ТЕКТІНІҢ ТҰЯҒЫ
2019 ж. 12 сәуір
21181
1
ШАРДАРА АУДАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ БЕКАЙДАР СМАЙЫЛОВ 70 ЖАСТА
ҚҰТТЫҚТАУ!
МЕРЕЙТОЙ МЕРЕЙЛІ БОЛСЫН!
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ, ШАРДАРА АУДАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ
БЕКАЙДАР СМАДИЯРҰЛЫНА
Ел ағасы, қадірлі қажы Бекайдар Смадиярұлы!
Сізді жетістігі мол 70 жасқа толуыңызбен құттықтаймыз! Денсаулығыңыз зор болып, шаңырағыңызда шат-мерекеңізбен бақ-мерекеңіз мол болуына тілектеспіз!
Сіз ұлағатты ұстаздық пен ауыл шаруашылығының маманы болып, елге еселі еңбек еттіңіз. Қайда жүрсеңіз де, қай қызметте істесеңіз де, құрмет пен алғысқа бөленіп жүрген абыройлы Ел ағасысыз! Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, сүйікті немерелер сүйіп отырған ардақты атасыз.
Тектінің тұяғы, мұсылмандық парызын атқарып келген қадірлі қажы атанып, мерейлі 70 жасқа толып отырсыз.
Тектінің тұяғы деуіміз де тегін емес. Әйгілі Майлықожа ақын батыр бабаларыңызды «Жұмабектің баласы жеті арыстан» деп жырлап, олардың ерлігін дүйім жұртқа паш еткені елге белгілі.
Сіздің қасиетті қажылық парызды өтеп келіп, жетім-жесірге қайырымдылығыңыз да осы – тектіліктің белгісі.
Қызылқұм ауылының биі, Қызылқұм ауыл-ақсақалдар кеңесінің төрағасы болып көп жылдар еңбек еткеніңіз де көпке үлгі. Шардара ауданының құрметті азаматысыз. Сонымен қатар, ҚР Президенті - Елбасымыздың Алғыс хаттарымен, Қазақстан діни басқармасының «Құрметті Қажы» алтын медалімен, «Ақ жол» партиясының «Қазақ хандығының 550 жылдығы» күміс медалімен марапатталуыңыз да жемісті еңбектеріңіздің жетістігі деп білеміз.
Сізді мерейлі мерейтойыңызбен құттықтай отырып, Алла жар болсын, алдыңыздан әрдайым Ақ жол ашылсын деп ақ тілегімізді білдіреміз.
Құрметпен, Азат ПЕРУАШЕВ, "Ақ жол" партиясы төрағасы,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
18 сәуір 2019 жылТЕКТІНІҢ ТҰЯҒЫ
Бекайдар Смадиярұлы қазіргі Түркістан облысы Шардара ауданы Шардара ауыл округінде 1949 жылы 10-ақпанда дүниеге келген. Осындағы «Шоқан Уәлиханов» атындағы орта мектепті 1966 жылы бітіріп, екі жыл туған жерінде ауыл шаруашылығы саласында еңбек етті. 1968 жылы Өзбекстандағы Сырдария мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түсіп, «қазақ тілі және әдебиеті» мамандығы бойынша 1972 жылы бітіріп шықты. Жас маман сол жылы Шардара ауданы «Қазақстан» атындағы орта мектепке мұғалім болып қабылданады. Бір жылдың ішінде жас маман өзінің біліктілігімен көзге түсіп, 1973 жылы оқу ісінің меңгерушісі лауазымына көтеріледі. 1974-75 жылдары, азаматтық әскери борышын өтеп келеді. 1976-83 жылдары Шардара ауданында жаңадан ашылған «Қызылқұм» күріш совхозында бригадир, гидротехник, орталық қойма меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1984-1988 жылдар аралығында құрылыста, 1989 жылдан 2012 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін аудандық Тұтынушылар одағында қызмет етті. Бекайдар Смадиярұлы қайда жүрсе де, қай қызметте істесе де, құрмет пен алғысқа бөленіп келген азамат. Жұбайы 37 жыл бойы ұстаз болған Жанат Әжіқабылқызы екеуі ұлын ұяға, қызын қияға қондырған аяулы ата-аналар. Ұл-қыздары Бауыржан, Раушан, Майра жоғары білімді мамандар, еліне еңбек етіп, өздері де ұрпақтарын өсіріп-тәрбиелеп жатыр. Тектінің тұяғы, мұсылмандық парызын атқарып келген Смайылов Бекайдар қажы мерейлі 70 жасқа толып отыр. Тектінің тұяғы деуіміздің де өзіндік себебі бар. Мен Бекайдар ініміздің әкесін көріп, тұздас-дәмдес болдым. Бекайдардың әкесі нағыз бек, нағыз жомарт, қолы