргеніне екі күн болған маманнан қандай тиімділігі бар деп сұраудың жөні бар ма? Сол секілді. Бірақ, бұл оқудың нәтижесі алда. Қазір біздің мемлекеттік қызметкерлер, менің орынбасарларым тек бюджеттің орындалуына бақылау жасаумен емес, нақты жоба жасаумен, оны жүзеге асырумен айналысады. Мәселен, Жетібай, Жаңаөзенде
5 мың жасты жұмыспен қамту жобасын қалай құруға және қалай жүзеге асыруға болады деген сауалға жауап іздеп, жоба құрып жатқан топ бар. Оны кезегінде жарыққа шығарамыз.
Мен кейде байқаймын, сіз біреулердің артықшылығын іздейсіз, тіпті қай облыстың әкімі артық дегенді іздейтін сияқтысыз. Түптеп келгенде ешкім ешкімнен артық емес, тек бір аздаған өзгешелік болмаса. Біз бәріміз бір Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз. Оны ұмытпауымыз керек.
- Саясат, билік өндіріспен салыстырғанда бөлек әлем дегенге келісетін шығарсыз. Әдетте әкімдердің өз ақпарат көздері болады. Сіз жұмыс барысында ақпараттың қай көзіне көбірек сенім артасыз? Кімнің реакциясы Сіздің әрекетіңізде маңызды саналады?
- Мен ешкімнің реакциясына артықшылық білдірмеймін. Ақпарат әр түрлі көздерден түседі. Кей ақпараттар маған ешкім айтпаса да белгілі. Себебі, күнде елмен араласып жүріп көзім шалған мәселелерге орай түйіндеген ойларым бар. Ал, шешім қабылдау үшін алдымен өз көзімді жеткізуім керек. Содан соң тапсырма беріледі.
- Еңбек наразылықтары аймақтың тиісті ерекшелігі секілді болып кетті. Оның артында не тұруы мүмкін: Жаңаөзеннің салқыны ма, биліктің халықпен ортақ тіл таба алмауы ма? Оны жою үшін не істемексіз?
- Наразылықтар болды, болып жатыр және бола береді де. Жалдамалы жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы келіспеушілік ешқашан жойылмайды. Еңбегін сататыны да, пайда табатыны да жақсы табыс тапқысы келеді. Себеп - сол ғана. Сондықтан, наразылықты жойып тастаймын деп айта алмаймын. Бірақ, шындығына келгенде ол наразылықтардың бәріне жергілікті билік тікелей араласып келеді. Ашығын айтқанда, қай тарапта да келісімге келе білу мәдениеті жетпейді.
Жергілікті биліктің араласуымен бірсыпыра еңбек дауы қалай және қайтіп шешімін тапқаны көз алдарыңызда. Айта кету керек, көп жағдайда жұмыс беруші жұмысшының еңбек құқының сақталуына, кәсіподақтар арқылы ортақ шешімге келуге тырыспайды. Сәуір айында ғана «Маңғыстаумұнайгаздың» мердігері «Techno Trading» компаниясы жұмысшыларының жұмысты тоқтатып, жалақыны көтеру туралы талабы есіңізде ме? Орынды ма? Орынды, әрине. Егер билік араласып, ортақ шешім табылмаса оның бәрі одан да ұзақ мерзімді кикілжіңге айналар еді.
- Жаңөзенде бір топ әйел жұмыс сұрап қала әкімдігі мен «Нұр Отанның» ортасында сенделіп жүр. «Жөндеу» және «Круз» мекемелерінде ашылған жұмыс орындары ел арасында дау тудырды. Жаңаөзенді буып тұрған жұмыссыздықты азайту үшін не істеу керек?
- Жаңаөзеннің кешенді дамуы туралы
2020 жылға дейінгі негізделген бағдарлама төрт жылдан бері жүзеге асып келеді. Әрине, қалада жұмыспен қамту проблемасы өткір тұр. Өкінішке орай, бәрін бірдей мұнай саласына орналастыру мүмкін емес. Бірақ, қалада басқа ашылып жатқан ірілі-уақты жұмыс көздері бар ғой. Егер ұсынған жұмысты жасағысы келмесе, «жұмыс жасамаса да күн көретіндей халі бар» деп ұғынуға тура келеді. Карьерлерге, жүргізушілікке, қоғамдық жұмыстарға орын ұсынылса оған барудан бас тартады.
