Жүзіңмен жарқын жүзге кел!

85 жас

Атақты Смайыл болысқа келін болып, Смадиярдай ел ағасына асыл жар бола білген аяулы ана, әзиз әже Қарақас апамыз сексен бестің сеңгіріне шығып отыр екен. Мен 2000 жылдары біраз уақыт елде қайраткер қария Смадиярмен бірге Қоңырат Байлар-Жандардың шежіре кітабын жазып жаттым. Сонда Смадияр ақсақалдың үйі өз үйімдей болып кетті. Сырдың соңғы болысы Смайылға құтты келін болып, құрақ ұшып қызмет еткен жанның қазақтың нағыз абзал анасы екеніне көзім жетті. Үйінен қонақ арылмайтын Смадияр ақсақалдың өзінің көңілін табудың өзі де оңай шаруа емес екені анық. Жүзінен мейірімі кетпейтін апамыз қыстың қақаған суығын шуақты пейілімен жылытып жүрді. Смадияр ақсақал Шардарадағы Абат ата кесенесінің қазығын қағып, керегесін көтергенмен, республика көлемінде тойланған ашылуына жете алмады. Бірақ екеуміз бірлесіп жазған «Қоңырат. Байлар-Жандардың Көшік Атасы» кітабын көріп, кеудесіне басып кетті... Құт қонған шаңырақтың жеті баласы жетіліп, ұлдары ұяға, қыздары қияға қонып, әрқайсысы бүгінде елге елеулі азаматтар. Балаларының шешімімен аналары Қарақас апамыздың мерейтойы аталып өтілуіне алыста жүрген біз де шексіз қуаныштымыз. Әулеттің әні, сәні сіз, Өнеге болған өмірі. Смадиярдың асыл жарысыз, Смайыл болыс келіні. Пейілің дархан даладай, Сексен бес жас қой ізгі ерен. Мейірім тұнған жүзбенен, Кеселге ешбір қарамай, Жүзіңмен жарқын Жүзге кел!

Ізгі ниетпен, Қазыбек Иса