ашық қайырымы мол азамат еді. Сөзі мен дініне берік, бес уақыт намазын үзбейтін. Смадияр ағамыздың әкесі Смайыл болыс болған кісі, есімі тарихқа енген. Ал Смайыл болыстың әкесі Жұмабек әулие кісі болған деседі. Жұмабектің жеті баласы болыпты. Жетеуін ел жеті арыстанға теңепті. Әйгілі Майлықожа ақын "Жұмабектің баласы жеті арыстан" деп жырлап, олардың ерлігін дүйім жұртқа паш етіпті. Оған: «Баласы Жұмабектің жеті арыстан, Даңқыңнан жауы қайтқан бет алысқан. Ауылды, елді, жерді қорғап жүріп, Шақырып жекпе-жекке жеке алысқан», – деген жыр жолдары куә. Жұмабек атаның 7 арыстанының барлығынан да ұрпақ бар. Ал Смайыл болыстың үш баласын көзім көрді. Смайылдың үлкен баласы Тойшыбек. Кезінде «Еңбек қызыл ту» орденін таққан ферма меңгерушісі болған кісі. Бойы 2 метрге жуық, денелі, сұсты болатын. Оның баласы Әл-Айдар Смайылов «Сүткент» қой совхозының соңғы директоры, қазір зейнеткер. Ортаншысы – Бекайдардың әкесі Смадияр аға, бұл кісі де Қажымұқан секілді алыптың бірі еді. Үшіншісі – кенже ұлы Мамадияр, оны жұрт «Мама шабандоз» деп кеткен. Бойы 2 метр 40 сантиметр бар еді. Бір күні осы ағайынды үшеуі Қызылқұмның базарына барған екен. Ол кезде Кировте гректер көп болатын. Гректер ағайынды үш дәуді көріп, таңданып, жан-жағына айқалап: «О, адамдар, бері келіңдер, мына базарда басқа планетаның адамдары жүр, көріңдер!», –деп, соңынан еріп, тамашалағанын жұрт әңгіме, аңыз етіп айтып жүріпті. Мен осы ағалар туралы «Қара шаңырақ» атты кітабыма жыр да жазғаным бар. Бекайдарды тектінің тұяғы деуімнің бір себебі осы. Бекайдар қажының мұсылмандық бес парызын түгелдеп, намаз оқып, ораза ұстауы, жетім-жесірге қайырымдылығы да – тектіліктің белгісі. Қызылқұм ауылындағы клубтың бір бұрышын мешіт етіп аштырғаны, оған дауысты күшейткіш аппарат орнатқызғаны, Қызылқұм ауылының биі болғаны, Қызылқұм ауыл-ақсақалдар кеңесінің төрағасы болып көп жылдар еңбек еткені де көпке үлгі. Бекайдар – Шардара ауданының құрметті азаматы. Сонымен қатар, ҚР Президентінің Алғыс хаттарымен, Қазақстан діни басқармасының «Құрметті Қажы» алтын медалімен, «Ақ жол» партиясының «Қазақ хандығының 550 жылдығы» күміс медалімен марапатталған. 70 жасқа толыпсың осы күнде, Жақсы білем, ырысың, несібің де. Ұл-қыздарды оқытып маман еттің, Әрбірі жүр өзінің кәсібінде. 70 жаста «Алтын той» өткізгенің, Жеткізгені мақсатқа әсілің де. Қатарыңның алды боп жүргендігің, Тартқандығың шығар да нәсіліңе. Болмаса да алтының ат басындай, Салған үйің хандардың қақпасындай. Текті атаның тұяғы алтынмен тең, Алтын қалай нәсілге тартпасын-ай? Оңтүстікке танымал атың Беке! Мақтаса жұрт өзіңді мақтасын-ай! Алтын тойың құтты боп Бекайдарым, Тілден, көзден Құдайым сақтасын-ай! Ақын аға тілегі қабыл болып, Құт-береке дарысын отбасыңа-ай! Әмин!Ізгі тілекпен ағаң , Құрбанбек ШАМЕТҰЛЫ
БИ АҒА
Өткен күннің лебі бар өткір үнмен, Сөз сөйлесең көргенің көп білінген, Шайырлармен жүргенде шалқып-тасып, Ебі желі соғатын екпініңнен! Көрінсең де кезінде күнде дара, Еңселісің елменен бірге ғана! Тәш-пүшінен татырған тірлікте бұл, Тәспісінен жаңылмай жүрген аға! Алдыңыз ғой алғысын сан ағаның, Мекке барып, қағбаны жағаладың. «Жұмабектің баласы –жеті арыстан» Майлы ақыннан бата алған бабаларың. Болыс бабаң сара жол салған еді, Смадияр атамыз саңлақ еді. Билік айтып бүгінде біраз елге Енді атандың Еңбектің ардагері! Талай асу асырар сіздегі екпін! Ізгілікті әрдайым іздеп өткін. Мерейтойың мерейлі - бізге ерек күн! Ағамызды бір Алла қолдай берсін, Жарқын күйде жүзіңіз Жүзге жеткін! Қазыбек ИСА qazaquni.kz