Жерігілікті әкімдік елмен жиі түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Осы орайда бір жағдайды айтқым келеді. Облыста салынған кез-келген жаңа кәсіпорында ашылған жұмыс орындарында «әкімнің квотасы» деген бастаманы енгіздік. Осыған сәйкес «Каспий битум» зауыты іске қосылғанда сегіз адамды жұмысқа алуды талап еткен едік. Соның екеуі себепсіз жұмыстан бас тартып кетіп қалған. Ойлары - мұнай компаниясына орналасу. Мұны қалай түсінуге болады? Зауыттан артық қандай тұрақты жұмыс болуы мүмкін?
«Круз» бен «Жөндеудегі» жағдайды білемін. Олар
180 жұмыс орынына адам қабылдайтындарын жария етті. Келісім бойынша жартысын жергілікті жұмыссыздардан әкімдіктің ұсынысы бойынша, ал жартысын компания өз тізімі бойынша алуы керек еді. Оған жұмыс беруші ретінде құқы бар. Жұмыс сұрап отырған әйелдердің талабы орынды. Олардың проблемасын шешумен Жаңаөзен қаласы әкімдігі айналысып жатыр. Талаптары жерде қалмайтынына сенімдімін, себебі - олар біз үшін ең алдымен - ана.
- Жаңаөзендегі қордың жұмысынан хабарыңыз бар ма?
- Ол қор менің ұсынысыммен құрылған еді. Мақсат - әлеуметтік қолдау көрсету. Қордың қамқоршылық кеңесіне аймақтың белгілі азаматтары кіріп, ондағы қаражатты кеңестің шешіміне сай бөліп отыр. Оған біздің араласымыз жоқ. Бірақ, бірнеше ай болды сол азаматтардың өзі ол қорда жұмыс жасағысы келмейді. Себебі - «несиемді жап, ақша бер» деген талаптар көп. Бұл қор ондай мәселені шешу үшін емес, әлеуметтік мәселелерді шешу үшін құрылған. Ол барлық маңғыстаулықтарға ортақ қор. Өкінішке орай, ондағы жинақталған ақша әзірге қолданылмай отыр. Себебі - ортақ түсінік, ауызбіршілік жоқ.
- Газды өзі өндіретін аймақта неге жиі шу шығады? Мұнайлы облыстың бензиннен де тапшылық көруі оғаш көрінеді екен.
- Білесіз бе, газ арзан болған соң оған қызығушылық көп. Егер оның бағасы Ресеймен немесе шетелдегілермен бірдей болса басқа жаққа тасудың мәні болмас еді. Сондықтан бақылау әлсірегенде ортадағы баға айырмашылығын жеке мүддесіне пайдалануға тырысатын кәсіпкер де, оны қолдайтын қандай бір құрылым да өз әрекетін жүзеге асырады. Ия, мойындау керек, біз жағдайды қолдан жіберіп алдық. Газды арзан бағамен алып, басқа жаққа сатып пайда көргендер жазасын тартты. Аймақтағы аса маңызды әлеуметтік мәселеге бақылауды босаңсытқаны үшін кәсіпкерлік және сауда басқармасы бастығы қызметінен кетті. Дәл осындай талапты монополияға қарсы комитетке де қойдық. Бұл басқаларға да сабақ болуы тиіс. Ал, бензинмен Қазақстан өзін-өзі толық қамтамасыз ете алмайды. Ол тек елдегі мұнай өңдеуші зауыттар модернизациясы аяқталған соң іске асатын дүние. Сондықтан, Ресейден тасылады. Бензин бағасы біздің кәсіпкерлердің мүддесін ойлай отырып көтеріліп отыр, қымбат бағамен алған тауарды арзанға сата алмайды ғой.
- «Маңғыстау облысының малдары азықсыз қалды» деп дабыл қағады шаруа қожалығы барлар да, бір-екі бас тұяқ ұстайтындар да редакциямызға қоңырау шалып. Ауыл шаруашылығының облыстағы басқармасынан бастап, аудандардағы бөлімдеріне дейін айтар жауаптары жоқ.
