"Ұлт мүддесі өз мүддесінен биік": "Атажұрт жастары" Қазыбек Исаны туған күнімен құттықтады

 

Бүгін қазақтың ұлтшыл да ұлағатты ұлдарының бірі, ақын, "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары, "Қазақ үні" газетінің президенті Қазыбек Жарылқасынұлы Иса ағамыздың туған күні.

Алладан Қазыбек ағамызға мықты денсаулық тілеп, ұлт мүддесі жолындағы істеп жатқан қызметтері сəтті де, нəтижелі болып, елінің алдында мəртебесі бұдан да биік бола берсін дейміз!

  Қазыбек ағамен алғаш 2017 жылдың мамыр айында кездесіп, жақын таныстым. "Ұлтты қасірет біріктіреді"  демекші, өздеріңізге белгілі 2017 жылы басталған Қытай үкіметінің қандастарымызға жасаған зұлымдығы барша қазақты біріктірді.  Бар қазақ ондағы қандастарға араша түсіп, əркім өз əлінше еңбек етті. Біз де қандастарымыздың басына түскен осы зұлымдықты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне жеткізу үшін ең алғаш 2017 жылдың 10 мамырында жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Совет-Хан Ғаббасов ағамыз екеуміз Астанаға тарттық. Сол жолда ұшақта маңдайы жарқыраған Қазыбек ағамен таныстым. Астанаға бара жатқан бұйымтайымызды естіген ұлтшыл ағамыз, бірден бізді "Ақ жол" партиясының жиналысына шақырды. Аллаға шүкір, Совет-Хан ағамыздың арқасында мен ҚР Сыртқы істер министрілігінде болып, қандастардың мəселесін жеткіздік. Оның ертесі Қазыбек ағамыздың шақыруымен "Ақ жол" партиясының жиналысына қатыстық.  Ол жиналыста да қандастар мəселесін көтеруге осы асыл Қазыбек ағамыз мұрындық болып еді.

"Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын" дегендей, Қазыбек аға талай жылдан бері қандастар мəселесін бір сəтке үзбей жазып та, айтып та келеді. Тіпті өткен жылы Бейжіңге де барып, Азат Перуашев ағамыз екеуі Қытай басшысына Шыңжаңдағы қазақтарға араша сұрап, хат та тапсырып келді. Осындай ұлт мүддесін өз мүддесінен биік қойған Қазыбек ағамызға барша Қандастар атынан үлкен рахмет айтамыз. Ғұмырына саулық, отбасына амандық тілейміз.

"Атажұрт жастары" атынан, Қыдырәлі  Оразұлы