- Оны білеміз. Биыл өзі облыста ауа-райы құрғақ болды, жаңбыр мүлде болмады. «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік орталығы арқылы бюджеттен ақша алып, қосымша жем-шөп дайындаудың қамына кірістік. Бұл мәселе туралы премьер-министрге арнайы хат жаздым. Комиссия құрылып, оған қатысқан ауыл шаруашылығы министрлігі өкілі жағдайдың ауырлығын нақтылап кетті. Қазір «Сенек» тәрізді ірі қожалықтарға жем-шөп түсіп жатыр. Солар арқылы басқа аз ғана мал басын ұстағандар да мал қорегін ала алады.
- Ақтау қаласының жайы елді алаңдатып отыр. Ел арасында қала ауылға айналып барады деген пікірлер естіледі. 300 млн. теңге бөлінген жасыл желектің қурап, қаланың бей-берекет қазылған тұрбалардың астында жатқаны, малдың көше кезіп, қыдырыстайтыны мен ыстық судың жоқтығы да жиі көтерілетін мәселе.
- «Ақтау ауылға айналды» деген әңгімемен келіспеймін. Оны тіпті жоққа шығарамын. Жасыл желектерді бұрын кім суаруы тиіс деген мәселе қаралса, қазір оған бас-көз болатын қожайыны бар. Қажет болса жасыл желекті бас ұрып санап шығуларына да болады. Ақтау күн сайын көркейіп келеді. Қаланы көркейтуде атқарылған жұмыстар аз емес. Ол үлкен аглемерацияға айналады болашақта. Бүгінде Каспий жағасы халықтың сүйікті демалыс орынына айналып отыр. Оны дамыту жоспарлары бар. Ақтаудың болашағы алда. Ал, су мәселесіне келер болсақ ол аймақта бұрыннан өткір тұрған жайт. Бүгінде Мұнайлыға берілетін су көзінің
5 мың тоннаға артқанын білетін боларсыз. Әр саланың өзінің нақты жоспары бар.
- 5 мың тонна суды тәулігіне беретін он жылдан соң іске қосылған су тұщытатын зауыт қой. Сіз бұған дейін аймаққа қажетті су тапшылығы 40 пайызды құрайтынын айттыңыз. Ендеше неге 40 мың тонна берілмейді?
- Бұл тек бастамасы ғана. Әрі оған өз күшімізбен қол жеткіздік. Премьер-министр қатысқан таныстырымда кейін тағы бір фильтр қою арқылы қуатын
8 мыңға көтеретінімізді айттық. Қазір жобалық-сметалық құжаттар жасалып жатыр. Сол дайын болғанда су тұщыту қуаты
20 мың тоннаға жетеді. «Ақ бұлақ» бағдарламасынан көмек күтіп отырмыз. Егер ештеңе жасалмаса су тапшылығы
2020 жылы
70 пайызға жеткен болар еді.
- Ақшұқырда шаруашылыққа қолдануға қажетті құны 282 млн. теңге тұратын мемлекет қаржысына салынған 8 су ұңғымасы салынғанымен пайдаланылмай отыр. Соның салдарынан онсыз да су мұнайдан қымбат өлкеде ақшұқырлықтар ауыз суды шаруашылықтарына қолдануға мәжбүр. Одан хабарыңыз бар ма?
- Әрине, білемін. Бірақ, ол да өз деңгейіне жетпеген күйі қалып қойды. Мен бұл сауалдың ақ-қарасын анықтап алып, кейін жауап берейін.
- Облыста салынбай қалған әлеуметтік жобалар туралы бұрынғы сұхбаттарда да сұраған едік. Ел үшін маңызды сол нысандардың жай-жапсарын осы жолы да білгіміз келеді. Онкологиялық аурухана, Ана мен бала орталығы, Ақтау сити жобалары қашан іске қосылады?
- Ана мен бала орталығының құрылысы биыл басталады. Онкологиялық аурухананы оңтайландырудан нәтиже шыққан жоқ. Оның жобалық-сметалық құжаттары қазір жасалып жатыр. Бірақ, оған республикадан ақша сұрамаймыз, себебі уақытында тапсырмаған соң, енді оны өз күшімізбен шешуіміз керек. Ақтау ситидің үйлерінің жобадағы қателіктер жойылып, үйді қауіпсіздігіне қатысты реттелген жұмыстардан соң бағасы өзгеріп кетті. Енді ол «Қолжетімді баспаналар» легіне кіре алмайды. Онда кезекте тұрғандардың
70 пайызы баспана мәселесін шешті, ал
30 пайызы Аққу-
2жобасын күтетін болады. Ал, Ақтау сити үйлері қымбаттайды дегенімізбен пайдалануға беретін уақытта оның бағасы да қол жетімді саналады. Шаршы метрі -
134мың теңгеден.
- Жолаушылар жалпы ұзындығы 300 шақырымдық Бейнеу-Шетпе тасжолындағы «Нияз –Мұхаммед» ЖШС (бас директоры Берген НҰРОВ) салуға тиісті 60 шақырымының былтырғыдан өзгерген ештеңесі жоқтығын айтады. Оның биыл салынатын түрі бар ма?
- Расында «Нияз-Мұхаммед» тағы графиктен қалып отыр. Жалпы бұл кәсіпкер Жаңаөзеннің перзентханасын салуда да «белгілі». Құрылыстың қашан және қалай аяқталғаны елдің көз алдында. Әрине, қатал талап қоюға да болар еді. Бірақ, жаңа тендер өткізіп, басқа мердігер іздеуге талай уақыт керек. Бізге маңыздысы - жолдың аяқталуы. Cондықтан, Көлік және коммуникация министрлігі бөлген қаражаттың орынды жұмсалуы мен жолдың салынып бітуі басты назарда болады. Ал жолдың қалған бөлігі көз қуантады. Тек «бір құмалақтың бір қарын майды шірітіп» отырғаны болмаса.
- Алик Серікұлы, Сіз әкім болғалы екі жылға жуықтаса да «басқа жаққа кететін көрінеді немесе мұнайын сағынып жүр екен» деген қауесеттер жойылған жоқ. Не айтасыз?
- Біреуді сөз жүзінде кетіру немесе келтіру әдетіміз болып кетті. Менің ойымша, мұндай әңгімені бос уақыты көп адам ғана айта алады. Менің айтарым маған жауапты да маңызды міндет жүктеліп отыр. Маңғыстаудың маған қандай ыстық екенін айтудан жалықпаймын. Албырт кезеңдегі жаңа басталған еңбек жолы, алғашқы сабақтар, карьера баспалдақтары, осының бәрі осы киелі өлкемен байланысты. Билікке келіп өндірістен алшақтап кеттім деген әңгіме жоқ. Маған осы аймақтың тұрғындары-мұнайшылардың талабы да, жан айқайы да етене таныс. Себебі - мен олармен бірге жүрдім, жұмыстас болдым. Олардың басынан кешірген қиындықтары көз алдымда. Сондықтан, өзгерген ештеңе жоқ.
- Өз жұмысыңызды қандай критерийлермен бағалайсыз? Қатеңізді мойындай аласыз ба?
- Әрине. Қателерім жоқ деуден аулақпын. Газ бағасының тұрақсыздығы сөз жоқ алдымен менің қатем. Кейбір ауылдарға судың жетіспей жатқаны, жаңағы сіз айтқан қолданылмай тұрған су скважиналары қате ме? Қате. Салыстырмалы түрде қарасақ шешіліп жатқан мәселе де жетерлік. Мұнай компаниялары маңғыстаулықтардан ет өнімдерін сатып ала бастады, Ақтаудағы тұрғын үй құрылысына жан бітті, жерлер мемлекет иелігіне қайтарылып, оған үлкен жобалар жасалып жатыр. Оны да ескеру керек сияқты.
- Арманыңыз бар ма?
- Бұл қызметте маған үлкен мүмкіндіктер беріліп отыр. Маслоу пирамидасындағыдай ең үлкен шың - адамның өз бетінше жетістікке жетуі. Мен өзім туралы өндірісте табысқа жете алдым деп ойлаймын. Егер мені президентіміз осы қызметке жіберсе, ендеше осы кезеңдегі білімім, тәжірибем қажет болғаны деп санаймын. Сондықтан, арманым орындалды деуіме де болар. Бірақ, мен жалған қиялға бой алдырмаймын. Ертең бұл қызметтен кеткенімде жасаған шаруаларымды түкке татығысыз қылатындар да болуы мүмкін. Оны есту, сезіну жағымсыз әсер қалдырады әрине. Бірақ, мен ондай бағалау үшін өзіне-өзі қару кезейтіндер қатарынан емеспін. Кей адамдар маған «Әлеке, сіз үлкен бір ғимарат салып, тарихта қалуыңыз керек» дейді. Мен оған ұмтылмаймын да.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Сәния ТОЙКЕН
Алынған дереккөзі:
"Не хабар?!" газеті, №32-33 (45) 3 қыркүйек 2014 жыл.